Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Бейсенбі, 28 қараша, 00:49

Бізде қоқысты таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналған – премьер

12.03.2024

363

0

Премьер-министр Олжас Бектенов қоқысты жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті механизмдерін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, көптеген өңірде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды ұтымды жинау мен шығаруға, оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Соның салдарынан оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болып жатыр. Оларды жою мәселелері уақтылы шешілмейді.

«Бұл өңірлердегі экологиялық жағдайға айтарлықтай нұқсан келтіреді. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратып отыр. Ал, бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді», – деп мәлімдеді Бектенов үкімет отырысында.

Сондай-ақ, айтуынша, тамақ қалдығын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселесі де шешімін таппай отыр. Олардың қауіптілігіне жете мән берілмейді.

«Осы проблемаларды шешу үшін қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті механизмдерін әзірлеу қажет. Министрлік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жіберді. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал, қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз», – дейді үкімет басшысы.

Осы орайда ол қоқысты қайта өңдеп, дайын өнім шығарып отырған өңірлерді мысалға келтірді.

Солтүстік Қазақстан облысында «Радуга» компаниясы полиэтилен мен қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, халық тұтынатын әр түрлі тауар өндіреді. Шымкентте «Еврокристалл» компаниясы шыныны қайта өңдеп, ыдыс-аяқ шығарады. Алматы облысында «KZ recycling» компаниясы макулатурадан қағаз өнімдерін шығарады. Ал Қызылорда облысында әрбір аудан қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты өз жобаларын іске асырып жатыр.

«Осындай оң тәжірибе әр өңірде болуға тиіс. Алайда, мәселен, Атырау, Ақтөбе және Абай облыстарында көптен бері қалдықтарды сұрыптау желісін іске қоса алмай келеді. Бүкіл әлемде қоқысты қайта өңдеу табысты бизнес саналады. Біз де бұл бағытта замана көшінен қалмауға тиіспіз», – деп атап өтті премьер.

Оның пікірінше, осындай жобаларды іске асыру кезінде кәсіпорындарды экономикалық жағынан ынталандырудың тиімді тетіктері енгізілуі қажет. Коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптау жобалары 15 жылға 3% жеңілдікті ставкамен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылады. Сондай-ақ, қалдық жинауды, тасымалдауды және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін ЭкоҚолдау төлем бағдарламасының тетігі қайта іске қосылды.

Бұған қоса, қалдықтармен жұмыс істеудің нақты жүйесі экономикалық және экологиялық әсер беріп қана қоймай, кәсіпорындар ашуға, жаңа технологиялар тартуға, жұмыс орындарын құруға да ықпал етеді.

«Енді мұны тиімді іске асыру облыстар мен қалалардың әкімдеріне байланысты», – деді Бектенов.

Осыған байланысты үкімет басшысы экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және компаниялармен бірге қалдықтарды қайта өңдеу саласына инвесторлар тартудың қосымша тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Бұдан бөлек, салықтық преференциялар ұсыну мүмкіндігін пысықтап, тариф белгілеу мәселесін зерделеу қажет екенін айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: