Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Дүйсенбі, 06 мамыр, 23:06

Ақсудың ажары – «Асыл әжелер»

17.08.2023

275

0

Шаңырақтың шежіресін шертіп, ағайын-туыстың татулығын сақтауға септігін тигізетін, жас келіндерді тәрбиелеп, ақылшысы болып жүрген, немере-шөберелерін алдына алып, ауыз әдебиетінің ертегі-жырларын айтатын ақжаулықты әжелер баршылық. Сондай әжелеріміз бүгінде ауданымызға іргелес орналасқан Ақсу ауылдық «Әжелер ансамбльіне» белсенді мүше болып, өздерінің өнерін халыққа паш етіп жүр.

Ұлттық музыканы дәріптеп, ескі әндерді келер ұрпаққа жеткізетін на­сихатшылар іспетті әр ауыл, аудан, қалалардағы мәдениет үйлерінде әже­лер ансамбльдері бар. Бүгінде мәні мен мағынасы терең, ескі ән­дердің ұмытылып қалмай, сахнада шыр­қа­луына өз септігін тигізіп жүрген Ақ­сулық «Асыл әжелер» ансамблінің орны ерекше.

Ансамбль ең алғаш 2003 жылы Ақсу ауылдық клубы жанынан «Асыл әжелер» бірлестігі болып құрылған. Оған Жұмаш Сериалиева жетекшілік жасап, 2013 жылы бірлестік ан­самбль болып қайта жаңданып, жаңа құраммен толыққан. Бүгінде ансам­блдің жеткен жетістіктері мен атқар­ған істері ауқымды.

2014 жылдан бас­тап «Асыл әжелер» ансамблі аудан, облыс көлеміндегі мәдени ша­ра­ларға бел­сене қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, көрерменнің кө­­зайы­мына айналып үлгерген. Та­лантымен таң­дай қақтырып, үнінің сың­ғыры бұ­зыл­маған әжелер ха­лық әндерінің та­рихына қанық, әркез жатқа айтып жүреді. Қазіргі уақыт­та ансамблге Тыныштық Жұба­нышова жетекшілік жа­сайды. Құрамында 10 әже өнер көрсетеді. Олардың әр­қайсысы ауыл­дың дамуына өз үле­сін қосқан, әр саланың үздігі. Өнер ұжы­мында әже­лер тек ән айтып қоймай, ұлттық салт-дәстүріміздің жан­да­нуы­на өз үлесін қосуда.

Олар салт-дәстүрімізді, мәдение­тімізді кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған шараларда білген-түй­ген­дерін үйретіп, қоғамдық ша­ра­лар­да да белсенділік танытады. Наурыз мерекесінде «Наурыз кө­женің» да­йын­далу әдісі мен мерекеде жа­са­латын жөн-жоралғы, ырымдарды көр­сетіп, әр дәстүрдің өзіндік ерек­шеліктері мен маңыздылығын тү­сін­­діреді. Өнердің берекесін арт­тырып жүрген батыр аналардан құралған ансамбль мүшелерінің ең жасы ал­пыстың ауылына ат басын бұрса, үлкені сексеннің сеңгіріне жақындаған.

Ақ кимешек киген «Асыл әже­лер» ансамблі ұлттық өнерді наси­хат­тау мақсатында өткен «Ақ жау­лығым – тұмарым» атты әже­лер ан­самблінің облыстық бай­қауында өнер көрсетті. ІІІ кезеңнен тұратын облыстық сайыстың алғашқы ке­зеңін­де әжелеріміз «Қызым са­ған айтам, келінім сен тыңда» тақы­ры­бы аясында қойылым қойып, кө­рер­­меннің қошеметіне бөленсе, «Қол­өнер – зор өнер» сайысында өз­дерінің қолдан жасап әкелген бұйым­дарымен та­ныс­тырды. Соңғы кезең «Ән – халық мұрасы» сайы­­сында әжелер «Сәулем-ай» әнін жанды дауыста орындап, әділ­қа­зы­лардың шешімімен үздік деп та­ны­лып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Өнер­лерімен өрге жүз­ген әже­лерді байқауға қатысуға дайын­дауда Ақсу ауылдық мәдениет үйінің үлесі зор. Ауқымды шаралар мен мәдени жобаларды жоғары деңгейде ұйым­дастыру, өнерсүйер қауымның тал­ға­мынан шығу оңай шаруа емес. «Ән­нің де естісі бар, есері бар» дегендей, әнді тыңдарманға талмай жеткізуге, көрерменді әсем әсерге бө­леуге әжелерді дайындауда елеулі еңбек етіп жүрген кәсіпорын бас­шы­сы М.Қанбаева бастаған ұйым­­­­шыл ұжымның әрқашан еңбегі ерен.

– Біздің басты мақсат – ұмы­ты­лып бара жатқан халық әндерін қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету, ұлттық өнерді ұлық­тау. Облыстық байқауда жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі орын алуымызға септігін тигізген, күні-түні бізді дайындауда елеулі еңбек еткен Ақсу ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлеріне, бізді ән айту барысында баянмен сүйе­мел­деген кәсіпорын басшысы Мар­жан Қырғызбайқызына, демеу­ші­лік білдірген ауылдық «АВ AGRO ORDA» ЖШС құрылтайшысы Абай Бо­ранқұловқа әжелердің атынан алғыс білдіремін деді, – ансамбль мүшесі Зибаш Кулетова.

Бұдан бөлек әжелердің бүгінге дейін жеткен жетістіктері де көп. Олар бірнеше мәрте аудандық, облыстық ардагерлер байқауына қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Мә­селен, 2017 жылы «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты ардагерлердің көр­кем­өнерпаздарының аудандық бай­­қауынан жүлделі І орын иеленсе, «Қарттардың да өнерге бар та­ла­сы» атты облыстық байқаудан ІІІ орынды жеңіп алған. Сондай-ақ Жалағаш ауданының 80 жылдығы аясында «Қарт­тарын қадірлеген ел ардақты» атты арда­гер­­лер көр­кем­өнерпаз­дарының ау­­дандық бай­қауы­нан жүлделі І орын­ды иелен­ген. Осы тақырып ая­сын­да ау­дандық ар­дагерлер кеңе­сінің ұйымдас­ты­руымен өткен ау­дандық ардагерлер байқауынан да асыл әжелеріміз жүлделі І орынды жеңіп алған.

Қарттар күні мерекесіне арналған «Еңбек және тыл» ардагерлері көр­кем­өнер­паздарының аудандық бай­қауы­нан бас жүлдені иеленіп, Қы­зыл­орда об­лыстық ардагерлер кеңе­сінің «Құрмет» грамотасымен марапат­талған. Сондай-ақ «Ардагер­лер өнер туын көтерген» атты аудан­дық бай­қаудан бас жүлде иеленген.

Бұдан бөлек ұжымдағы әжелер басқа қырларынан да үлкен же­тіс­­тіктерге жетіп жүр. Мәселен, ан­самбль мүшесі Нұргүл Дүзенова ҚР Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығы аясында өткен аудандық «Ардагерлер спарта­киадасының» дартс сайысында әйел­­дер арасында жүлделді І орын және дойбы сайысында әйел­дер ара­сында ІІ орынды жеңіп алған. Сондай-ақ ҚР Конституциясы күніне және Бұ­қарбай Батырдың 200 жыл­ды­ғына арналған ардагерлердің ау­дан­дық ІІ спартакиадасында қол күрестен жүлделі І орынды иелен­ген.

Сонымен қатар Тыныштық Жұба­нышова 2012 жылы облыстық арда­герлер ұйымының алғыс хаты­мен марапатталып, аудандық байқау­ларда жыр-терме жанры бойынша сайыстарға қатысса, Гүлжамал Ора­­залиева аудандық ардагерлер бай­қауларына қатысып, марапат төрінен көрінді. Бұдан бөлек биыл Зибаш Кулетова «Ме­рейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінде үздік деп танылып, ІІІ орынды ие­ленген. Зейнетке шықса да, көп­шіліктің ал­дында өнер көрсетіп, ан­самблде ән шырқаған әжелердің ісі көпке үлгі.


Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: