Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Дүйсенбі, 23 қыркүйек, 15:23

Екпеден неге бас тартамыз?

16.01.2024

303

0

Адамзат баласы жаратылғаннан бері өмір сүру мақсатында денінің саулығы үшін күресіп келеді. Біздің ата заңымызда: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Қазақстанда балаға туғаннан бастап, 16 жасқа толғанға дейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салынуы тиіс екен. Бұл екпелердің біразы міндетті, бірқатары ерікті болып есептеледі.

Адам – мемлекеттің басты ка­пи­талы, яғни байлығы, болашағы, күш-қуаты, тірегі һәм ғұмыры. Ал адам денсаулығының саулығы – мем­ле­кеттің ғана емес, барша адам­заттың жарқын болашағының бірден-бір кепілі. Не десек те ақхалатты абзал жандармен біршама уәкілетті мекеме қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарын жүргізуінің кемі жоқ, дегенмен аудан көлемінде екпеден себепсіз бас тартушылар да жоқ емес. Ол азаматтардың бірқатарымен кез­­десіп, түсінік жұмыстарын жүр­гіз­ге­німізбен райынан қайтпай отырған­дары да бар. Оларды әуелі екі топқа бөліп қарастыруға болады.
Біріншісі, «екпеден кейін жас ба­ланың ағзасы дәрінің кері әсеріне ұшырауы мүмкін» деген қорқыныш пен үрей. Қазір ғаламтор көпшілік үшін қолжетімді жағдайда. Барлығымыз ғаламторды пайдаланамыз. Ғалам­торда ақпарат өте көп, олардың ара­сында өтірігі, расы, рес­миі, рес­ми емесі де, барлығы бар. Сон­­дық­тан вакциналарды өнді­ру­ші­­лер­дің ара­сында өзара бәсе­ке­­лестік болған­дықтан, олар бір-бірі туралы түрлі жағымсыз ақ­па­раттарды қасақана бе­руі де мүмкін. Нәтижесінде түп-төр­кіні тексеріл­меген түрлі жағымсыз ақпараттарға сеніп қалып жатамыз.
Екіншісі, діни ұстанымдарына бай­­­­ла­нысты сылтауратып екпеден бас тарту. Бұл жағдайлар көбіне дәс­­­түр­лі емес діни ағымдардың же­те­гінде кеткен азаматтарда бай­қалады. Деструктивті діни ағымдар қоғамдық қа­уіпсіздікке, неке және отбасы инс­ти­­тутына, адам денсау­лығына қа­тер төндіреді. Олар өз­деріне және от­басы мүшелеріне ме­ди­циналық рә­­сім­дердің кейбір түр­лерінен, мыса­лы, қан құю, донорға қан беру, вак­ци­на­ция, ағза мүшелерін транс­плата­циялау т.б. бас тартады. Енді осы мә­се­леге ерекше тоқалып, кеңінен тар­қа­тып айтсақ…
Дін тұрғысынан келгенде ден­сау­лық Жаратушыдан берілген ама­нат екенін ескерсек, әрбір адам ба­ласы аманатқа қиянат жаса­май, ден­саулығын күтіп, ауыр­маудың жолын іздеуі керек. Ал шари­ғат негіздеріне сүйенсек, егер ден­сау­лыққа зиян кел­тірмесе және емдік сипатта болса, екпе алудың ислам дініне ешқандай қайшы келетін тұс­тары жоқ. Мысалы, Мұхам­мед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде: «Бәдәуилер: «Иә, Расулуллаһ (с.ғ.с)! Біз емделу үшін ем қолдансақ бола ма?» – деп сұ­рағанда, Расулуллаһ: «Иә, Ей Алла Тағаланың құлдары! Ауырған жағ­дайда емделіңдер. Өйткені Алла Тағала әрбір аурумен бірге оның шипасын да жаратқан. Тек бір ауру­дың шипасы жоқ» – деді.
– Я, Расулуллаһ! Ол қандай ауру?
– Ол – кәрілік.
Хадисті Усама ибн Шариктен Имам Бухари, Имам Ахмад, Имам ибн Мажаһ, Имам Дауд, Имам Тер­ми­зи және Имам Насай риуаят етті. (Са­хих хадистер 2 том. Алматы 2004.)
Қасиетті құран кәрімде Ниса сүресі, 58 аятта: «Негізінен Алла сендерге аманаттарыңды өз лайық орнына тапсыруларыңды әмір етті» деген. Ал енді қазіргі уақытта діни сауатсыздықтың салдарынан діни фанатизмге бой алдырған кейбір азаматтарымыз «анау харам, мы­нау бидғат, оны істесең тозаққа түсе­сің т.б.» деген сияқты жаңсақ пі­кірлерімен өз адасқандарымен қой­май, жұртты да адастыруда.
Осыған орай Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының ғұла­малар кеңесінің шешімі бойынша 2015 жылдың 25 мамырында құ­­ра­мында этилдік спирті бар дәрі-дәр­мектерді қолдануға болады деп пә­туа шығарылды. Шығарылған ша­ри­ғи үкім мынадай тармақтардан тұра­ды:

  1. Спиртті ішімдік ретінде қол­дануға шариғи тұрғыдан тыйым са­лады. Алайда нәжіс емес.
  2. Құрамында спирт болған дәріні дененің сыртқы бөлігіне қолдануға болады.
  3. Егер спирт қандай да бір дә­рі­нің құрамында болып, болмысы мен сипатын жоғалтса, дәріні ішуге бо­лады.
  4. Ал егер сала мамандары спирт қандай да бір дәрінің құрамында болып, болмысы мен сипатын жо­ғал­т­паған деп тұжырымдаса, төмен­де­гі шарттарды ескере отырып ішуге рұқсат:
    Аса зәру жағдайда құрамында спир­ті бар дәрінің орнын басатын ба­ла­ма таза дәрі табылмаса;
    Құрамында спирт қосындысы бар дәрі науқастың оңалуына септігін тигізсе;
    Жоғары білікті әрі сенімді дәрі­гер­дің нұсқауымен пайдалануға бо­лады.

Екпе туралы
Ата заң не дейді?

Елімізде балалардың құқы­ғын, ден­­­саулығын қорғау Ата Заңмен бел­­­гіленген. Қазақстан Республика­­сы­­ның «Халық денсаулығы және ден­­саулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 89-бабының 1.1-тар­ма­ғында «Әрбір бала денсаулық сақ­тау жүйесінің заманауи және тиімді қызметін, ауруларды емдеу құ­рал­дарын пайдалануға және ден­сау­лығын қалпына келтіруге құ­қылы» жә­не 156-бабының 1-тар­мағында «Қа­­за­қс­танда тұратын фи­зи­ка­лық тұл­­ғалар кепілді ақысыз ме­ди­цина­лық көмек шеңберіндегі ин­фек­­ция­лық және паразитарлық ауру­лар­ға қарсы алдын алу екпелерін алуға мін­­детті» деген жолдар бар. Сон­дай-ақ «Діни қызмет және діни бір­лестіктер туралы» Қазақстан Рес­­пуб­ликасының 2011 жылғы 11 қа­­­зан­­­дағы Заңының 3 бабының 9 тар­ма­ғының 1 тармақшасында «Дін мен діни бірлестіктердің мемле­кет­­­тен бөліну қағидатына сәйкес ді­­ни бірлестіктер: мемлекеттік ор­ган­­­дардың функцияларын орында­май­ды және олардың қызметіне ара­ласпайды» деп, ал осы тармақтың 3 тармақшасында «Діни бірлестіктер Қазақстан Республикасы заңнама­сының талаптарын сақтауға мін­детті» деп нақты көрсетілген. Осы­ған орай екпенің құрамында адам денсаулығына жағымсыз әсер ететін дәрілік компоненттер болмаса, ал­лергиялық және т.б. себептермен ағ­за­ның қабылдамау фактілері ал­дын ала тексерілсе, зертханалық са­рап­таудан өткізілген екпені қа­был­дау ешқандай даулы мәселе туғызбайды деп есептейміз.
ҚР-ның дін саласындағы мемле­кеттік саясатының 2017-2020 жыл­дар­ға арналған тұжырым­дамасында: Денсаулық сақтау жүйесі. Ел аза­маттарының жыныстық нәсіліне, этно­сына, тіліне, әлеуметтік шығу тегіне және діни сеніміне қарамастан оларға толық медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету әлеуметтік мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті болып табылады.
Діни бірлестіктер мен оның өкіл­де­рі адам денсаулығы мен өмірін тек медициналық жолмен ғана сақ­тау мүм­кін болған жағдайда аза­мат­тар­ды медициналық көмектен бас тар­ту­ға шақырмауы тиіс» деген жол­дар бар.
Ислам діні бойынша адамның өмі­рі – Алланың аманаты. Ал бұл ама­натқа қиянат жасау – діни көз­қарас бойынша күнә. Денсаулыққа көңіл бөліп, салауатты өмір сүру керек. Сондықтан екпені қабылдап, аурудың алдын алу да ислам дініне сай нәрсе. Бұдан басқа жыл сайын қажылық кезінде Сауд Арабиясына барғандарға әуежайда ұшақтан түс­кен бойда басқа құрлықтан, алыс аймақтардан келген адамның ауру жұқтырып, сырқаттанбауы үшін вак­цинамен екпе жасалады. Яғни на­ғыз мұсылман елі деп есептелетін Сауд Арабиясының өзінде вакцина жүр­гізіледі. Көріп тұрғаныңыздай, «вак­­­цина мұсылман дініне сәйкес кел­мейді» деп дау-дамай шығаруға еш­қандай негіз жоқ. Қазақстан мұ­сыл­мандар діни басқармасының «Дәс­­­түрлі ислам екпені мойындайды, ек­пе алуға болады» деген арнайы пә­туа­­сы да бар.

Арыстанбек БАЙҚАБЫЛОВ,

аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: