Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Сейсенбі, 30 сәуiр, 16:11

Екпе алмасақ, қауіп көп

16.04.2024

146

0

Соңғы жылдары ауданымызда балаларына жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық екпе салдырмай, бас тартып жүрген ата-аналар қатары жиілеп келеді. Екпе жайлы қазіргі таңда барлық ата-аналардың хабары бар. Алайда баланы егуге алып келген кезде әртүрлі сенімсіз жағдайлар туындайды. Бұл сенімсіздіктің өз себебі бар. Осыдан 30-40 жыл бұрын ата-аналарға қызылша мен күлдің қауіптілігі жайлы айтудың қажеті болмады. Ал көкжөтелдің ауыр түрі әрбір қала мен ауыл ауласынан естілетін. Сал ауруының асқынуы – мүгедектіктен қорқыныш әрбір ата-ананың көкейтесті мәселесі болды.

Бұл мәселе тек Қазақстанда емес, дүниежүзінде де кездеседі. Жоғарыда айтып отырған ауруларымыздың бар­лығы екпемен басқарылатын аурулар. 1980 жылдары дүниежүзі бойынша шешек ауруы мүлде жойылды, оған себеп – екпе. Осындай аурулардан қор­ғанудың басты жолы 95-100 пайыз алдын ала екпемен қамту екені дә­лелденген. Сондықтан елімізде бұл жағдай жолға қойылған.
Тарихтан білетініміздей, оба, ше­­шек, сүзек ауруларынан талай адам­­дар отбасымен өмірден өткен жағ­­дай­лары болса, осыдан 40-50 жыл бұ­­рын қызылша, көкжөтел, диф­терия, полиомиелит ауруларының қанша­лық­ты қауіпті екендігін, балалардың өлім-жітімінің көптігі сондай, ата-аналарға бұл аурулар қандай үрейлі екендігін түсіндіріп жатудың қажеті болмайтын.
Бір-біріне ұқсас, өте ауыр ағымда өтетін сол аурулардың біріне тоқ­тала кетейік. Сал, сіреспе, дифте­риямен ауырған адамдарда ауру қоз­дырғыштары ней­ротоксин бөліп шы­ғару арқылы ауру ағымы өте ауыр жағ­дайда өтіп, адам өміріне қауіпті болады. Ол жүрек тамыры мен орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Бұлар – жүрек бұлшық еттері, тыныс алу бұл­шық еттерінің және диафрагманың, жұм­сақ таңдай, бет, мойын және аяқ-қол бұлшық еттерінің қатты сіресіп зақымдалуынан тартылып қалуымен салдану сияқты өте ауыр өтетін жұқ­палы аурулар. Бұл ауруларға уақы­­тылы арнайы дәрігерлік көмек көр­сетілмесе, науқастан айырылып қалу қаупі жоғары. Вакцинациялаудың ар­қа­сында осы арулардың кейбірі дү­ниежүзі бойынша түгелімен жойылды. Мысалы, нағыз шешек 1978 жылы түгелімен жойылды, ал оба, сал, қы­зылша, сіреспе, қырылдауық, көкжө­тел аурулары біраз азайды.
Өткен заманды «ертегі» деп сен­бесеңіз, күні кеше, яғни 1990-2000 жылдар аралығында ең көп тір­келген гепатит А ауруын ұмытпаған шы­ғарсыздар. Әсіресе, оқушылар ара­сында бір сыныптан бір бала ауырса, 80 пайызы осы аурумен ауыратын. Күні бүгінде 2 жастан асқан балаларға вирусты гепатит А ауруына қарсы вакцина қолданысқа енгізіліп, соның нәтижесінде балалар арасындағы ауру тіркелуі 2006 жылдан бері жоқтың қасы деуге болады. Содан болар, біз бұл аурулардың қаншалықты ауыр өтетінін ұмытып отырмыз. Ал жо­ғарыда айтылғандай, жас ата-аналар бұл инфекцияларды көрмек түгілі, тіпті, естіген де жоқ. Кейбір ата-аналарда «ешқандай қауіп-қатер жоқ» деген алдамшы пікірлер, «бізге вакцина қажет пе және олар қауіпсіз бе?» деген сұрақтар туындайтыны сондықтан.
Қазақстанда профилактикалық екпе егудің ұлттық күнтізбесі бойынша 14 жұқпалы аурудың түріне қарсы екпе те­гін жүргізіледі. Қалған тұмау, менингит сияқты жұқпаларға қарсы екпелер ақылы түрде жүргізіледі. Алайда жүкті әйелдерге, жиі ауыратын адамдарға, науқастармен жиі қарым-қатынас жа­сайтын медицина қызметкерлеріне тұмауға қарсы, сонымен қатар оба, іш сүзегі, күйдіргі, құтырма сияқты ауруларға қарсы екпе халықтың қауіп төндіретін контингенттеріне тегін жүр­гізіледі. Біздің елге келетін екпенің барлығы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатымен, рұқсаттарымен келеді. Әрбір келген вакцинаны бірнеше айдан бастап, бірнеше жылдар бойы зерттеп, оның қауіпсіздігі тексеріледі. Мұндай мүм­кіндік кез келген елде жоқ.
Жалпы екпе салғаннан кейін ағ­зада сол ауруға қарсы арнайы ан­ти­денелер пайда болады. Қорғану анти­денелерінің нәтижесінен баланың дене қызуы көтеріліп, ине салған жері қызаруы мүмкін, бала мазасызданып жатады. Бұл алғашқы күндері ғана болады. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Қалай десек те, бастысы, екпе баланы сол аурудан қорғайды. Ал дінге келетін болсақ, «ислам шариғаты балаға екпе егуге қарсы» деген пікірдің қате екендігін теолог ғалымдарымыз да мойындап отыр. Өйткені қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Сон­дықтан екпенің негiзгi мақсаты – ол адам ағзасында иммунитет пайда болу арқылы жұқпалы ауруларды қа­былдауға қарсы тұру.
Екпе жасаудың маңыздылығын әрбiр ата-ана мен жалпы қоғамда то­лық түсiнiк болуы өте қажет. Жұқ­палы ауруларға қарсы күрестегі бірден-бір құрал халықты егумен толық қамту екенін жұртшылықтың жаппай тү­сінуі маңызды. Дана халқымыздың «ауы­рып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасы жұқпалы ауру­ларға қарсы екпенің қажеттілігін тайға таңба басқандай айқындай түседі.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: