Соңғы жылдары ауданымызда балаларына жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпе салдырмай, бас тартып жүрген ата-аналар қатары жиілеп келеді. Екпе жайлы қазіргі таңда барлық ата-аналардың хабары бар. Алайда баланы егуге алып келген кезде әртүрлі сенімсіз жағдайлар туындайды. Бұл сенімсіздіктің өз себебі бар. Осыдан 30-40 жыл бұрын ата-аналарға қызылша мен күлдің қауіптілігі жайлы айтудың қажеті болмады. Ал көкжөтелдің ауыр түрі әрбір қала мен ауыл ауласынан естілетін. Сал ауруының асқынуы – мүгедектіктен қорқыныш әрбір ата-ананың көкейтесті мәселесі болды.
Бұл мәселе тек Қазақстанда емес, дүниежүзінде де кездеседі. Жоғарыда айтып отырған ауруларымыздың барлығы екпемен басқарылатын аурулар. 1980 жылдары дүниежүзі бойынша шешек ауруы мүлде жойылды, оған себеп – екпе. Осындай аурулардан қорғанудың басты жолы 95-100 пайыз алдын ала екпемен қамту екені дәлелденген. Сондықтан елімізде бұл жағдай жолға қойылған.
Тарихтан білетініміздей, оба, шешек, сүзек ауруларынан талай адамдар отбасымен өмірден өткен жағдайлары болса, осыдан 40-50 жыл бұрын қызылша, көкжөтел, дифтерия, полиомиелит ауруларының қаншалықты қауіпті екендігін, балалардың өлім-жітімінің көптігі сондай, ата-аналарға бұл аурулар қандай үрейлі екендігін түсіндіріп жатудың қажеті болмайтын.
Бір-біріне ұқсас, өте ауыр ағымда өтетін сол аурулардың біріне тоқтала кетейік. Сал, сіреспе, дифтериямен ауырған адамдарда ауру қоздырғыштары нейротоксин бөліп шығару арқылы ауру ағымы өте ауыр жағдайда өтіп, адам өміріне қауіпті болады. Ол жүрек тамыры мен орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Бұлар – жүрек бұлшық еттері, тыныс алу бұлшық еттерінің және диафрагманың, жұмсақ таңдай, бет, мойын және аяқ-қол бұлшық еттерінің қатты сіресіп зақымдалуынан тартылып қалуымен салдану сияқты өте ауыр өтетін жұқпалы аурулар. Бұл ауруларға уақытылы арнайы дәрігерлік көмек көрсетілмесе, науқастан айырылып қалу қаупі жоғары. Вакцинациялаудың арқасында осы арулардың кейбірі дүниежүзі бойынша түгелімен жойылды. Мысалы, нағыз шешек 1978 жылы түгелімен жойылды, ал оба, сал, қызылша, сіреспе, қырылдауық, көкжөтел аурулары біраз азайды.
Өткен заманды «ертегі» деп сенбесеңіз, күні кеше, яғни 1990-2000 жылдар аралығында ең көп тіркелген гепатит А ауруын ұмытпаған шығарсыздар. Әсіресе, оқушылар арасында бір сыныптан бір бала ауырса, 80 пайызы осы аурумен ауыратын. Күні бүгінде 2 жастан асқан балаларға вирусты гепатит А ауруына қарсы вакцина қолданысқа енгізіліп, соның нәтижесінде балалар арасындағы ауру тіркелуі 2006 жылдан бері жоқтың қасы деуге болады. Содан болар, біз бұл аурулардың қаншалықты ауыр өтетінін ұмытып отырмыз. Ал жоғарыда айтылғандай, жас ата-аналар бұл инфекцияларды көрмек түгілі, тіпті, естіген де жоқ. Кейбір ата-аналарда «ешқандай қауіп-қатер жоқ» деген алдамшы пікірлер, «бізге вакцина қажет пе және олар қауіпсіз бе?» деген сұрақтар туындайтыны сондықтан.
Қазақстанда профилактикалық екпе егудің ұлттық күнтізбесі бойынша 14 жұқпалы аурудың түріне қарсы екпе тегін жүргізіледі. Қалған тұмау, менингит сияқты жұқпаларға қарсы екпелер ақылы түрде жүргізіледі. Алайда жүкті әйелдерге, жиі ауыратын адамдарға, науқастармен жиі қарым-қатынас жасайтын медицина қызметкерлеріне тұмауға қарсы, сонымен қатар оба, іш сүзегі, күйдіргі, құтырма сияқты ауруларға қарсы екпе халықтың қауіп төндіретін контингенттеріне тегін жүргізіледі. Біздің елге келетін екпенің барлығы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатымен, рұқсаттарымен келеді. Әрбір келген вакцинаны бірнеше айдан бастап, бірнеше жылдар бойы зерттеп, оның қауіпсіздігі тексеріледі. Мұндай мүмкіндік кез келген елде жоқ.
Жалпы екпе салғаннан кейін ағзада сол ауруға қарсы арнайы антиденелер пайда болады. Қорғану антиденелерінің нәтижесінен баланың дене қызуы көтеріліп, ине салған жері қызаруы мүмкін, бала мазасызданып жатады. Бұл алғашқы күндері ғана болады. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Қалай десек те, бастысы, екпе баланы сол аурудан қорғайды. Ал дінге келетін болсақ, «ислам шариғаты балаға екпе егуге қарсы» деген пікірдің қате екендігін теолог ғалымдарымыз да мойындап отыр. Өйткені қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Сондықтан екпенің негiзгi мақсаты – ол адам ағзасында иммунитет пайда болу арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұру.
Екпе жасаудың маңыздылығын әрбiр ата-ана мен жалпы қоғамда толық түсiнiк болуы өте қажет. Жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі бірден-бір құрал халықты егумен толық қамту екенін жұртшылықтың жаппай түсінуі маңызды. Дана халқымыздың «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасы жұқпалы ауруларға қарсы екпенің қажеттілігін тайға таңба басқандай айқындай түседі.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!