Шаңырақтың шежіресін шертіп, ағайын-туыстың татулығын сақтауға септігін тигізетін, жас келіндерді тәрбиелеп, ақылшысы болып жүрген, немере-шөберелерін алдына алып, ауыз әдебиетінің ертегі-жырларын айтатын ақжаулықты әжелер баршылық. Сондай әжелеріміз бүгінде ауданымызға іргелес орналасқан Ақсу ауылдық «Әжелер ансамбльіне» белсенді мүше болып, өздерінің өнерін халыққа паш етіп жүр.
Ұлттық музыканы дәріптеп, ескі әндерді келер ұрпаққа жеткізетін насихатшылар іспетті әр ауыл, аудан, қалалардағы мәдениет үйлерінде әжелер ансамбльдері бар. Бүгінде мәні мен мағынасы терең, ескі әндердің ұмытылып қалмай, сахнада шырқалуына өз септігін тигізіп жүрген Ақсулық «Асыл әжелер» ансамблінің орны ерекше.
Ансамбль ең алғаш 2003 жылы Ақсу ауылдық клубы жанынан «Асыл әжелер» бірлестігі болып құрылған. Оған Жұмаш Сериалиева жетекшілік жасап, 2013 жылы бірлестік ансамбль болып қайта жаңданып, жаңа құраммен толыққан. Бүгінде ансамблдің жеткен жетістіктері мен атқарған істері ауқымды.
2014 жылдан бастап «Асыл әжелер» ансамблі аудан, облыс көлеміндегі мәдени шараларға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, көрерменнің көзайымына айналып үлгерген. Талантымен таңдай қақтырып, үнінің сыңғыры бұзылмаған әжелер халық әндерінің тарихына қанық, әркез жатқа айтып жүреді. Қазіргі уақытта ансамблге Тыныштық Жұбанышова жетекшілік жасайды. Құрамында 10 әже өнер көрсетеді. Олардың әрқайсысы ауылдың дамуына өз үлесін қосқан, әр саланың үздігі. Өнер ұжымында әжелер тек ән айтып қоймай, ұлттық салт-дәстүріміздің жандануына өз үлесін қосуда.
Олар салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған шараларда білген-түйгендерін үйретіп, қоғамдық шараларда да белсенділік танытады. Наурыз мерекесінде «Наурыз көженің» дайындалу әдісі мен мерекеде жасалатын жөн-жоралғы, ырымдарды көрсетіп, әр дәстүрдің өзіндік ерекшеліктері мен маңыздылығын түсіндіреді. Өнердің берекесін арттырып жүрген батыр аналардан құралған ансамбль мүшелерінің ең жасы алпыстың ауылына ат басын бұрса, үлкені сексеннің сеңгіріне жақындаған.
Ақ кимешек киген «Асыл әжелер» ансамблі ұлттық өнерді насихаттау мақсатында өткен «Ақ жаулығым – тұмарым» атты әжелер ансамблінің облыстық байқауында өнер көрсетті. ІІІ кезеңнен тұратын облыстық сайыстың алғашқы кезеңінде әжелеріміз «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» тақырыбы аясында қойылым қойып, көрерменнің қошеметіне бөленсе, «Қолөнер – зор өнер» сайысында өздерінің қолдан жасап әкелген бұйымдарымен таныстырды. Соңғы кезең «Ән – халық мұрасы» сайысында әжелер «Сәулем-ай» әнін жанды дауыста орындап, әділқазылардың шешімімен үздік деп танылып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Өнерлерімен өрге жүзген әжелерді байқауға қатысуға дайындауда Ақсу ауылдық мәдениет үйінің үлесі зор. Ауқымды шаралар мен мәдени жобаларды жоғары деңгейде ұйымдастыру, өнерсүйер қауымның талғамынан шығу оңай шаруа емес. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, әнді тыңдарманға талмай жеткізуге, көрерменді әсем әсерге бөлеуге әжелерді дайындауда елеулі еңбек етіп жүрген кәсіпорын басшысы М.Қанбаева бастаған ұйымшыл ұжымның әрқашан еңбегі ерен.
– Біздің басты мақсат – ұмытылып бара жатқан халық әндерін қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету, ұлттық өнерді ұлықтау. Облыстық байқауда жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі орын алуымызға септігін тигізген, күні-түні бізді дайындауда елеулі еңбек еткен Ақсу ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлеріне, бізді ән айту барысында баянмен сүйемелдеген кәсіпорын басшысы Маржан Қырғызбайқызына, демеушілік білдірген ауылдық «АВ AGRO ORDA» ЖШС құрылтайшысы Абай Боранқұловқа әжелердің атынан алғыс білдіремін деді, – ансамбль мүшесі Зибаш Кулетова.
Бұдан бөлек әжелердің бүгінге дейін жеткен жетістіктері де көп. Олар бірнеше мәрте аудандық, облыстық ардагерлер байқауына қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Мәселен, 2017 жылы «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты ардагерлердің көркемөнерпаздарының аудандық байқауынан жүлделі І орын иеленсе, «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты облыстық байқаудан ІІІ орынды жеңіп алған. Сондай-ақ Жалағаш ауданының 80 жылдығы аясында «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты ардагерлер көркемөнерпаздарының аудандық байқауынан жүлделі І орынды иеленген. Осы тақырып аясында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен аудандық ардагерлер байқауынан да асыл әжелеріміз жүлделі І орынды жеңіп алған.
Қарттар күні мерекесіне арналған «Еңбек және тыл» ардагерлері көркемөнерпаздарының аудандық байқауынан бас жүлдені иеленіп, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ «Ардагерлер өнер туын көтерген» атты аудандық байқаудан бас жүлде иеленген.
Бұдан бөлек ұжымдағы әжелер басқа қырларынан да үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Мәселен, ансамбль мүшесі Нұргүл Дүзенова ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткен аудандық «Ардагерлер спартакиадасының» дартс сайысында әйелдер арасында жүлделді І орын және дойбы сайысында әйелдер арасында ІІ орынды жеңіп алған. Сондай-ақ ҚР Конституциясы күніне және Бұқарбай Батырдың 200 жылдығына арналған ардагерлердің аудандық ІІ спартакиадасында қол күрестен жүлделі І орынды иеленген.
Сонымен қатар Тыныштық Жұбанышова 2012 жылы облыстық ардагерлер ұйымының алғыс хатымен марапатталып, аудандық байқауларда жыр-терме жанры бойынша сайыстарға қатысса, Гүлжамал Оразалиева аудандық ардагерлер байқауларына қатысып, марапат төрінен көрінді. Бұдан бөлек биыл Зибаш Кулетова «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінде үздік деп танылып, ІІІ орынды иеленген. Зейнетке шықса да, көпшіліктің алдында өнер көрсетіп, ансамблде ән шырқаған әжелердің ісі көпке үлгі.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!