Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:09

Ақпан батыр атына көше берілді

30.05.2023

410

0

Сырдың бойында қыс қатты болып, ел іші жұтқа ұшыраған екен бір кездері. Қыстың қатты болғаны сонша, қақаған аяз әр отбасын ақадал малынан айырыпты. Сол кезеңдерде қарапайым қараша үйде бір сәби дүниеге келеді. Ата-анасы төрт түлігінен айырылса да, шаңырақтарындағы осы қуанышқа ерекше қуанған екен. Бұл Байболатұлы Жұмырдың шаңырағы еді. Жұтап отырған Жұмыр қытымыр қыстың ең адуынды айы ақпанда дүниеге келген ұлына азан шақырып, Ақпан деп ат қойыпты.

Атағы атадан асып ту­ған батыр ер жете келе өз орта­сынан да­раланып, айбарымен, ақылы­мен, орнықты мінезімен көзге түсіп, елдік мәселені шешуге ерте арала­сады. Қазақ даласындағы талай қанды шайқаста қол бастап, қаһа­рымен жаудың құтын қашы­рып, жер жастандырған да еді. Жұмыр­дан тараған ұрпақтың ішіндегі батыр­лығымен, билігімен аты шыққан Ақпан батыр өз заманында Сыр­дың төменгі ағысындағы Қуаңның бойын және батысқа қарай Ырғыз, Шалқар өңірлерін жайлаған.
Ақпан батыр Жұмырұлы XVIII ғасыр басында өмір сүрген. Әз Тәуке ханның тұсында ерлігімен дара ол ханның қол бастаған ең сенімді батырларының бірі болған.
Бүгінде қазақ даласының батырын тек ұрпақтары ғана емес, түгел Сыр жұрты құрмет тұтады. Кешегі аудандағы бір көшенің Ақпан батыр атына берілуі осы сөзімізді қуаттайды. Аудан басшылығы, ақсақалдар мен тұрғындар куә болған салтанатты шара тарихта өшпес із қалдырған батыр ерлігін тағы бір еске салды. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жалағаш кентінде Ақпан батыр Жұмыр­ұлының атындағы көшенің ашылу салтанатына қатысты.
– Негізі қазақ даласында қалмақ, жоңғар шапқыншылықтарына қарсы елім деп атқан қонып, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жер қорғаған батырларымыз көп. Біздің бүгінгідей тәуелсіз, азат, бейбіт күн кешуімізде осы батыр бабаларымыздың ерлігі, қайсарлығы, өр намысы, асқақ рухы жатыр. Қазақ даласына иелік еткен әр ханның тұсында өмір сүрген батыр-баһадүрлердің әрқайсысы өз заманында батырлығымен, ел ісінде көрегендігімен көзге түсті. Солардың бірі, өз заманының қол бастаған қас батыры, Ақпан батыр Жұмырұлы XVIII ғасырдың орта шенінде Сырдың төменгі ағысында, қазіргі Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында ғұмыр кешкен. Қалмақ, жоңғар шапқыншылығы кезінде атқа қонып, елді, жерді жаудан қорғаған қайраткер тұлға. Әз-Тәукенің тұсында қазақ даласын жаудан азат ету үшін болған соғыстардың барлығына дерлік қатысып, жанқиярлық ерлігімен елінің есінде, ұрпақтарының жадында қалған қазақ батыры. Талай қанды шайқаста, жорықтарда жаудың меселін қайтарған ерлігін, көзсіз батырлығын да тарихтан білеміз.
Сондай-ақ батыр баба есімінің аудан орталығындағы бір көшеге берілуі – өткенді құрметтеудің бір парасы, игілікті де сауапты істеріңіз кейінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болып, елді, туған жерді осы батыр бабасындай қорғайтын болсын, – деген өңір басшысы батыр­дың өткен жолын зерделеп, құрмет­теп, кейінгі ұрпаққа насихаттау үлкен игілікті іс екенін, осы ретте Ақпан батыр Жұмырұлы жайлы деректерді жинақтап, кітап шығарған батырдың ұрпағы Өтеген Нұғыманұлына алғыс білдірді.
Батыр баба атына берілген көшенің ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Алиев те Ақпан батырдың ерлік істерін тілге тиек етіп, қазақ хандығының бірнеше ғасырлық тарихында қазақ халқының тағдыры шешілер кезеңде ұлт батырларының алар орны ерекше болғанын атап өтті.
Жалпы, Ақпан батыр Тәуке ханның сенімді батырларының бірі әрі Ер Сейітпенбетпен тұстас өмір сүрген, тіпті жақын жолдас болған деген деректер бар. Ақпан әр жорыққа аттанарда Ер Сейтпенбетке арнайы барып, батасын алуды, соғыстан оралған соң оқиғаларды баяндап, әңгімелесуді есінен шығармаған көрінеді. Бірде Ақпан батыр бастаған қалың қол қалмақтарға кезігіп, аяқасты қырғын шайқас басталып кетеді. Ұзаққа созылған айқаста қанша жанның өмірі қиылып, дала қызыл қанға бөгеді. Екі жақтың да біраз әскері жер жастанады. Содан соң сол кезеңдегі соғыстың ережесіне сүйеніп, екі жақтан бір адамнан жекпе жекке шығатын болады. Сонда қазақ әскерінен тұрқы есік пен төрдей ақбоз атты, басына шашақты дулыға, үстіне көбелі көзе сауыт киген, арландай атылып, арыстандай ақырып біреу шығады. Бұл Ақпан батыр екен. Қалмақ жақтан шыққан батырдың да оңай емес екені айтылады тарихи деректерде. Сол жекпе-жекте жеңіске жетіп, елге олжамен оралған екен.
О бастан қазақтың иелігіне тиген дархан даланы басына қонған бақ санап, өзгеге көзін сатып, қолын жаймай, бүгініне шүкір еткен текті халықтың ешкімге алабөтен ойы, біреудің алажібін аттайтын ниеті жоқ еді. Бірақ ата-бабамыз тыныштықтың тінін тіліп, бірліктің ақ туын құлатуға асыққан, жауыздықтың сойылын соғып, ашкөздікке салынғандардың ықпалынан талай зұлматты бастан өткерді. Сондай кезеңдерде ұлтарақтай жерді жаттың табанына бастырмай, басын бәйгеге тігіп, жау найзасына кеудесін тосқан, ел арасынан қол бастап шыққан небір баһадүр батырлар, жаужүрек жауынгерлер ел жадынан өшпек емес. Ал бүгін ерлік істері ұрпақ жадында тағы бір жаңғырып, елі есіне алған Ақпан батыр Жұмырұлының өзгенің алдында еңкеймеген асқақ рухы қашанда қазақпен бірге жасай бермек. Ел үшін атқа қонып, жер үшін жауын жер жастандырған жанқиярлық ерлік иелеріне қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді. Ол – біздің батыр бабаларымыз алдындағы парызымыз.

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: