Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Жексенбі, 16 наурыз, 00:42

Береке мен ынтымақтың бастауы

15.03.2025

19

0

Ұлттық бірегейлікті сақтап, мәдениетті дамытуда салт-дәстүр құндылығының маңыз зор. Рухани құндылығымызға айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан-ұрпаққа аманаттай жалғасын табуы – ұлт дамуының басты кепілі. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтің қатысуымен «Наурызнама» онкүндігіне сәйкес 14 наурыз Амал күніне орай «Руханият» орталығында «Жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен қауышу» атты мерекелік іс-шара өтті.

Амал күні қазағым көріседі,
Көрісу, бұл көненің желісі еді.
«Жасың құтты болсын!» деп жамырасып,
Ақ ниетпен адал қол беріседі.
Көріседі – «Көңілдер жібісін» деп,
Көріседі – «Тасысын ырысың!» деп.
Көріседі – «Көк мұзда жылысын!» деп.
Көріседі – «Оң болсын, Ұлысың» деп.
Қазақ халқы үшін көктем мезгілі жа­ңа өмірдің бастауы іспетті. Көктемнің ал­ғашқы күнінде алғыс айтсақ, орта ше­нінде көрісу күнін қарсы аламыз. «Кө­рі­су» немесе «Амал» мерекесі жайында то­лығырақ тарқата кетейік.
Әсіресе елі­міздің батыс өңірінде сақталып қал­­ған бұл дәстүрдің тарихы бірнеше ға­сыр­дан бастау алады. Сол уақыттан бері наурыз айының 14-і «Көрісу күні» болып белгіленген. Та­рихшылар бұл күннің шығу тарихын былай түсіндіреді.
Төрт түлік малының жайын жасаймын деп ұланғайыр даланың әр пұшпағын ұыстап отырған көшпенді халық қа­һарлы боранда бірінің үйіне бірі бара ал­май, тек қар еріп, күн ұзарып, көктем шық­қанда ғана көріскен, содан бері кө­зайым қуанышынан дәстүрге айналып кет­кен деседі. Сондай-ақ «Амал» күнінің дәл 14 наурызда атап өтілу себебін де Шы­ғыс елдерінің күнтізбесінде нау­рыз­дың басталуы амал айының 1-ші жұл­дызы болып есептелетінін, ал амал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы екенін, Тоқты жұлдызы күн мен түн теңелгенде туатынын, яғни осы кү­ні амал кіріп және бұл мереке наурыз айы­­ның соңына дейін жалғасатынын айтады.
Бұл күні ағайын-туыс, көрші-көлем, бір-бірінің үйіне кіріп сәлем беріп, құшақтасып көрісіп, мәре-сәре болып жатады. Бұл – қазақ халқының ежелден келе жатқан мерекелерінің бірі.
Амал мейрамы – ғасырлар бойы еңсесі биік елдіктің, байламы сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың ме­ре­кесі. Бірліктің белгісіне, татулықтың таң­басына айналған қастерлі мерекеде кең құшақ айқара ашылып, төс қағысып, алыс-жақын көрісіп, өкпе-наз кешіріледі. Сондай-ақ бұл күні бірлік күшейіп, береке молаяды.
Бүгінде тарихтан сыр тартқан, хал­қы­мыздың көне-дәстүрлерін, ғибрат­ты тұрмыс-тір­шілігін айшықтай­тын амал күнін тойлау тамырын тереңге жайып, оң үрдіске ай­налды. Амал мерекесі – өткенді сара­лап, болашағымызды болжайтын таразы.
Тұрмыс-тіршілігін табиғатпен бай­ла­ныстырған халқымыз наурызды жақ­сылықтың бастауы деп білген. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталатын бұл мей­рамды жыл сайын асыға күтетініміз рас. Себебі бір-бірімізге ақ тілек тілеп, «ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын» деп келер күннен ырыс пен молшылық, береке-бірлік, татулық пен шынайы мейірімділіктің ыс­тық ықыласын атқаратын да осы – «Наурыз» мейрамы. Бұл күні халқымыз бар жақсысын иығына іліп, дәмдісін дастарханға қойып, өнерін орта салған. Наурыз айының 14-і күні жалағаштықтар ерекше мән-мағынаға ие «Амал» күнін қарсы алды. «Руханият» орталығын дүбір­лі думанға бөлеген аудан халқы ұлттық тағамдардан, оның ішінде наурыз көжеден дәм татып, аудан өнерпаздары мен қолөнер шеберлерінің туындыларына арналған көрмемен танысып, алты­ба­қан теуіп, спорттық сайыстарды тама­ша­лады.
Мереке қарсаңында наурыз кө­жені дайындағандардың бірі – Айткүл Жүнісова. Ұлттық тағамның бұрқыраған иісі мені еріксіз қазан-ошақтың басы­на алып келді. Барсақ, Айткүл апай жа­нын­дағы жастарға ұлттық тағамның ерек­ше­лігі мен құндылығын айта отырып, әзірлеп жатыр екен. Мен де қыз баласы болған соң үйден жасап көрмек ниетте тағамды дәмді етіп дайындау жолын сұрап әлекпін.
– Наурыз көжені жас күнімнен бері дайындаймын. Әр мейрам сайын отба­сымызда ұлттық тағамды міндетті түрде пісіріп, қыздарым мен келіндеріме үйре­темін. Немерелерім жыл сайын мей­рам­ды «әжемнің наурыз көжесін ішемін» деп асыға күтеді. Жалпы наурыз көже пісірудің еш қиындығы жоқ. Сүрленген ет пен қазы, арпа, тары, күріш, айран құю арқылы дәмді етіп пісіруге болады. Әркім қолындағы барымен пісіре береді. Бүгін жанымдағы қыз-келіншектермен қол­да бармен дайындап жатырмыз. Мы­на жеті дән міндетті түрде қосылу керек деген қағида жоқ, – дейді ол.
Ұлттық тағамның жасалу жолына қарап көзім тойды. Айткүл апай да аузым берік екенін айт­пасам да көзімнен ұғып, «үйіңе барғанда ішіп, дәмін көр» деп бір тос­таған наурыз көжені қолыма ұстата сал­ды. Осылайша салт-дәстүр жаңғырған күні мерекелік көңіл-күйде жүрген жерлестерге наурыз көжеден үлестірілді. Мұнан кейін ұлттық спорт ұлықталды. Аудан тұрғындары асық ату, арқан тартыс, қолкүрес сынды сайыс­тар бойынша сынға түсті.
«Наурыз келді дегенше, ырыс келді десеңші» демекші, ырыс-құтымен кел­ген Наурыз мейрамы биыл он күн той­­ланады. Іс-шара барысында ұлт­тық құндылығымыз насихатталып, салт-дәстүріміз жаңғырмақ. 15-ші нау­­­рыз – қайырымдылық күні. 16-шы наурыз – мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер күні. Бұл – ұлттық құн­­­­ды­лықтарымызды ұлықтайтын, салт-дәстүрімізді дәріп­тей­­тін, қазақы бол­­­­­­­­­­мысымызды айшық­тайтын ерекше күн. 17-ші наурыз – ша­ңырақ» күні. Бұл күн­де «Алтын ша­ңырақ, «Күміс ке­ре­ге» иелері мара­патталып, жас от­ба­сы­лардың неке қию рәсімдерін өткізу ар­қылы оларға «нау­рыз бата» беріледі. Ал 18-ші наурыз ұлттық киім күні деп аталды. 19-шы наурыз – жаңару күні. Табиғаттың жаңа­рып, тіршілік қайта жанданатын көктем мез­гілімен қатар келген бұл күні өңірлерде ағаш егу жұмыстары жүргізіледі. 20-шы наурыз ұлттық спорт күні қарсаңында бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлері бойынша жарыстар мен турнирлер ұйым­дастырылады. 21-ші наурыз ынты­мақ күні болып жарияланды. Қазақ – ежелден береке-бірлігін бекемдеп, ын­тымағы мен татулығын ту еткен дана ха­лық. Сондықтан бұл күн де халқымыз үшін айрықша мәнге ие. 22-ші наурыз – жыл басы. Ал 23-ші наурыз – тазару күні.
Шара соңында аудан тұрғындары халқымызға игілік, елімізге молшылық, әр шаңыраққа береке тілеп тарқасты.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: