Жексенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданға жұмыс сапарымен келді. Таң ауылдық округінде болған аймақ басшысы алдымен «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның ет өңдеу цехы жұмысымен танысты. 2018 жылы Таң ауылында ет өңдеу цехының іргетасы қаланған болатын. 2019 жылы құрылыс жұмыстары біткенімен карантинге байланысты кәсіпорын жұмысы кейінге қалған еді. 2021 жылдан бері ет өңдеу цехы жартылай фабрикат өнімдерін әзірлеуді бастап кетті. Қазіргі таңда мұнда 10 түрлі өнім өңделеді.
Кәсіпорын басшысы Динара Қалмұратова мұнда аптасына 3-5 бас ірі қара сойылатынын айтады. Серіктестік директоры Сәкен Шағыртаев шикізат, яғни ірі қара мен жылқыны ауылдан және ауданға қарасты басқа да елді мекендерден сатып алатынын жеткізді.
Биыл Таң ауылында екі азамат «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын несие алуға ниетті. Пайыздық үстемақысы төмен несиеден үмітті таңдықтар алдағы уақытта мал шаруашылығы бойынша кәсіп бастауды жоспарлап отыр. Сәкен Шағыртаев оларды мал азығымен қамтамасыз етуге дайын. Себебі алдағы уақытта мұнда өңделетін шикізатты сол азаматтардан алуға ниетті. Тіпті арада ауызша келісім-шарт та жасалып қойған. Бұл бір жағынан енді кәсіп бастауға талаптанған ауыл азаматтары үшін де үлкен қолдау болмақ. Себебі олар ертеңгі күні бордақылаған малын қайда сатамын деп бас қатырмайды.
Қазргі таңда кәсіпорында 8 адам тұрақты жұмыс жасайды. Мұнда «Бір асым ет», «Сыбаға» сынды жартылай фабрикатталған өнімдер дайындалады. Сондай-ақ дұшпара, күріш ботқасы, арпа ботқасы, қуырдақ сынды өнімдер де әзірленеді.
Ет өңдеу цехында қаңтар айынан бастап бұқтырылған сиыр еті өңделеді. Кәсіпорын басшысы Динара Қалмұратова мұнда сұранысқа сай күніне 300-350 консервіленген ет дайындалатынын айтады. Өңделген өнімдерге бүгінде Қызылорда қаласы мен көршілес Қармақшы ауданынан және өзіміздің Жалағаштан да сұраныс көптеп түседі екен.
Аймақ басшысы кәсіпорын жұмысына жоғары баға беріп, ауылдың абаттануына, елді мекен халқының тұрмыс сапасын арттыруда, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін тұсауда қажырлы еңбек етіп жатқан «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаевқа алғыс білдірді.
Айта кетейік, Таңның екінші тынысын ашып, тәуелсіздік жылдары түлеуінде «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы, Қызылорда облысының құрметті азаматы Имамзада Шағыртаевтың өзіндік қолтаңбасы бар. Мәселен, осы күнге дейін аталған серіктестіктің қолдауымен ауылда жалпы құны 701 млн теңгенің бірнеше жобасы жүзеге асқан. Бастысы, бүгінде олардың барлығы қарапайым халықтың қажетіне жарап тұр.
Серіктестіктің жеке қаражаты есебінен 2016 жылы ауыл мешітіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа төраға 5 млн теңге қаражат бөлді. Мұнан кейін 2018 жылы мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында «Таң бөбегі» бөбекжайын қайта жаңғыртты. Бұл мақсатқа кәсіпкер 300 млн теңге қаражат құйды. Қазіргі таңда онда 90 бала тәлім алуда.
Кәсіпкер дәл осы жылы мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында спорт кешенінің құрылысын бастады. Жалпы құны 56 млн теңгені құрайтын бұл нысан бүгінде ауыл жастарының қажетіне жарап тұр. Ал бүгін аймақ басшысы жұмысымен танысқан ет өңдеу цехының жалпы құны 150 млн теңгені құрайды.
Ауылда соңғы жылдары жүзеге асқан көптеген жобаның түбін түртсең, оның бастауына Имамзада Шағыртаевтың сеп болғанын аңғарасыз. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткіш құрылысына да іскер азамат 40 млн теңге қаражат жұмсаған. Ал ауылдық округ бойынша көшелерді жарықтандыруға Имамзада Шағыртаев 50 млн теңге қаржы бөлді. Мұнан бөлек жергілікті тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша атқарылған жұмыстарға ол 100 млн теңге жұмсаған.
Мұнан кейін Нұрлыбек Машбекұлы «Дала күні» семинар-кеңесі аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникаларының және өнімдерінің көрмесін тамашалады. Жабдықтаушы мекеме өкілдерімен пікір алмасты.
Облыс әкімі қонақтармен бірге танапқа алғашқы дән себу рәсімін өткізді. Іс-шарада Қызылорда облысының Құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов бата берді.
Аймақ басшысы шаруашылық үздіктерін «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және облыстың ең жоғары наградасы «Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен», облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Мұндай абырой биігінен көрінген еңбек озаттары қатарында жерлесіміз, «Байтабын» ЖШС агрономы Сұлтанбек Үсейінов пен «Таң ЛТД» ЖШС диқаны Рүстембек Шарапатұлы да бар.
Егіс алқабындағы «Дала күні» семинар-кеңесінің пленарлық мәжілісінде аймақ басшысы аграрлық саланы өркендетудің біздің өңір үшін өмірлік маңыздылығын атап өтті. Шаруалар қол жеткізген айтарлықтай жетістіктерге тоқталды.
– Сыр өңірінің қамбасын молайту жолында береке мен бірліктің саясына топтасып жүрген диқандарымыз бен барша жанашыр қауымды бүгінгі егіске алғаш дән себу рәсімімен шын жүректен құттықтаймын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекқор адам ең сыйлы адам болуы тиіс және маңдай термен тапқан әр тиын нағыз ардың ісі екенін халыққа жеткізді. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру үшін Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Осы міндетті орындаудың бірден-бір жолы – жергілікті жерде өндірілетін өнім көлемін арттыру. Биыл облыста 195,6 мың гектарға егін егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 83,9 мың гектарға себіледі. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу үшін 5 500 жергілікті тұрғынға қосымша 3 300 гектар жер дайындау жұмыстары жүргізілуде, – деді облыс әкімі.
Жиында жауапты мекеме басшылары мен шаруа қожалықтар иелері қолға алынған жұмыстарды, өзекті мәселелерді ортаға салды. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылатын жұмыстар пысықталған басқосуда алдымен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев аймақтағы егін егу жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Талғат Тұрсынұлының сөзіне сүйенсек, биыл 195,6 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылады. Оның ішінде күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға ұлғайған. Мұнан бөлек мал азығы дақылдары 2300 гектарға, картоп, пияз, сәбіз сынды бақша дақылдарының көлемі 220 гектарға көбейген.
Шаруашылықтар егіске қажетті тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде 100 пайыз жоғары репродукциялы күріш тұқымының 9 сұрпы себілуде. Басқарма басшысы күріш тұқымын жаңартуда шаруашылықтар Ресейдің жаңа сұрыптарын егіп жатқанын айтады.
Бүгінде шаруалар тыңайтқыштармен 97 пайыз қамтамасыз етілген. Сондай-ақ басқарма басшысы қажеттілік туындаған жағдайда уақытылы жеткізілетінін алға тартады.
Қазіргі таңда 3 мыңнан астам техника жөндеуден өтіп, егін егу жұмыстарына кіріскен. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін аймақта Үкімет тарапынан арзандатылған бағамен 12 100 тонна дизел отыны берілген. Кестеге сай шаруашылықтарға оның 80 пайызы үлестіріліпті. Талғат Дүйсебаев шаруашылықтар үшін жанармай тапшылығы және оның бағасына қатысты ешқандай мәселе жоқ екенін жеткізді.
Әлі де ақегіс жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың бүгінде 80 пайызы тәмам. Мұнан бөлек 46 мың гектардан астам ескі жоңышқа, 4800 гектар күздік бидай күтімге алынған.
Басқарма басшысы күріш егіп және оны суға бастыру жұмыстары биыл он күндей кеш басталғанын айтады. Талғат Тұрсынұлы оны ауа райының қолайсыздығымен байланыстырады. Алайда еккен егін жауын-шашынға ысырап болады деп уайымдауға негіз жоқ. Себебі жергілікті шаруашылықтар заманауи әрі озық үлгідегі техникалармен, құрал-жабдықтармен жарақталған. Ал картоп, жүгері, көкөніс және басқа да бірқатар бақша дақылдарын егу мамыр-маусым айларында жүргізіледі.
Талғат Дүйсебаев салада кейбір өзекті мәселелердің барын да жоққа шығармайды. Оның басым бөлігі аяқ су мәселесіне қатысты. Яғни аймақтағы оны үлестіретін мекемемен жергілікті шаруашылықтар келісім-шартқа отыруда жайбасарлық танытып отыр. Талғат Тұрсынұлы соның салдарынан «Шардара» су қоймасынан берілетін су көлемі мамыр айында қысқартылуы мүмкін дейді.
Айта кетейік, биыл 83,9 мың гектарға күріш егу межеленсе, аяқ суды үйлестіретін мекеме мен жергілікті шаруашылықтар арасында 24 мың гектар алқапқа қатысты келісім-шарт жасалған. Оның үстіне биылғы егіс науқанына дейін жергілікті шаруашылықтардың «Қазсушар» мекемесіне 171 млн теңгеден астам қарызы бар. Аталған мекеме тиісті қарызды қайтармай берешегі бар шаруашылықтармен келісім-шартқа отырмайды. Сондықтан осы мәселені төрағалар қаперге алғаны дұрыс.
Жалағаш ауданындағы шаруашылықтар аяқ суды үлестіретін мекемеге қарыз бойынша көш бастап тұр. Оның үстіне қазіргі таңда жергілікті шаруашылықтардың 39 пайызы ғана келісім-шарт жасасқан. Мұнан кейінгі орында Қазалы ауданы тұр. Бұл ауданда барлығы 50 млн теңгеден астам қарыз болса, бұл берешек бір ғана шаруашылыққа тиесілі екен. Аймақ басшысы бұл мәселені реттеудің маңыздылығына тоқталып, тез арада келісім-шарт жасау қажеттігін қаперге салды.
Биыл украиндық ғалымдардың қатысуымен демонстрациялық алаң ашу жоспарда бар. Мақсат – аймақта орын алған су тапшылығы жағдайында тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы және тыңайтқыштарды оңтайлы мерзімде беріп, әртараптандыру бағытында соя, күнбағыс, жүгері, бидай дақылдарының, күріштің бірнеше сұрпын тәжірибе ретінде егіп, шаруашылық құрылымдарына көрсету.
Басқосуда Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов аудандағы көктемгі егін егу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Иә, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын жоғары табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына сүбелі үлес қосып келе жатқан ауданның бірі – Жалағаш. Мемлекеттік қолдауларды ұтымды пайдаланған аудан диқандары соңғы жылдары, күріштің өнімділігін арттыруда табысты еңбек етіп, жыл сайын жоғары өнімге қол жеткізуде. Былтыр да аудан диқандары жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел ризығын ысырапсыз қамбаға құйды.
Асқарбек Темірбекұлы аяқ су мәселесі қос бүйірден қысқанда батыл шешімдер қабылдауға тура келгенін айтады. Мәселен, суды көп қажет ететін күріш көлемі 2021 жылмен салыстырғанда былтыр 1299 гектарға қысқартылған. Есесіне оның орнына жоңышқа, жүгері, бидай, арпа дақылдарының көлемі артқан. Атап айтсақ, жоңышқа 1329 гектарға, жүгері 298 гектарға, бидай 30 гектарға, арпа 12 гектарға артық егілген. Ал егісті әртараптандыру бағытында алғаш рет 73 гектар қант құмайы, 39 гектар соя, 5 гектар сұлы, 2,5 гектар қант қызылшасы егіліпті.
– Былтыр су тапшылығын болдырмау үшін Мемлекет басшысының тікелей араласуымен егілген дақылдар жоғары өнім беріп, толық жиналды. Сонымен қатар аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес аудандағы бірнеше отбасына картоп, бақша дақылдарын егу үшін 250 гектар жер дайындалды. Ол 802 отбасыға үлестіріліп, 146 гектар картоп, 8 гектар көкөніс және 96 гектар бақша дақылдары егілді. Егілген дақылдар уақытылы, толығымен жинап алынды. Уақыт талабына сай суды үнемдеу күн тәртібінен түспейді. Былтыр тамшылатып суару әдісімен «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 25 гектар картоп, 2,5 гектар қант қызылшасы, 5 гектар сәбіз дақылдарын егіп, жоғары өнімге қол жеткізді. Шаруашылық өсірген картоп, сәбіз өнімдерін облыстың барлық аудандарында арзан бағада тұрғындарға ұсынды. Егіншінің еңбегі ерте көктемнен басталады. Жаздың аптап ыстығында кетпенін арқалап, атыздың басында жүретін, өзінің жанкешті еңбегімен күзде елді молшылыққа кенелтетін диқандар қауымының еңбегі қай кезде де, қандай қоғамда да құрметті, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, биыл ауданда 37052 гектар жерге агротехникалық талаптарға сай егiс орналастыру межеленген. Оның ішінде күріш көлемі – 19 800 гектар. Қазіргі таңда 750 гектар жаздық бидай, 520 гектар мақсары, 70 гектар арпа, 70 гектар қант құмайы, 64 гектар соя, 5 гектар сұлы, 4850 гектар жаңа жоңышқа орналастырылып, 7200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Сонымен қатар ауданда картоп, бақша дақылдарын егу үшін 500 гектар жаңадан жер дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда 610 отбасы картоп, бақша дақылдарын егуге ниет білдірген. Жаңадан дайындалатын жерлер шаруашылықтардың демеушілігімен ұйымдастырылуда.
Аудан бойынша биыл 4950 тонна күріш тұқымы дайындалса, оның 362 тоннасы «Янтарь», 4 250 тоннасы «Лидер», 278 тоннасы «Маршал», 60 тоннасы «Сыр сұлуы» сұрпы екен.
Иә, еккен егіннің жемісті, өнімді болуы күтім мен тыңайтқыштарға тікелей байланысты. Осы орайда егісті күтіп-баптауға қажетті минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер дайындау жұмыстары да жүргізілуде.
– Көктемгі егу жұмыстарына қажетті 10810 тонна минералдық тыңайтқыш, 24060 литр гербицидтің 5654 литрі сатып алынды. «Егін егемін десең, алдымен сайманыңды сайла» деген көреген ата-бабаларымыз. Осы ретте көктемгі тіршілікте ауыл шаруашылығы техникалары шешуші рөл атқаратыны белгілі. Биыл егін егу жұмыстарына қатысатын 887 дана ауыл шаруашылығы техникасы толық жөнделіп, іске қосылды. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін аудан шаруашылықтары 218,3 млн теңге қаржыға 12 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды, – деді аудан басшысы.
Асқарбек Есжанов мұнан бөлек «Таң ЛТД» ЖШС-ның жұмыс барысына да арнайы тоқталды. Былтыр серіктестік диқандары күріштің әр гектарынан 65 центнерден орташа өнім алған. Шаруашылық биыл да жоғары көрсеткішке қол жеткізуді жоспарлап отыр.
Серіктестік тек күріш егіп қана қоймай жоңышқа да өндіріп келеді. Биыл 104 гектар бидай, 343 гектар жаңа жоңышқа егіп, 351 гектар ескі жоңышқа дақылын күтімге алған. Онда 115 адам тұрақты жұмыс істейді. Серіктестік жыл сайын жоғары өнім алып, аудан, облыс көлемінде биік белестерден көрініп келеді.
Айта кетейік, бүгінде «Шардара» су қоймасында 5,03 млрд текше метр, «Көксарай» су реттегішінде 1,79 млрд текше метр су бар. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың вегетациялық кезеңіне 3,8 млрд текше метр су пайдалану лимиті белгіленген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 200 млн текше метрге артық.
Душанбе қаласында өтетін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан елдері кіреді) кезекті отырысында су пайдалану маусымындағы Сырдария өзенінің сулылығы болжамына сәйкес, «Шардара» су қоймасына түсетін көлем нақтыланады. Болжам нақтыланған соң су лимиттері қайта белгіленеді.
Биыл қыс-көктем айларында «Нарын-Сырдария» каскадындағы қоймалардан төменгі ағысқа жіберілген мол судың арқасында каналдар мен көлдер жүйелері, шабындықтар суландырылған. Арал теңізінің суы 18,5 млрд текше метрден 20,140 млрд текше метрге көбейді.
Коммуналдық меншікке алынған 226 су шаруашылығы нысанын тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Биыл облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 78 шақырым болатын 7 каналды тазалау, елді мекендерге 21 дана насос қондырғысын жеткізіп беру және 27 каналға жоба-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.
Шаруашылықаралық каналдардың 68 пайызы, ішкі шаруашылықаралық каналдардың 79 пайызы тазаланған. Су құрылыстарының шаруашылықаралық каналдарының 48 пайызына, ішкі шаруашылық каналдардың 70 пайызына және насос қондырғылардың 83 пайызына, гидробекеттердің 88 пайызына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға қарай 16 магистралды және шаруашылық каналын цифрландыру жоспарланған. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы оның 5-еуіне, яғни 2 магистралды, 3 шаруашылықаралық каналға жоба-сметалық құжаттама әзірлеп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.
Суды тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімдігі мен Австралияның «Rubicon Global» компаниясы арасында аймақтың суландыру жүйелерін автоматтандыру, цифрландыру жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум республикалық меншіктегі Қызылорда солжаға магистральды каналы бойындағы аумақтардың суландыру жүйесін жаңғыртуды көздейді. Қазіргі таңда «Rubicon Global» компаниясы Қызылорда сол жаға магистральды каналына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жобасын ұсынды.
Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы ауыл шаруашылығы экспортының үлесін арттыру, шаруашылықтарды қажетті жанар-жағармаймен қамту және егілген өнімді мұқият баптап, уақытылы жинап алу бойынша тапсырма берді.
Аграрлы ауданның салада жеткен жетістігін тізе берсек, толайым табыс көп. Бастысы, жергілікті диқандар рекордттық өнім алуды дәстүрге айналдырған. Жыл сайын күрішпен кірісін еселеген ауданның экономикасында қалыптасқан серпін бұл сөзіміщге дәлел.
Биыл да аудан жұрты көктемгі егін жұмыстарын бастап кетті. Оның үстіне өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі ұлғайған. Демек, биыл да салада асығымыз алшысынан түскелі тұр, қырман астыққа толып, еткен еңбек ақталсын дейміз.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!