Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

12°C

, Жексенбі, 08 қыркүйек, 05:00

Балық аулау тәсілдері

21.12.2023

81

0

Kyzylorda-news.kz. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы ертеде балық аулауды арнайы кәсіпке айналдырмағанымен, үлкен дария мен теңіз, көл жағасындағылар қарапайым тәсілдермен балық аулаған. Әртүрлі құрал түрлерімен, шанышқымен, қармақ сапу, найзамен түйреу, ілме салу, тоспа, сүзу сияқты тәсілдерді пайдаланған. Сонымен қатар ұзын таяққа аттың құйрық қылын бекітіп жасаған ілмені суға салып, балық түсуін асықпай күтіп, ілме қозғалғанда оны тартып алып ұстайтын болған. Қармақтың түрі көп, соған орай құраушы бөлшектері де сан алуан: ине қармақ, әттік, жебе, темелек, жұтпа, шортан қармақ, жалтырауық, топтап салған бір етек қармақ, шаппа қармақ, салма қармақ. 

Балық аулауға сәуір мен маусым аралығы және қыркүйек пен қазан айының бірінші жартысы ыңғайлы деп есептеледі. Балықтың уылдырық шашар кезі су жылып, өзен тасыған маусым-шілде айларында болады. Өзендер тасып арнасынан асқан кезде, жайылма суларға да уылдырық шашады. Бұл кезде балық ауланбайды.

Балық аулаудың күрделі түрі желі қармақпен балық аулау әдісі. Желі қармақ ұзындығы 50-60 м кендір арқанның бойына 2 м сайын 20-30 қармақ, бір жерге 40- 60 желі қатарынан жалғастырылып құрылатын құрылғы. Жүз елудей қармақ байланған алты кішкене желінің қосындысын балықшылар «сүре» деп атайды. Сүрелердің аралығына байлап, су түбіне тасталатын салмағы 20 кг-дай ауыртпалық желілерді бір орында қозғалтпай ұстап тұрады. Су бетінде жиырма шақты қалтқыдан тұратын көтергі оны батырмай көтеріп тұрады. Ертедегі қарапайым желінің ұзындығы 11-13 құлаш, желі аралары 18 см етіп байланған, бауы қысқалау бір қарыс қана кендірден жасалған. Бекіре, шоқыр, қорытпа аулаудың бір әдісі – қарашағырмаққа кендірден желі жасап, жіптің бойына 8-10 см сайын қара қармақтар байлау.

Жалпы, балық аулау қызықты шаруа болғанымен, оның өзіндік қыр-сырлары мен қиындықтары да жоқ емес. Ең бастысы балық ауларда қауіпсіздік шараларын естен шығармаған абзал.
 

Шынжырхан Сүлейменов,

«Қызылорда Fish» Қызылорда облысы бойынша спорттық және әуесқой балық аулаушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: