Ұлттық бірыңғай тестілеу түлектер үшін бәрінен маңызды. Соңғы жылдары аудан түлектері де ҰБТ-дан жоғары балл жинап, ЖОО-да мемлекеттік грантпен қалаған мамандығын игеріп келеді. Әрине, бұл – ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі. Биыл ауданда 420 түлек алтын ұямен қоштасты, оның 395-і ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл 82,7-ні құрап отыр.
Талапкерлер ұлттық бірыңғай тестілеуде жылдағыдай 5 пән бойынша тест тапсырған. Оның 3-еуі – негізгі пән, яғни оқу сауаттылығы, математика сауаттылығы және Қазақстан тарихы. Мұнан бөлек екеуі – бейінді пән. Бұл талапкердің келешекте оқитын мамандығына тікелей қатысты. Мәселен, медицина мамандығын таңдаған талапкерлер биология-химия пәні бойынша тест тапсырған. Ал инженерлік мамандық таңдаған түлектер математика-физика пәнінен тестілеуден өткен.
Айта кетейік, биыл ҰБТ-да сұрақтардың санына байланысты өзгеріс болған. Оқу сауаттылығы мен математика сауаттылығы бойынша бұған дейін 15 сұрақ болса, биыл ол 10 сұраққа дейін қысқарған. Есесіне бейінді пәндердің сұрақ саны 35-тен 40-қа көбейіп, 50 баллды құраған. Жалпы сұрақтың саны – 120. Ал максималды балл – 140. Берілген балл сұрақ санына қарағанда көп, себебі бейінді пәннің соңғы 10 сұрағы 2 баллдық.
Талапкерлер бұрынғы қағаз форматындағыдай 1 рет қана емес, биыл 5 рет ҰТБ тапсыру мүмкіндігіне ие болған. 15 қаңтар мен 10 ақпан аралығында алғашқы қаңтар ҰБТ-сы өтті. Оған республика бойынша 136 мыңға жуық талапкер қатысты. Ал аудан бойынша 401 түлек бақ сынаған. Бұл тестілеуде ең жоғары баллға Т.Жүргенов ауылындағы №117 орта мектептің түлегі Ақнұр Қоңтай ие болды. Ол 124 балл жинаған. Ал ең төменгі баллды Бұқарбай батыр ауылына қарасты №33 орта мектептің түлегі алған.
Еске салайық, осыдан 3 жыл бұрын министрлік тарапынан өте маңызды шешім қабылданған болатын. Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға құрдастарымен бірдей ҰБТ тапсыру мүмкіндігі қарастырылды. Осы ретте соңғы жылдары ҰБТ-ны тапсырып жатқан ерекше талапкерлердің қатары үш есеге артты.
Қаңтар, наурыз, тамыз айларында тапсырған ҰБТ сертификаттары тек жоғары оқу орындарындағы ақылы оқу бөліміне ғана жарамды. Ал мамыр мен маусым айларында өткен тестілеу қорытындысы мемлекеттік грант конкурсына қатысуға жарайды. Мамыр айындағы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданда 3 талапкер 132 балл жинаған. Олар – Темірбек Жүргенов ауылындағы №117 орта мектеп түлегі Ақнұр Қоңтай, Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің түлегі Даниял Русланұлы мен Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің түлегі Айнабек Алмассұлтан. Ал ең төменгі балл – 39.
– Таңдау пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті. Кішкентай кезімнен осы пәндер бойынша олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орын иелендім. Былтырдан бастап ұстаздарыммен бірге ҰБТ-ға қызу дайындықты бастап кеттім. Мектеп қабырғасында өтетін бағдарламадан бөлек қосымша курстар оқып, білімімді жетілдірдім. Нәтижесінде ата-анам мен ұстаздарымның сенімін ақтадым. 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім грантына конкурс өтеді. Сол конкурс арқылы Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алғым келеді, – дейді «Алтын белгі» иегері Ақнұр Қоңтай.
Айта кетейік, аудан бойынша 18 оқушы «Алтын белгі», 43 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған. Биыл шекті балл – 49. Аудан түлектерінің мамыр айында тапсырған ҰБТ қорытындысы бойынша 23 оқушы, яғни 5,8 пайыз 0 мен 49 аралығында балл жинаған. Ал 303 түлек, яғни 76,7 пайызы 50 мен 100 балл аралығында жинаса, 69 талапкер, 17,5 пайызы 100 бен 140 балл аралығында жинаған.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!