Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 10:12

Думанға бөлеген мереке

23.03.2024

943

0

Түркі халықтарына ортақ Наурыз мейрамын Орта Азия елдері 5 мың жылдан бері тойлап келеді. Осыдан-ақ бұл мейрамның тарихы тереңде екенін аңғару қиын емес. Соңғы жылдары ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтуге ерекше мән берілуде. Олай болғаны да дұрыс, себебі тіршіліктің бастауы саналатын көктеммен қатар келген бұл мейрамда салт-дәстүр жаңғырады, өшкеніміз жанып, өткеніміз ұлықталады. Жердің тоңы жібіп, тіршілік басталады.

Ұлыстың ұлы күні биыл елімізде 10 күн тойланды. Бір сөзбен айтқанда, жаңа форматта өтті. 14 наурыз күні Көрісу, яғни Амал мерекесімен басталды. 15 наурызда қайырымдылық, 16 наурызда мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз шаңырақ, 18 наурыз ұлттық киім күні болып белгіленді. Дәл осы күндері ауданда ұлттық киімдеріміз ұлықталып, салт-дәстүріміз насихатталды.
19 наурызды «Жаңару күні» деп белгіледік. Осы күні ауданда көктемгі ағаш егу жұмыстары жүрді. 20 наурызда ұлттық спорт күні атап өтілді. Ол күні «Наркескен» спорт клубында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйым­дастырылып, жалағаштықтар өзара мықтыны анық­тады. Ал 21 наурызда ынтымақ күні ауданға қарасты барлық ауылдарда Наруыз кең көлемде тойланып, барлық берекенің бастауы бірлікте екені халыққа насихатталды.
22 наурыз – жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өтті. Наурыз мейрамына арналған негізгі шаралар дәл осы күні қорытындыланды. Жалағаш ауданында да ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойланып, спортшылар сынға түсті, халық наурызкөжеден дәм татты, жергілікті өнерпаздар тойға келген жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Тағылымды шара таң атысымен «Тағзым» аллеясында бастау алды. Ең алдымен меймандар Ілиясовтар отбасының шаңырағында үш бірдей баланың тұсаукесер рәсіміне куә болды. Балалардың тұсауын кесіп, қадамына сәттілік тілеген аудан әкімі Ардақ Ибраимов жиылған жұртты Наурыз мейрамымен құттықтады.
Аудан жұртының бұл мейрамға қалай дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Жергілікті қолөнершілердің бұйымдары қойыл­ған көрмелер, әрбір шаңырақты ауыл өнерпаз­дарының думанға бөлеуі, бәрі-бәрі аудан халқының бұл мейрамды жоғары деңгейде атап өтуге тыңғылықты дайындалғанын айшықтайды.
Түсінген адамға орталық алаңда тігілген үйлер тек ас-су ішу үшін ғана емес, мұнда әр шаңырақта түрлі сат-дәстүріміз насихатталды. Келген меймандар кейбір ұмыт болған салт-дәстүрімізді танып-білді.
Әне-міне дегенше негізгі шара да басталды. Бұған дейін дәм татып, бір-бірін мейраммен құттықтап әрі-сәрі болған ағайын енді жергілікті өнерпаздар әзірлеген негізгі шараны тамашалауға бет алды.
Алдымен керемет қойылымдар болды, бүлдіршіндер мың бұрала биледі. Жұрт саумалық айтты, жыл басынан жа­қсылық тіледі. Мұнан кейін Ардақ Әбдіғаппарұлы аудан жұртын аталған мейраммен құттықтап, былтыр жүзеге асқан жобаларды кеңінен тарқатты, биыл да елдің әлеуетін арттыруға бағытталған жарқын жобалар барын да жасырмады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл елімізде Наурыз мейрамын кеңінен атап өту және оның маңыздылығын арттыру жөнінде Наурызнама тұжы­рымдамасы дайындалды. Соған сәйкес 10 күн бойы ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды кеңінен насихаттауға арналған танымдық-мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Тамыры тереңге бойлаған Наурыз қашан да дана халқымыз үшін еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмеген бірліктің, ынтымағы ажырамаған ырыстың символы іспеттес. Табиғат түлеп, жаңарған сәтте есіктен енетін ақ пейіл мен мол татулықтың мерекесі ретінде қазақпен біте қайнасып келе жатыр. Бәрімізге мәлім Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Бұл күні тіршілік оянып, күн мен түн теңеліп, табиғат-ана жасарып, жаңарып, ерен еңбектің думаны басталады. Адамзат баласы сағынышпен қауышып, өкпе-реніштерді ұмытып, бір-біріне жылы лебізін білдіріп, өсіп-өнуін тілейді. Игі дәстүр бойынша біз де жаңа жылдан жақсылықтар мен жаңа жетістіктер күтеміз. Ұлыстың ұлы күні біз үшін қашанда ата-бабаларымыздың ұлағаты мен даңқын дәріптеген дәстүр ретінде қымбат. Наурыз туғанда диқан кетпенін сайлап, шаруаға кіріседі. Осы тұрғыдан алсақ, Наурыз – елді еңбекке жұмылдыратын, ырыс-несібемізді арттыратын мейрам. Елі­міз­дің мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Наурыз мерекесі әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, бақыт пен молшылық әкелсін! Наурыз мол ризық-несібесімен, құт-берекесімен келсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, – деді аудан әкімі.
Мұнан кейін сахналық қойылымдарға кезек берілді. Жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты, жиылған жұрт олардан қошеметін аямады. Бір сөзбен айтқанда, елдің ұлыстың ұлы күнін асыға күткені көрініп-ақ тұр. Салтанатты шара соңына жеткенде ел спортшылардың жарысын тама­шалауға асықты.
Иә, мереке қарсаңында ұлттық спорт ұлықталды. Аудан спортшылары арасында қол күрес, арқан тартыс, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен тартысты сайыс өтіп, өзара мықтылар анықталды. Оған 100-ге жуық спортшы қатысты. Спортшылар ең алдымен сайысты шымырлық пен ептілікке үйретіп, дененің қимыл-қозғалысын ширатуда ешбір ойын түрінен кем түспейтін арқан тарту сайысынан бастады. 8 команда қатысқан сайыста жеңісті жолдан жығылмайтын Ақсу құрамасы бұл жолы да көш бастап, 50 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Кент спортшыларынан құралған «Стадион» командасы ІІ орынға тұрақтап, 40 мың теңге жеңіп алса, қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицей ұжымы үздік үштікті түйіндеп, 30 мың теңге иеленді.
Бұдан кейін спортшылар қол күресте сынға түсті. Білектілер сайысында І орынды кент спортшысы Мұхтар Тәжмахан алды, Ал Алмат Тәжмахан ІІ орынды еншіледі, ІІІ орынға Нұрсұлтан Табынбай лайық деп танылды.
Гір тасын көтеруге 20-ға жуық спортшы қатысты. Нәтижесінде І орынды Абдулхасан Сейтенов алып, 30 мың теңге иеленді. Ислам Мәжиев ІІ орын алса, Данияр Байсақалов ІІІ орынға тұрақтады. Жарыс соңында спортшылар аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтың алғыс хатымен марапатталып, арнайы қаржылай сыйлық пен кубок иеленді.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: