Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде «Таң ЛТД» ЖШС-нің егін алқабына барды. Серіктестік «Таушұқыр» учаскесіндегі 5000 гектар жердің 800 гектарына тамшылатып суару әдісімен жүгері еккен. Бұл бағытқа 16 шақырым жерден электр желісі тартылды, 8 экскаватор, 3 тиегіш, 1 бульдозер, 8 жер айдайтын техникасы бар, 65 адам жұмыспен қамтылды. Тамшылатып суару үшін 160 шақырым құбыр әкелінді.
Сондай-ақ, жүгеріні кептіретін қондырғыға «Бестам» ауылдық округінен жер табысталған. Алдағы уақытта тиісті инфрақұрылым облыстық бюджет есебінен жүргізіледі. Нысан іске қосылған соң, тамшылатып суару әдісімен егілетін жүгері және басқа да дақылдарды 3000 гектарға жеткізу жоспарлануда. Ол кезде 50 адам тұрақты жұмысқа тұрады. Кептіргіштің барлық жабдықтары маусым айында әкелінді, ал құрылысы шілде-қыркүйек айында жүргізіліп, ел игілігіне беріледі.
Аймақ басшысы компанияның озық тәжірибесін басқа шаруашылықтарға таратуды және енгізуді ұсынды. «Таң ЛТД» секілді жаңа бағыттарды қолға алып, жұмыс орындарын ашатын шаруа қожалықтарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!