Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Сәрсенбі, 13 қараша, 03:32

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау

06.11.2024

576

0

Елімізде 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарды адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталды. Иммундау 12-13 жастағы қыздарға да жасалуда. Аудан бойынша 1005 қыз бала екпе алуы тиіс. Вакцинация ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін білім беру ұйымдарының медициналық кабинетінде, немесе  тіркелген жері бойынша емханада да алуға мүмкіндік бар. Вакцинация тегін жасалады.

Адам папиллома вирусының бүгінгі күні 200-ден астам түрі белгілі. Оның кейбір түрлері жыныстық жолмен беріледі және жатыр мойны обыры мен басқа да қатерлі ісіктерді тудыруы мүмкін. Олар жоғары онкогендік қауіп түрлері деп аталады. Онкогендік қаупі төмен түрлері кәдімгі сүйел, табан сүйелдері, жыныс мүшесі сүйелдеріне немесе сирек жағдайларда тыныс алу жолдарындағы папилломатозды өсінділерге әкелуі мүмкін. Көпшілік жағдайда ол алаңдаушылық туғызбайды. Алайда, вирус адам ағзасында ұзақ уақыт бойы өмір сүре берсе, қатерлі ісікке айналу ықтималдығы бар. Мәселен, патологиялық өзгерістер 15-20 жылда жатыр мойны обырына айналуы мүмкін. Жалпы, АПВ инфекциясы жатыр мойны, жыныс мүшелері, көмей және ауыз қуысының қатерлі ісігін тудыруы мүмкін. Жатыр мойны обыры ел бойынша әйелдердегі қатерлі ісіктер құрылымында екінші орында. Жылына 1900-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі және 600-ден астам әйел қайтыс болады. Әлемде жыл сайын жатыр мойны обырынан 300 мыңға жуық әйел қайтыс болады. Соңғы 20 жылда елде жатыр мойны обыры 26%-ға өсті. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясы екенін дәлелдеді. Қазақ онкология және радиология ғылыми институтында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша жатыр мойны обырының даму себебі 74% жағдайда вирустың 16 және 18 онкогендік түрін жұқтырумен байланысты. Вирус адамнан адамға тері, шырышты қабаттармен және дене сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы, яғни, қол алысу, сүйісу, терінің зақымдануы арқылы жұғады. Вирус ылғалды ортада тез көбейеді. Сондықтан, қоғамдық орындарға – сауналар, моншаларға, спорт залдарына, дәретханаларға, бассейндерге барған кезде жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау қажет.

АПВ және жатыр мойны обырын жұқтырудың алдын алудағы ең тиімді әдісі 11-13 жастағы қыздарға вакцинацияны жүргізу.АПВ вакцинасы өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дәлелденді. Бүгінгі таңда ол әлемнің 135 елінде, оның ішінде, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бірқатар елдерде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ таралуы бүгінгі күні 90%-ға төмендеген.

АПВ вакциналары стандартты 0,5 мл көлемде иық бұлшықетіне салынады. Ол екі дозадан тұрады, екіншісі 6 айдан кейін салынады.  Адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның құрамында тірі вирустар жоқ. Вакцина жоғары онкогенді АПВ түрлеріне қарсы бағытталған және жатыр мойны обырының даму қаупін азайтады. Ата-аналарды жалған ақпаратқа сенбеуге ­шақырамын.

Жалағаш аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқарма басшысы Г.Айымбетова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: