Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сенбі, 27 шiлде, 07:20

Әшекейдің де сыры бар

07.03.2024

495

0

Қазақ халқының зергерлік бұйымдары әлем халықтарының назарын аудартпай қоймайды. Әрқайсысына үңілсек, бұйымдардың өзіндік сыры бар. Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланысты. Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Әшекейлер арқылы халқымыз әйел адамның қоғамдағы алатын орнынан, абырой-беделінен хабардар болған. Қазақы әшекейлерінің бәрі таза күмістен әзірленген. Тіпті байырғы қазақтар қолында күміс сақинасы жоқ әйелдер дайындаған астан дәм татпаған екен. Себебі күміс жүзік тағам құрамындағы адам ағзасына қауіпті заттарды жойып отырады деп ұққан.

Жас жұбайлар неке жүзігін де ар­найы тапсырыспен жасатқан. Бұл жү­­зік­тің төбесі жастардың бөлек отау құрып, шаңырақ көтергендерін білді­ре­тін шаңырақ тәріздес болған. Онан бөлек жүзіктердің ішіндегі көпке тағыла бермейтіні «құдағи жүзік» деп аталады. Яғни тұрмысқа шыққан қыздарының жағдайы жақсы, барған жерінде бақытты болып, ата-анасына қайынжұрты жайында мақтаулы сөз, жақсы мінездеме берсе ғана қыздың төркіні құдағиының қолына осы жүзікті салатын болған. Жүзіктің үлкендігі сондай адамның төрт саусағын жауып тұрады екен. Бұл да екі жақтың, екі елдің арасындағы сыйластықтың белгісі іс­пет­тес. Сонымен қатар қазақы ырым бойынша қызыл көзді жүзіктер сырттан келген қауіпті өз бойына сіңіріп, тіл-көзден, бәле-жаладан сақтаған.
Қазақ халқы неге жүзіктерден бөлек, тұрмыстағы кей бұйымдардың да күміс болуына аса мән берген еке­нін білесіз бе? Күміс неге қараяды? Мә­­селен, денедегі күмістің қараюы ел арасында көз тигеннің, дене мү­ше­ле­рінің ауыратындығының белгісі са­на­лады, бірақ бұның басқа да себептері бар. Зергерлік бұйымдардың құ­ра­мында әдетте күмістен басқа тағы қоспалар болады. Дәл солар бір­неше себепке байланысты күмісті тотық­тан­дырады. Күміс әшекейлердің қараюы­ның басты себептерінің бірі ауада күкіртті сутектің болуын білдіреді. Сондай-ақ адам терлегенде, зер­гер­лік бұйымдар суланып, көптеген зат­тектердің әсеріне бөленеді, нәтижесінде күрделі биохимиялық реакция жүріп, металл тотыға бастайды. Денсаулыққа мұның еш зияны жоқ, тек бұйымның әдепкі келбеті өзгереді.
Одан бөлек күміс әшекей анти­био­тиктер, несеп айдағыш препа­рат­тар, дәрумендік комплекстер, сыра ашыт­қысы секілді емдік препараттар мен биологиялық белсенді қоспаларды тұ­­ты­нудан да қараюы мүмкін. Егер сіз бұрындары мұндай құбылысты еш­қа­шан байқамай, ал соңғы кездері еш­қандай дәрілік препараттарды пай­да­ланбаған және тұтынатын тағам құ­рамын өзгертпеген, сонымен қатар бұ­рынғы косметикалық құрылғы­ла­рыңызды пайдаланып жүрсеңіз, онда ден­­саулығыңызға мән бергеніңіз жөн. Се­бебі кейде зергерлік бұйымдар бүй­рек, бауыр, жүрек-тамыр жүйесі сыр бер­генде қараяды.
Бұдан басқа адамға көз тигенде күміс жағымсыз энерге­тиканы сорып алады деген сенім бар. Бірақ бұл тек болжам күйінде қалып отыр. Егер зергерлік әшекейіңіз қа­райып кетсе, жаман ойдан аулақ бо­лыңыз. Жаңа күміс бұйымдар қа­райып, ал ескілері жылтырап тұрса, зергер шеберінен әше­кей бұйымның құрамын нақтылау қа­жет. Себебі кейбір өндірушілер күміс қо­рытпаға металлдың қараюын өрші­тетін қоспалар қосады екен.
Бойжеткендердің бойтұмарына қа­­тысты да біз біле бермейтін тұста­рымыз бар екен. Бойтұмардың ішіне Құраннан сүрелер, дұға, аят немесе қастерлі кітаптардан сөздер жазылған. Ал әшекейлердің ішіндегі қыз баланы ибалылыққа тәрбиелейтін шолпы, шаш­баудың қызметі өз алдына. Шаш­баудың негізгі қызметі қыз-келін­шек­тердің бұрымын жинап тұру болса, екінші жағынан қыз баланың бойын тік ұс­тауына және жүрісін дұрыстауына көмегі тиген. Яғни шашбаудың сыңғы­рынан-ақ кімнің келе жатқаны белгілі болған.
Білезіктің де топсалы, өрнекті және құйма білезіктер секілді түрлері болған. Бұл – әйелдердің күнделікті тағып жүретін, қымбат бағалы метал­дан немесе күмістен жасалатын әшекей түрі болып табылады. Сонымен бірге білезік буын ауруларының алдын ала­ды, қолдың тазалығын күшейтеді, жын-перілерді қуады деген ұғым халық ара­сында кеңінен тараған. Ең маңыздысы, білезік адам бойындағы күш-қуатты сақтайды. Қазақта бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күш-қуаты біртіндеп алақан ар­қы­лы сыртқа шығады деген сенім қа­лып­тасқан. Сондықтан әжелер соңғы күш-қуатынан айырылудан қорқып, білезігін қолынан тастамайтын болған.
Сырға – қыз-келіншектердің таға­тын әсемдік бұйымдарының бірі, сыртқы келбетінің ажырамас бөлігі. Қа­зақ зергерлері жасайтын ай сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға, ша­шақты сырға сынды әр өңірде оның басқа да түрлері көп. Жасалған ма­териалы мен жасалу тәсіліне қарай алтын сырға, күміс сырға, лағыл сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, ақық сырға, иінді сырға, гауһар сырға, айшықты, тұмарлы, салпыншақ, жапырақты сыр­ғалар, шұбыртпа сырға, адай сырға, айбалта сырға болып кете береді. Сыр өңірінде кездесетін сырға түрлері таға тәріздес, ілмек түрінде жасалып, көзіне бағалы тастар орнатылады. Мұндай ай тәріздес сырғаны алтыннан, кейде күмістен жасаған. Сонымен қатар оны ақжаулықты аналар, яғни немерелі болған әжелер таққан. Аудандық та­рихи-өлкетану музейі маманының мә­ліметінше, осындай ай сырғаның түрі музей қорында сақтаулы. Ол доға тәрізді иілген ілмектен және ай пішінді негізгі бөліктен тұрады.
Сырғаның ортаңғы тұсында бес жұлдыз қиылған. Сырғаның үсті мен асты дөңес бедерлі ромб және домалақ пішінді гүл өрнектермен безендірілген. Ал жоғары тұсына доға тәрізді иілген темір ілмегі бар топса дәнекерленген. Сырғаның ғұрыптық та мән-ма­ғынасы бар, ол құлаққа дүлей күш­терден сақтау мақсатында тағылатын болған. Сырғаның тұтас тұрпаты да, жекелеген бөлшектері, материалы мен ою-өрнегі де белгілі бір мағынаны біл­діреді. Көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын ала сақтайтын қасиеті бар деп саналған. Қазақтар үзбелі сал­пыншақтар сылдырымен жын-шай­танды үркітіп отырады деп түсінген.

Қазақ халқында қыз балаға құлақ тесу міндетті болып саналады. Бұл жөнінде бүгінге жеткен мынадай аңыз-әпсана да бар. Бибісара анамыз жасы тоқсаннан асса да құрсақ көтермеген соң Ыбырайым пайғамбар Бибіажар есімді күңіне үйленеді. Көп ұзамай Бибіажар анамыз құрсақ көтереді.Тоқалдың жүкті екенін білгенде Бибісарада қызғаныш пайда болады. Осыны сезген Ібіліс: «Ей, Сара, еріңе қанша адал қызмет етсең де, Құдайың Ажарды сенен артық көрді. Бұл – әділетсіздік. Оны өлтіріп, өшіңді ал» дейді. Қызғанышын жеңе алмаған Бибісара «Ажарды екі жерден жаралаймын» деп ант ішеді. Сол түні Бибісара анамыз түс көреді.Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Шынар тез өсіп, айналасына саясын төгеді. Ояна салып, түсін күйеуіне жорытады. «Ұзамай ұлды боласың. Ұлың пайғамбар болады» дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қатты қуанады.
Алайда «Ажарды өлтіремін» деген анты есіне түсіп, «Антым бар еді. Енді не болады?» деп сұрайды. «Іштарлық – Ібілістің сипаты. Ол адамның дәрежесін көре алмай, Алланың дәргейінен қуылған. Көңіліңді қызғанышқа билетпе. «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғар үстіңе» деген. Енді антты шартты түрде болса да орындау керек. Ол үшін Ажардың құлағын ғана жараласаң жетер» дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қолына қанжар алып, Ажардың екі құлағының сырғалығын тесіп жарақаттайды. Екі құлағынан қан сорғалап, Ажардың көркі қашады. Сара қанды көріп, шошып кетеді. Сол кезде Алланың әмірімен Жебірейіл періште пейіштен екі сырға алып келіп, Ажар анамыздың екі құлағына тағады. Жәннаттың лағыл тасын тағынғанда Ажар хор қызындай сұлу болып шыға келеді. Әйелдерге сырға тағу сол кезден бастап сүннет боп қалған деседі.
Түркі халықтарында қыздардың құлағын тесіп, сырға тағып қоюы да өте ерте жастан басталады. Этнографиялық деректерге сүйенсек, ертеде қыздың басы бос, атастырылмаса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «Бұл үйдің бойжетіп келе жатқан немесе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос» деген ой түйген.
Жалпы қазақтың дәстүрінде әшекей бұйымдардың алатын орны ерекше. Оның үстіне қазір жастар жаңа үлгідегі тренд киімдер мен ұлттық әшекейлерді үйлестіріп тағып жүргенін көзіміз көріп, қуанып та қаламыз. Ұлттық құндылықтарды жоғалтпай, керісінше одан әрі жаңғыртып, күнделікті киім үлгімізге енгізіп, әлемдік дәрежедегі брендтер қатарынан көреміз деп ойлаймын.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: