Кеше аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауыл тұрғындарымен кездесті. Жұмыс сапарымен ең әуелі Аққыр ауылына аялдаған ол тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түріп, елдің мәселесі ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Аудан орталағынан шалғай орналасқан тұрғындардың талап-тілегі көп. Олар көтерген мәселе қалай, қашан шешімін табатыны беймәлім. Десе де, кешегі кездесуде тұрғындарға «өтірік уәде беруден аулақпын» деген аудан басшысы ұсыныстардың барлығын назарға алып, кезең-кезеңімен шешімін табуға тырысатынын жеткізді.
Спорт кешені бой көтеруде
Бүгінге дейін бірнеше рет Аққыр ауылына тілшілік тіршілікпен барып, елді мекеннің тынысымен танысқан болатынбыз. Байқауымызша, мұнда кәсіпкерлік саласы түрленген. Бүгінге дейін 91 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 54-і шаруа-фермер қожалығы болса, 36-сы – дара кәсіпкер. Қуантарлығы, қазіргі таңда барлығы 100 пайыз жұмыс жасап тұр.
«Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін 6 ауыл тұрғыны оқып, оның 4-еуі қайтарымсыз грант алған. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2 жоба қаржылай қолдау тауып, бүгінде өз жұмысын жасап жатыр. Ал 1 тұрғын «Ауыл аманаты» жобасы бойынша асылтұқымды ірі қара өсіруге құжаттарын өткізіп, жоба қаржыландыруға ұсынылған. Жалпы құны 6 млн теңгені құрайды.
Иә, шалғайдағы Аққырдың ширақ шаруасына қарап, мұнда тұрғындарды кәсіппен айналысуға үндеу мақсатында жүргізілген түсіндірме жұмыстарының оң нәтиже бергенін аңғардық. Бұған дейін тек мал шаруашылығымен айналысып келген жергілікті тұрғындар биыл күрішке алғаш рет орақ салды. «Ер-Әлі» шаруа қожалығы суды қайта пайдалану арқылы елді мекенге 120 гектар «Маршал» сұрыпты күріш еккен.
Аққырлықтар бұған дейінгі кездесулерде көтерген күрделі мәселенің бірі мәдениет үйі ғимаратына қатысты болған. Кешегі кездесуде де аққырлықтардың басты мәселесі де осы болды. Ауыл әкімінің айтуынша, бұған қатысты арнайы жоба әзірленген. Алдағы уақытта қаржылай қолдау тапса, Аққырда жалпы құны 325 млн теңгені құрайтын 100 орындық ауылдық клуб бой көтереді.
Иә, мәдениет саласына жағдай жасалған дұрыс. Кезінде осы аядай ғана ауылдан қаншама өнер адамдары шығып, республикалық, облыстық сайыстарда ауылдың қарапайым механизатор, сауыншылары бас бәйгені еншілеген.
Мыңнан астам халқы бар Аққырда биыл ел еңсесін тіктеуде жарқын жобалар жүзеге аспақ. Облыс бойынша «Үлгілі елді мекен» номинациясын жеңіп алған ауылда жоба аясында 15 млн теңге және аудандық бюджеттен 1,5 млн теңге, яғни жалпы құны 16,5 млн теңгеге спорттық жаттығу алаңын жүргізу жоспарлануда. Келер жылы алғашқы алты айлықта тиісті жұмыстар атқарылады.
Мәселен, мұнда «Қазақстан халқына» қоры арқылы құны 175 млн теңгені құрайтын ангар типтес спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі таңда елді мекенде 1 спорт зал, 1 спорт алаңы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері №14 спорт мектебінің ауыр атлетика филиалы ашылған. Қазіргі таңда 60 бала ауыр атлетика спортымен шұғылдануда.
Шалғайдағы ауылда білім саласы да айтарлықтай жақсарған. Елді мекендегі №188 орта мектеп 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі уақытта 157 оқушы білім алатын алтын ұяда 30 ұстаз еңбек етуде. Мұғалімдердің 96,8 пайызы – жоғары білімді маман. Былтыр мектепті 9 түлек бітіріп, 100 пайыз ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, барлығы еліміздегі маңдайалды оқу орындарында білім алуға грант жеңіп алған. Бір қызығы, мектеп табалдырығын аттаған соңғы 6 жылдағы түлектердің барлығы ҰБТ-ға түгел қатысып, 100 пайыз жоғары оқу орнына түскен. Сонымен қатар ауылды абаттандыру барысында 1,3 млн теңгеге елді мекеннің кіреберісіндегі жасыл белдеуді қоршау және 1 млн теңгеге санитариясын қамтамасыз ету, өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 548 мың теңгеге ауылға кіреберіс және орталық көшеге 2 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Жалпы ауылда 6 ішкі көше бар, бүгінде оның бесеуіне жарық жүргізілген. Былтыр ауылдың ішкі жолдарын жақсарту мақсатында құны 489 млн 858 мың теңгеге 5 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжат әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Нәтижесінде келер жылы Н.Таспенов және Аққыр көшелеріне күрделі жөңдеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.
Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасына орай қазіргі таңда Аққыр ауылында 10 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл 52 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 27-сі тұрақты, 25-і ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқан.
Жаңаталапта
жол жөнделеді
Аққырлық ағайынның ақ батасын алған аудан әкімі мұнан кейін Жаңаталап ауылына табан тіреді. Жауапты сала басшыларымен бірге ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдаған аудан басшысы жаңаталаптықтардың мәселесі жерде қалмайтынын айтты. Білім ошағына жиылған жұртқа ауданда атқарылған бірқатар жұмысты айтқан Ардақ Әбдіғаппарұлы алдағы уақытта ауылдық елді мекендер мәселесін шешу бағытында тиісті жұмыстар жүзеге асатынын жеткізді.
800-ге жуық халық тұратын елді мекенде өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 1,2 млн теңгеге П.Қарақұлұлы, Д.Бекбергенов көшелері жарықтандырылған. Бұдан бөлек 420 мың теңгеге П.Қарақұлұлы көшесі бойындағы саябақ абаттандырылып, 568 мың теңгеге ауыл ішінен күл-қоқыстар шығарылған. Ауылды абаттандыру барысында 2,2 млн теңгеге П.Қарақұлұлы, Ә.Қожабаев көшелері бойынан жасыл белдеу қоршалып, 449 мың теңгеге ауылға кіреберіс көше бойына бейнебақылау камерасы орнатылған.
– Ауылдық клубтың ғимарат мәселесін білемін. Алдағы уақытта күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті жұмыстар жасаймыз. «Бүгін немесе ертең бітіріп беремін» демеймін, десе де мәселелеріңіз үнемі назарымда. Әрине, мәдениетке де, спортқа да көңіл бөлген дұрыс. Әйтсе де мен ең алдымен инфрақұрылымды дұрыстап алған жөн деп ойлаймын. Мәдени шаралар мен спорттық сайыстарды мектептің акт залы мен спорт залында да өткізуге болады. Сондықтан ең алдымен көшелерімізді күрделі жөндеуден өткізіп алғанымыз жөн. Құны 460 млн теңгеге 100 орындық клуб құрылысына жоба-сметалық құжат әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға бюджеттік өтінім жолданды, – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Былтыр ауылға кіреберіс жол бойынан 1 млн 715 мың теңгеге арка орнатылған. Ауылда 3 ішкі көше бар. Оның екеуіне асфальт, 1 көшеге қиыршық тас төселген. Келер жылы 128 млн теңгеге осы 3 көшені күрделі жөңдеуден өткізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлуге ұсынылды.
Жергілікті халық бүгінде кәсіпкерлік саласына ден қойған. Әрине, бұл – қуанарлық жағдай. Себебі бұл шалғай ауылдағы шаруашылықтың ширауына, әрі жұмыссыздық мәселесін тұсауға да үлкен қолғабыс болмақ.
Ауыл әкімінің айтуынша, елді мекенде 48 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бүгінде оның барлығы жұмыс жасап тұр. Биыл бір азамат жылқы ұстап, саумал сату үшін «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант ұтып алса, 1 кәсіпкер мал шаруашылығы бағытында төмен пайызбен несие алған.
Сондай-ақ халықтың ұсынысына сәйкес ауылдық округте 7,3 млн теңгеге жаңа балалар ойын алаңы салынып, 949 мың теңгеге алаңның жасанды төсеніші ауыстырылған. Кездесуде ауыл тұрғындары елді мекенге дейінгі аудандық маңызы бар жолда төрт түлікке байланысты рейдтік шараларды ұйымдастыруды ұсынды. Аудан басшысының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар уақытылы шешімін тауып, «Боз арық» көпірін күрделі жөндеу мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
Бірлігі бекем ауыл
Келесі аялдамамыз – мемлекет және қоғам қайраткері есімін иеленген, 2 мыңға жуық халық мекен еткен тірлігі тындырымды Темірбек Жүргенов ауылы. Халықтың хал-жағдайын сұрап, атқарылған бірқатар жұмысты саралаған аудан басшысы елдің талап-тілегіне құлақ түрді.
Айта кетейік, аудан бойынша ауылдық округтердегі көлемді жобалардың бірі осы ауылда жасалуда. Биыл ауылдық округте жалпы құны 414,4 млн теңгеге тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар 435 мың теңгеге елді мекеннің ішкі көшелер жарығына жәй жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының демеушілігімен Т.Жүргенов, Тоғанас батыр, Сәдір би, М.Нұрылдаев көшелеріне 2 млн теңгеге 100 дана көше жарығы қойылды.
Қазіргі таңда 145 млн теңгеге ауылдық мәдениет үйі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу мен 677,9 млн теңгеге елді мекендегі ішкі көшелерге күрделі жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжат әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға бюджеттік өтінім жолданған.
Айта кетейік, шаруасы шираған ауыл халқының негізігі тіршілік көзі – егін және мал шаруашылығы. Ауылда мал шаруашылығы қарқынды дамыған. Бүгінде ауылда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерде 545 ірі қара, 206 жылқы мен бірнеше түйе бар. Ал ауылдық округтің жеке отбасыларында 1903 ірі қара, 512 жылқы, 4114 уақ мал, 40 түйе бар.
Бұған дейін Сыр салысынан мол астық жиған жергілікті шаруашылықтар былтырдан бері бақша өнімдеріне басымдық берген. Мұнан бөлек бірнеше гектарды құрайтын алмабақ өнімдері де қазіргі таңда еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие.
Айта кетейік, бүгінде ауылда жүзге жуық кәсіпорын бар. Тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаев кәсіп бастаймын деген жерлестерін қашанда сүйемелдеуге дайын. Оның айтуынша, ауылда кәсіпкерлікке бетбұрған азаматтар жетерлік. Бұл әрине, елді мекеннің еңсесін тіктеуге үлкен қолғабыс болып отыр. Ауыл тұрғындары тек мал, егін шаруашылығымен шектеліп қалмай, кәсіпкерлік саласын түрлендірген. Мәселен, жыл басынан бері ауылдағы 5 тұрғын кәсіпкерлікті дамыту бағытында қайтарымсыз грант алған. Оның 1-еуі – кондитерлік өнім, 1-еуі – фасфуд өнімі, 2-еуі – сүт бағытындағы ірі қара ұстау, 1-еуі – дәнекерлеу қызметі. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 жоба мақұлданған. Оның ішінде жылыжай салу және ет бағытындағы асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту жобасы бар. Жалпы айтқанда, ауылда қай саланы сараласақ та өсу, өрлеу, даму динамикасы жоғары. Әсіресе жергілікті шаруашылықтар астықтан тау тұрғызып, жыл сайын рекордтық өнімге қол жеткізуде.
Біз тілге тиек еткен жарқын жобалардың сәтті жүзеге асуына қай істе де ауызбіршілік пен ынтымақты ту еткен тұрғындардың үлесі зор.
Кәсіпкерлік қарқын алған
Халықтың ұсынысын тыңдауға бағытталған келесі кездесу Мәдениет ауылында жалғасты. Атқарылған жұмыстарды саралаған аудан басшысы ауылдағы мәселелерді назарға алды.
Елді мекенде биыл 1,3 млн теңгеге ауылдың ішкі көшелерінде жасыл белдеуді қоршау және 522 мың теңгеге ауылдың санитариясын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген.Сонымен қатар 698 мың теңгеге Мәдениет ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратына 3 бейнебақылау камерасы орнатылып, құны 2,6 млн теңгені құрайтын «Жеңіс» бағы жанында орналасқан спорт алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының демеушілігімен 3,5 млн теңгеге А.Құнанбаев көшесі бойынан 0,10 гектарды құрайтын балалар ойын алаңы мен саябақ, Ж.Жабаев көшесі бойынан 0,15 гектар жерге ағаш көшеттері отырғызылып, «ӘлемТрансЖол» ЖШС демеушілігімен 7 млн теңгеге ауызсу мұнарасы ауыстырылған. Сондай-ақ жалпы құны 199,8 млн теңгені құрайтын Жаңақоныс көшесін орташа жөндеуге ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға бюджеттік өтінім жолданды.
2 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда жұмыссыздық деңгейі 1,5 пайызды құрайды. Мұнда 137 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, қазіргі таңда оның 108-і нақты жұмыс жасап тұр. Ал биыл 4 тұрғын мемлекет тарапынан берілетін қолдауды тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастаған. Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауылда мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жасауда.
Бүгінде елді мекенде 11 ішкі көше бар. Оның 9-ы асфальтталған. Ал 2 көше күрделі жөндеуді қажет етеді. Кездесу барысында тұрғындар жұмыссыздық, қылмыстың алдын алу бойынша нақты мәселелер көтеріп, әсіресе кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің темір тұлпар тізгіндеуіне қарсылық білдірді. Жергілікті жұрт ауылдың үстімен аудан орталығына немесе басқа ауылдарға қарай бағыт алған жүргізушілер жылдамдықты шектен тыс асырып айдайтындықтан мектепке баратын балалардың болашағына алаңдаулы. Сондықтан олар ауылға қосымша жылдамдықты асыруға шектеу болатын кедергілер орнатуды сұрады. Ардақ Ибраимов бала болашағына тек мектеп пен полиция қызметкерлері ғана емес, ең алдымен үйдегі ата-ана да жауапты екенін қатаң ескертті. Ол кездесу соңында айтылған ұсыныстар аясында жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Электр желілері жаңғыртылуда
Мұнан әрі халықпен кездесу Мырзабай ахун ауылында жалғасты. 1300-ге жуық халқы бар ауылда бүгінде 134,7 млн теңгеге тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы жүргізілуде. Ауыл әкімінің айтуынша, жоба жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға берілмек. Сондай-ақ биыл мұнда 917 мың теңгеге Колхоз көшесі бойынан жасыл белдеу қоршалып, 850 мың теңгеге ауыл ішінен күл-қоқыстар шығарылған.
Ал өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында құны 1,6 млн теңгеге елді мекендегі Колхоз көшесі жарықтандырылып, 550 мың теңгеге елді мекенге кіреберіс және ішкі көшелерге 4 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұдан бөлек құны 4,3 млн теңгеге учаскелік полиция инспекторына қызметтік тұрғын үй сатып алынған.
Жергілікті тұрғындар кәсіп ашуға бейім. Бүгінде мұнда 74 кәсіпкер бар. Қазіргі таңда 73-і тұрақты жұмыс жасап тұр. Айта кетейік, мұнда бүгінге дейін түйткілді мәселенің түйіні тарқатылған. Толығырақ айтсақ, ауылда 5 ішкі көше бар. Оның 3-еуіне асфальт төселген. Ал 2-еуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Алдағы уақытта 595,1 млн теңгеге Жаңақоныс пен Кенжебек Оспанов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Былтыр ауылға жалпы құны 385,9 млн теңгеге емхана салынған. Алдағы уақытта қаржылай қолдау тапса, 346,4 млн теңгеге 100 орындық мәдениет үйі де бой көтермек. Бұған қатысты жасалған арнайы жоба да жоқ емес. Міне, Мырзабай ахун атындағы ауылдың бүгінгі тірлігі тындырымды. Ауызбірішілігі мығым елдің азаматтары кәсіп ашуға машықтанғандай.
Халықпен кездесу барысында аудандағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар Ел Президентінің қолдауы мен Үкімет басшысының, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқанын айтқан аудан әкімі Ардақ Ибраимов бірінші кезекте ел ішіндегі өзекті мәселелерді шешуге жұмыс жасайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол тұрғындардың түйткілді сауалдарын да жауапсыз қалдырмады.
Тірлігі тындырымды Таң
Ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеру мақсатында мемлекет тарапынан қолдау тапқан ауқымды жобалардың жемісін Таң ауылынан көруге болады. Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Ибраимов Таң елді мекенінде өткен халықпен кездесуде айтты.
Таң ауылдық округіне биыл 116,3 млн теңгеге кіреберіс көше жарығы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу, 78,1 млн теңгеге №118 орта мектеп ғимаратының қасбетіне ағымдағы жөндеу және мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілген.Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 3,7 млн теңгеге елді мекенді көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кіреберіс көшелерге бейнебақылау камералары орнатылған.
Тәуелсіздік жылдары түлеген Таңда 6,5 млн теңгеге ішкі көшелерді жарықтандыру жұмыстары, 1,7 млн теңгеге мал тоғыту алаңының құрылысы жүргізілген. Жалпы құны 350,3 млн теңгеге ауылдық мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар желтоқсан айында аяқталады.
Сондай-ақ биыл «Таң ЛТД» ЖШС-ның демеушілігімен жалпы құны 12 млн теңгеге ауылдағы Орынбай жырау, Сегізбай би, Жамбыл, Абай көшелерін абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 40 млн теңгеге 4 көшеге заманауи светодиодты шамдармен түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.
Өздеріңіз білетіндей, Таң ауылы соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып келеді. Елді мекенде Еңбек Ері Имамзада Шағыртаевтың бастамасымен бірқатар жоба жүзеге асқан. Қазіргі таңда оның барлығы жергілікті халықтың игілігіне жарап тұр. Кешегі кездесуде Таң ауылының тұрғындары айтарлықтай мәселе көтермеді. Олай болатындай жөні бар. Себебі бұл ауылда тұралаған мәселе жоқ деуге болады. Тұрғындар тарапынан тек «көгілдір отын қашан тұтынамыз?» деген сауал қойылды.
– Барлық мәселе өз ретімен шешіліп жатыр. Биыл кентке жақын орналасқан Ақсу мен Мөрәлі Шәменов ауылын көгілдір отынға қоссақ, келер жылы Бұқарбай батыр мен Қаракеткен елді мекеніне көгілдір отын тарту жоспарда бар. Реттілік осылайша жалғасып, сіздер де көгілдір отын тұтынатын күнге жетесіздер, – деді Ардақ Ибраимов.
Ардақ Әбдіғаппарұлының жұмысына сәттілік тілеген ақсақалдар аудан басшысына батасын берді.
Жол сапасы жақсармақ
Халықпен кездесу барысында тұрғындар тарапынан қозғалған мәселелерді шешуге тырысатынын айтқан аудан әкімі Ардақ Ибраимов Бұқарбай батыр ауылында атқарылып жатқан жарқын бастамаларға тоқталды.
Ауылдағы сапасы сын көтермейтін жол мәселесі биыл шешімін тапқан. Мұнда жалпы құны 403,1 млн теңгені құрайтын 11 көшенің құрылыс жұмыстары басталыпты. Қазіргі таңда 2 көшеге республикалық бюджет есебінен 50 млн теңге қаржы бөлініп, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген. Қалған 9 көше келер жылы жөндеуден өтеді.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 428 млн теңгеге №33 орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 6,7 млн теңгеге Абай көшесіне темір шарбақ орнату, 1,2 млн теңгеге күл-қоқыс жоюға арналған полигон қоршалып, бейнебақылау камералары орнатылды. Сондай-ақ елді мекенді көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына 1 млн теңге, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстарына 1 млн теңге қаралған.
Ауылдық мәдениет үйі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 3 млн теңгеге жоба сметалық құжаты жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жобаның жалпы құны – 131,9 млн теңге. Сондай-ақ жалпы құны 170,2 млн теңгеге 16 көше жарықтандырылады.
– Мен үшін халықтың мәселесі бірінші орында. Сондықтан қолымнан келгенше елді мекендерде қордаланған мәселелерді шешуге жұмыс жасаймыз. Ел болғасын мәселе болатыны белгілі. Өздеріңіз білетіндей, оны бір күнде шешіп тастау да мүмкін емес, десе де барлығын кезең-кезеңімен шешуге тырысамын. Мүмкіндік болып жатса, барынша сіздердің талап-тілектеріңізді орындаймын, – деді аудан басшысы.
Ақсақалы баталы, ұрпағы ақылды, көпұлтты елді мекен ретінде ерекшеленетін Бұқарбай батыр ауылындағы тұрғындар Ел Президентіне, Үкімет басшысына және облыс әкіміне алғыстарын жаудырды.
Жарқын жобалар жүзеге асқан
Биыл табиғи газге қосылған екі ауылдың бірі – Ақсу. Тұрғындармен кездесу барысында аудан басшысы атқарылған жұмыстарға тоқталып, келер жылы ауылдың ішкі көшелерін күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірлеу қолға алынатынын жеткізді.
Ақсу ауылына биыл жалпы құны 545,2 млн теңгені құрайтын газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге елді мекеннің тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылыс жұмыстарына 203,6 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда жұмыстар толығымен аяқталған. Өңірлерді дамыту бағдарламасы арқылы 2,6 млн теңге бөлініп, елді мекендегі парк ішін абаттандыру жұмыстары және Т.Боранбаев көшесіндегі арықтарды шарбақпен қоршау жұмыстары жасалған.
Елді мекендерде санитарлық тазалық жұмыстарына 1 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Ауылды абаттандыру бойынша 8,3 млн теңге бөлініп, оның ішінде 3,4 млн теңгеге Ақсу елді мекеніндегі балалар спорт алаңын ағымдағы жөндеу жұмыстары және қалған 4,9 млн теңгеге Т.Елеусінов көшесіне торлы металл қоршауларын орнату, дизельдік мотопомпа орнату, «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне жөндеу жұмыстары және елді мекенге 4 дана бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, ауылда демеушілер тарапынан да бірқатар жоба жүзеге асқан. Мәселен, «Сәрке Батыр» ЖШС тарапынан балалар ойын алаңының құрылысы жүргізіліп, тұрмысы төмен отбасының үйіне газ тартылған. Ал «АВ Агро Орда» ЖШС тарапынан «Беркімбай кәлпе» кесенесін газбен жылыту жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілген. Жалпы жергілікті шаруашылықтар ауылдың әлеуетін арттырып, жергілікті мәселелерді шешуге 12 млн теңге қаржы құйып, 4 жобаны жүзеге асырған.
Аудан әкімінің кешегі тұрғындармен кездесуі Ақсу ауылында қорытындыланып, түйткілді мәселелер назарға алынды.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!