Бүгінге дейін талай байқау мен фестивальде топ жарып жүрген аудандық «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблі өткен аптада Қызылорда қаласында елімізге танымал балетмейстер, қоюшы режиссер Болат Қаржаубаевтың 60 жылдығына арналған «Би сұлтаны» атты облыстық байқауда оқ бойы озық шығып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Бекзат өнер саналатын би – халқымызда бұрыннан қошеметке ие. Көрерменге адамның ішкі жан дүниесі мен мінез-құлқын дәлме-дәл жеткізуді мақсат етеді. Талғампаз көрерменнің көңілінен шығып, өз өнерін паш етіп жүрген «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің ғұмырнамасы 1969 жылы ССРО-ның 50 жылдығы мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет үйі жанынан құрылып басталған. Балетмейстер Роза Боранбаева жетекшілік еткен ансамбль 1971 жылы ән-би ансамблдерінің республикалық байқауына қатысып, «Халық ансамблі» атағын иеленген. Бүгінде 50 жылдан астам тарихи бар «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблі көптеген байқауда бақ сынап, кіл мықтылар бас қосқан өнер додаларында үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Олар бүгінге дейін облыстық «Таңшолпан», «Дельфий ойындары», «Ұлы дала өрнектері», «Биле-биле», «Ботақан» байқауларында бас жүлде, І орын иеленген. Республикалық, халықаралық «Аманат», «Жеті өнер», байқауларында І орын алған. Сонымен қатар Алматы қаласында өткен ХХІҮ-XXY «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылығы байқауында І орын иеленген. Ташкент қаласында өткен халықаралық «Ташкентті сүйеміз» атты байқауда ансамбльдің жас өнерпазы Әсел Айдосқызы бас жүлдені жеңіп алды.
Ақтау қаласында Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Ресей, Әзербайжан елдерінен және еліміздің 4 облысынан кіл мықтылар қатысқан «Біз – күн перзентіміз» атты халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің бишілері аудан абыройын асқақтатып, жүлделі ІІ орынды иеленген болатын. Би өнерінде 25 жылға жуық тәжірибесі бар білікті маман 200-ге жуық оқушыны тәрбиелеп, 2010 жылдан бастап аталған топқа жетекшілік етіп келеді.
Иә, Үміт Әшімқызының балғын балалары бағындырып жүрген белеске қосқан үлесі зор. Әріптесім екеуміз сүйінші хабарды ести салысымен, аудандық Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет үйіне бет бұрдық. Мұнда шәкірттерін шыңдаудан шаршамай, үнемі ізденіс үстінде жүретін Үміт Айтқұлованың тағы да шығармашылық қоржынына бір би дайындап жатқанына куә болдық. Ансамбль жетекшісімен тілдескенімізде осы қарқындарынан тоқтамай, топтың биік тұғырдан көріне беруіне күш сала беретінін аңғардық.
– Өздеріңіз білетіндей, Болат Қаржаубаев – облысымызға еңбегі сіңген биші. Бұл кісінің Алмас Қаржаубаев деген інісі бар. Сол кісінің байқауға Болат ағаның облыстағы мықты шәкірттерінің оқушылары қатысса деген ұсынысы бойынша қатыстық. «Би сұлтаны» атты байқауда қатысушылар екі жанр бойынша сынға түсті. Яғни қазақ биімен эстрада биі бойынша өз өнерлерін көрсетті. Ауданнан байқауға қазақ биі жанры бойынша «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің 8 бен 12 жас аралығындағы кіші би тобы қатысып, «Шаттану» биін биледі. Әуезді әуен мен әдемі қимыл үйлескен сайыста мың бұралған бишілерден құралған 8 өнер ұжымы қатысты. Жеңіс тұғырынан көріну үшін 6-7 ай бойы үзіліссіз дайындалдық. Халықаралық дәрежедегі сайыстарда сынға түсіп жүрген бишілермен бір сахнада өнер көрсетіп, бас бәйгені алу оңай емес әрине. Бұл жеңістің артында үлкен еңбек бар. Мәселен, осы биді қою үшін бишілерім 3 ай бойы демалған жоқ. Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында үлкен жетістікке қол жеткіздік. Осы тұста топтағы барлық бишілерім мен олардың ата-аналарына үлкен алғысымды айтамын, – дейді Үміт Әшімқызы.
Талабы мен таланты ұштасқан өнерпаздар үлкен сахналарда қанаты қатайып, бүгінде қоржындарына 70-тен аса би жинаған. Ансамбльдің қазақтың ұлттық өнерін насихаттаудағы еңбегі еселі.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!