Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:55

Арзан баға, сапалы өнім

31.10.2023

499

0

Жер-Ананы идіріп, төрт түлікті түлетіп отырған жалағаштық ағайын ала жаздай күтіп-баптаған егіндерін жинап, ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрінен жоғары өнім алды. Бұл ай – еңбеккерлер үшін молшылық айы. Өткен сенбіде орталықтағы Абай көшесінің бойында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жаз бойы еткен еңбегінің жемісінен халыққа дәм татты. Жәрмеңкеде өнімдер арзан бағада тұрғындарға ұсынылды.

Таң­сә­ріден базар бағасынан әлде­қайда төмен бағада сатылатын өнімді алуға келген жұрттың қарасы қалың. Таңмен таласа басталған жәрмең­кеде аудан әкімі Ардақ Ибраимов тауарлар бағамымен танысты. Аудан тұрғындарын арнайы «Ал­тын күз» мерекесімен құттықтаған Ардақ Әбді­ғаппарұлы жәрмеңкедегі ауыл ша­руа­шылық өнімдері өзге сауда орында­рынан қолжетімді бағада сатылып жат­қанына көз жеткізіп, халықтың ала жаздай жинаған несібесіне ризашы­лы­ғын білдіріп, төмен бағада өнім ұсынған жергілікті өнім иелеріне өз алғысын жет­кізді. Аталған көше бойына ұзыннан сө­релер қойылып, көліктер тізіліп қалды. Аудан тұрғындарына кент ішінен және ауылдық округтерден 55-ке жуық көлікпен 175 тонна азық-түлік өнімдері, мал азығы ұсынылды. Өнімдер нарық баға­сынан 10-15 пайызға арзандатылып сатылды.

Берекелі күз мезгілінің несібесі та­сы­ған бұл күнде Жаңадария, Таң ауыл­дарынан келген бау-бақша өнімдері жоғары сұранысқа ие болды.
Иә, Жаңадария десек, аудан хал­қы­ның көз алдына қауын-қарбыз елес­­тейтіні рас. Себебі жыл сайын шал­­ғайдағы ағайын бақша өнімдерін бап­таумен айналысады.
– Биыл жаңадариялықтар 200 гектар жерге бау-бақша өнімдерін екті. Нәтижесінде бүгінгі жәрмеңкеде халыққа 1 көлік балық, 10 көлік қауын-қарбыз, асқабақ, қы­зылша, сәбіз, картоп өнімдерін ұсы­нып тұрмыз. Құ­нарлы да сапалы өнімді саудалауға келген халықтың қатары көп, содан болар, былтырғыға қарағанда биылғы жәрмеңке ерекше өтуде. Дәмі тіл үйіретін, бағасы да қалтаға қонымды қауын-қарбыздарымызды ау­дан тұрғындары таласып алып жатыр. Бақша баптауды дәстүрге айналдырған жаңадариялықтар келесі жылы егіс көлемін ұлғайтып, басқа да өнімдерге басымдық беруді көздеп отырмыз, – дейді жаңадариялық Шоқан Айбатыр.
М.Шәменов, Бұқарбай батыр, Мәде­ниет, Қаракеткен ауылдық округтерінен әкелінген қысқы мал азығы арзан бағада тұрғындарға ұсынылды. Т.Жүр­ге­нов ауы­лынан отандық брендке айналған картоп пен «Құрманбай ата» алмасы халықтың көңілінен шығуда.
Сонымен қатар Ақсу, Еңбек, Аққұм, Есет батыр және Жаңаталап ауыл­дарынан қолжетімді бағада Сыр са­лысы жеткізілсе, Аққыр және Мырза­бай ахун ауыл­дарынан ет өнімдері сөреге қойылды.
Жалпы жәрмеңкеде барлық өнімге аудан тұрғындарының сұранысы жо­ғары екеніне көзіміз жетті. Себебі күнделікті тұтынатын азық-тү­лік түр­лері, картоп, сәбіз, пияз, қауын-қар­быз, қырыққабаттың бағасы базар бағамынан әлдеқайда төмен сатылды.
– Өзім көпбалалы анамын. Жыл­дағы дәстүр бойынша қыстың қамын жаз ойлап, картоп, сә­біз, пияз сияқты бақша дақылдарын мо­лынан алу үшін таңсәріден ерте келдім. Ауыл еңбеккерлеріне алғысым шексіз, азық-түлік өнімдерінің түрі көп. Бастысы, халықтың қалтасына ауыр­лық түсір­мей, нарықтағы бағадан 15-20 пайыз төмен сатуда. Жәрмеңкенің арқасында халық қыстың қамын жасап алуына мүмкіндік болып тұр. Мен сияқты жас отбасыларға нарық заманында базар бағасынан арзан болатын мұндай жәр­мең­келердің пайдасы мол. Әсіресе қауын, картоп, ет, сүт өнімдеріне және жаңадариялық қауын-қарбызға сұ­раныс жоғары болды. – дейді кент тұрғыны Мереке Қалымбет.
Алтын күздің мерекелі жәрмеңкесі аудан жұрты үшін берекелі өтті десек те болады. Себебі базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнім­дерді жұрт таласып алып кетті. Осы­лайша ел несі­бесін молынан бер­ген жәрмеңке бірнеше сағатқа со­зылып, қыс азығын қам­дауға асығып, жәрмеңкені асыға күт­кен жергілікті тұр­ғындарды риза етті.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: