Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жексенбі, 24 қараша, 17:09

Ақындар Еңбек ерін жырға қосты

02.09.2024

186

0

Есет батыр ауылында Жалағаш ауданының 85 жылдығы қарсаңында Социалистік Еңбек Ері және Ұлы Отан соғысының ардагері Несіпбай Әпірезовтің 115 жылдығына орай «Еңбек ер атандырады» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Еңбек Ерін ұлықтаған рухани шарада аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов күріштен тау тұрғызған Несіпбай Әпірезовтің ерен еңбегіне ерекше тоқталды.

– Алдыңғы толқын әкелеріміздің өмір жолына көз салсаңыз, біздің еліміздің тарихындағы олардың алар орны ерекше екенін білесіз. Кешегі кеңестік дәуір деп аталатын кезеңде ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, елі­міз­дің әлеуметтік-экономикалық да­­­­муына, аймақ халқының әл-ау­қа­­­тының нығаюына, ауыл шаруа­шы­лы­ғының өркендеуіне зор үлес қосты. Ауыл шаруашылығының көрнекті қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Несіпбай Әпірезов – осындай тұл­ғалардың бірі де бірегейі. Бір жыл­дары Жалағаш ауданы «Күріш фаб­­­рикасы» атанса, ол Несіпбай Әпі­­резов сынды ерлердің тынымсыз, жан­кешті еңбегінің арқасы десек қа­те­леспейміз. Бұл күріштен тау тұр­ғызған алыптардың ерен еңбегінің әділ бағалануы десек болады. Бүгінде ел несібесін еселеген ерлерді, біздің бақытты тұрмысымыздың негізін қа­лаған әкелерімізді құрметтеу, ұлық­тау – кейінгі толқын біздің пары­зы­мыз. Несіпбай Әпірезовтің 115 жыл­дығына байланысты өтіп жатқан бұл шараның тәрбиелік маңызы зор. Себебі еңбектің әміршісіне айналған, пірі болған Несіпбай әкеміздің өмірі мен қызметі – кейінгі толқын жас­тарға үлгі, өнеге. Жыр-мүшәйраға кел­ген ақындарға сәттілік тілеймін. Ұшқыр ойларыңыз бен шалқар шабыт­та­рыңыз таси берсін, – деді Ғани Кенжеғараұлы.
Еңбек Ері ұлықталған облыстық жыр-мүшәйраға 9 ақын қатысты. Тар­­тысты өткен жыр бәйгеге ақын, Қа­­зақстан Журналистер одағы­ның мүшесі, ардагер-қаламгер Серік Бер­таев, аудандық қазақ тілі қоға­мының төрағасы Дина Нұржан­қызы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мү­шесі Қуат Адис қазылық етіп, ақын­дардың өнеріне баға берді.
Қазылар алқасының шешімімен ІІІ орынды Есет батыр ауылының тумасы Еркебұлан Отар мен Шиелі ауданынан келген Бекжан Ержігіт өзара бөлісті. Ал ІІ орын сырдариялық Ақерке Балмановаға бұйырды. Жа­лағаштық Жасұлан Серік І орын алса, Қызылорда қаласынан келген Бек­сұлтан Санақұл бас жүлдені еншілеп, мүшәйра жеңімпазы атанды. Мұнан бөлек Қармақшы ауданынан келген Сағынай Бегалиева арнайы жүлдемен, қалған ақындар алғыс хаттармен марапатталды. Жүлдегерлерге ар­найы дипломдар мен қаржылай сый­лықтар табысталды.
Несіпбай Әпірезов 1909 жылы Жа­лағаш ауданындағы Аламесек ауы­лында дүниеге келген. Ауыл мол­дасынан мұсылманша сауат ашып, еңбекке ерте араласты. Кейін төрт жылдық бастауыш мектепті бітірген. Еңбек жолын 1931 жылы колхозда колхозшы болып бастады. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қа­тысты. 1946-1949 жылдары Ала­ме­сек ауылында жұмыс істеді. 1960 жылдары «Жақаевшылар» қоз­ға­лы­сын қуана қолдап, күріш егуге шық­ты. Агротехникалық білім мен бай тәжірибені игеріп, күрішінің әр гектарынан 75 центнерден 110,7 центнерге дейін өнім алды.
1967 жылы Сырдария ауданы Қазақстанның Ленин комсомолы атын­дағы совхозда күрішшілер зве­но­сын басқарды. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және Мәскеудегі Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрме­­сінің қола, күміс, алтын медаль­да­рымен марапатталған. КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1972 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, «Ленин» орденімен және орақ пен балға «Алтың жұлдыз» ме­далімен марапатталды. Еңбек Ері 1996 жылы 22 шілдеде дүниеден өтті.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: