Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

13°C

, Сенбі, 02 қараша, 12:46

Әкімшілік істердің соттылығы

16.02.2024

706

0

Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Соттарда Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу.

Мәселен соттар өз бастамасымен қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындай алады. Әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, дәлелдемелермен шектеліп қана қоймай, сот істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттей алады.

Істі қарайтын судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

Сотқа құқықтық салдарды алдын ала түсіндіре отырып, тарапқа талап қоюларын тұжырымдауда және өзгертуде жәрдем көрсетуге құқық берілген. Сот процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетеді.

Яғни, азаматтық іс жүргізудегі заң мен соттың алдындағы теңдігі қағидаты қолданылмай, әкімшілік істер бойынша мемлекеттік органның, лауазымды тұлғаның және талап қоюшының (жеке тұлға немесе заңды тұлға) арасындағы теңсіздікті осы соттың белсенді рөлінің негізінде жоюға мүмкіндік берілген.  

Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинай алады.

Кодексте бұрын болмаған жаңа тәртіптер енгізілген. Мәселен, егер тиісті жауапкерді тартуға талап қоюшы қарсы болса сот өз бастамасымен оны қосымша жауапкер ретінде іске тарта алады. Азаматтық іс жүргізуде тисті жауапкерді талап қоюшы ауыстырмаса сот талапты қанағаттандырудан бас тартады.

Әкімшілік сот ісін жүргізуде дәлелдеу ауыртпалығы да жаңаша бекітілген. Атап айтқанда:  дау айту жөніндегі талап қою бойынша — ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкерге жүктелген. Жауапкер дауланған шешімінің немесе әрекетінің заңдылығын сотта өзі дәлелдеуі тиіс.

Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша – сұратылып отырған әкімшілік актіні қабылдаудан бас тарту үшін негіз болған фактілер бөлігінде жауапкер және өзі үшін қолайлы әкімшілік актінің қабылдануы негізделетін фактілер бөлігінде талап қоюшы көтереді.

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай ҚР ӘРПК) 131-бабына сәйкес, әкімшлік сотта дау айту туралы талап қою, мәжбүрлеу туралы талап қою, әрекет жасау туралы талап қою, тану туралы талап қоюлар негізінде қозғалады.

Әкімшілік процеске қатысушылардың құрамы талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор әкімшілік процеске қатысушылар болып табылады. Әкімшілік іске қатысатын өзге де адамдар куә, сарапшы, маман, аудармашы.

Қазақстан Республикасының ӘРПК-ның 77-бабының 1-бөліміне сәйкес, әкімшілік істі қарау нәтижелері бойынша әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірі шығарылады.

Сот әкімшілік процеске қатысушылардың арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеу, түсініктемелерін тыңдау мақсатында алдын ала тыңдау және сот отырысын тағайындайды.

Сот отырысы тағайындалған күннен бастап, сот отырысы хатшысының белсеңді жұмысы орын алады яғни, әкімшілік рәсімге қатысушыны өткізілетін тыңдаудың орны мен уақыты туралы хабардар етеді. Әкімшілік іс бойынша жолданылатын хабарламалары мен шақырулары іске қатысушы адамдарға, сондай-ақ куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі арқылы, сондай-ақ хабарламаны немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып хабарлама жолданады. Егер сотқа хабарланған мекен-жай бойынша тұлға іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін. Сонымен қатар, сот отырысының хатшысы үш жұмыс күні ішінде жауапкерге және үшінші тұлғаларға азаматтық және әкімшілік талап қоюшының талаптарын негіздейтін құжаттардың көшірмелерін жібереді.

Тараптардың сот отырысына толықтай қатысуы әкімшілік істің дұрыс және жылдам шешілуіне маңызды ықпал етеді.

ӘРПК-ның 138-бабының 5-бөліміне сәйкес, судья жауапкерді Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің талаптарына, әкімшілік іске (бар болса) сәйкес дайындалған және ресімделген жазбаша пікірді он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде беруге міндеттейді. Сот отырысының хатшысы жауапкерлердің белгіленген мерзімде пікір өткізуін қадағалау мақсатында телефон шалып немесе хат арқылы ескертулер жасайды.

Себебі, пікірді белгілеген мерзімде ұсынбау жауапкерге ақшалай өндіріп алуды қолдану үшін негіз болып табылуы мүмкін. Сот отырысы бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген жағдайда сот отырысы хатшысының іс-әрекеті сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану қағидаларымен және оларға қойылатын талаптармен реттеледі.

Сот отырысының хатшысы әкімшілік істер бойынша ic қаралып, сот актілері шығарылғаннан кейін үш жұмыс күннен кешіктірмей сот актілерінің көшірмелерін тараптарға жолдау қажет.

Асылхан МИЗАНБАЕВ,

Жалағаш аудандық 

сотының төрағасы

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: