Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халық алдындағы есепті кездесуі Аққыр ауылынан бастау алды. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты. Алдымен әдеттегідей Ардақ Әбдіғаппарұлы атқарылған жұмыстарды саралап, ауыл тұрғындарының талап-тілегіне құлақ түрді. Аққыр ауылы кент орталығынан шалғайда орналасқан. Десе де аудан басшысының тікелей қолдауымен мұнда жарқын жобалар жүзеге асуда. Осыған қарап қарапайым халықтың бұған дейінгі талап-тілегі назарға алынғанын аңғару қиын емес.
Жол сапасы жақсарады
Кездесуде аудан әкімі облыс көлемінде, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар жүзеге асуда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ел дамуының жаңа кезеңі басталды. Жаңғыру мен жаңаруға бағытталған саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер ел болашағына сенімді арттырып отыр. Еліміз өркендеп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Соның ішінде Үкіметтің ерекше қолдауымен, облыс әкімінің бастамасымен аймақта ауқымды жобалар жүзеге асуда. Қызылорда қаласының келбеті жаңарып, аудан мен ауылдарда инфрақұрылым, жол құрылысы, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Облыс әкімінің қолдауымен ауданымызда да жаңа әлеуметтік, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілуде. Сонымен қатар кент пен ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауылдарды газдандыру бағытындағы ауқымды жұмыстар өздеріңіздің көз алдарыңызда жүзеге асып келеді, – деді Ардақ Ибраимов.
Аудан әкімінің айтуынша, ауылда ел қажеттілігіне жарайтын жарқын жобалар жүзеге асып, бүгінде аққырлықтар оның игілігін көріп отыр. Мәселен, биыл «Қазақстан халқына» қоры арқылы 175 млн теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешені шалғай ауылда бой көтеріп, ел игілігіне табысталды.
Аққыр ауылында мұнан бөлек жалпы құны 489,9 млн теңгеге 5 ішкі көшеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 182,7 млн теңгеге Н.Таспенов және Аққыр көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2026 жылы қалған 3 көшеге, яғни М.Ахметов, Ы.Ақмырзаев, Ш.Есов көшелері күрделі жөндеуден өтеді.
«Үлгілі елді мекен» номинациясы аясында абаттандыру жобаларын жүзеге асыру үшін 15 млн теңге қаралып, жалпы құны 16,5 млн теңгеге спорттық жаттығу алаңы салынды. Ауылға кіреберістегі жасыл белдеу қоршалып, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар кіреберіс пен орталық көшеге бейнебақылау камералары орнатылған. Бұдан бөлек 2026 жылы 333,7 млн теңгеге 100 орындық ауылдық клуб құрылысы және 560,5 млн теңгеге «Аққыр» каналына су шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге арналған жобалар әзірленіп, бюджеттік өтінімдер тиісті басқармаларға ұсынылды.
Бұл – ауылдың әлеуметтік, инфрақұрылымдық әлеуеті артып келе жатқанының жарқын көрінісі. Ауылдарды дамыту бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасады. Жергілікті жұрт келелі кездесуде көп мәселе көтермеді. Олай болатындай жөні бар. Өйткені шалғай ауылда осыған дейінгі кездесулерде халық көтерген мәселелер ретімен шешімін табуда.
Айта кетейік, Аққыр ауылында кәсіпкерлік саласы да шираған. Мәселен, осыған дейін Аққырда 96 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, бүгінде оның барлығы 100 пайыз жұмыс жасап тұр. Мұнан бөлек 4 адамның жобасы шағын кәсіп бастау үшін қайтарымсыз қаржылай қолдау тапқан. Бұл ауыл тұрғындарын кәсіппен айналысуға үндеу мақсатында түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
– Кеше Жаңадарияда басталған есепті кездесуіміз Ақсу ауылында аяқталды. Бүгінгі сапарымыз сіздердің ауылдан басталып отыр. Мақсат сол, елдің ішінде қандай мәселе бар, оның шешімі қалай, осы сауалдардың түйінін өздеріңізбен бірге тарқату. Бірақ барлығын бір уақытта шешіп беру мүмкін емес. Алдағы уақытта барлығын қаражаттың мүмкіндігіне қарай шешуге жұмыс жасаймыз. Бірақ елдің мәселесі ескерусіз қалмайды, – деді аудан әкімі.
Шаруасы шираған ауыл
Шалғай ауылдардағы аудан әкімінің сапары мұнан әрі Жаңаталапта жалғасты. Білім ошағында жиналған жұртқа Ардақ Әбдіғаппарұлы ауданда атқарылған біршама жұмысты айтып өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта да елді мекендер мәселесін шешуге тиісті жобалар қолға алынатынын айтып, жаңаталаптықтардың да мәселесі жерде қалмайтынын жеткізді.
140-қа жуық отбасы бар Жаңаталапта тұрғындар кәсіпкерлікке ден қойған. Бұл шалғай ауылдың шаруасының ширауына, келесі кезекте жұмыссыздықты тұсауға да айтарлықтай қолғабыс болары анық. Ауыл азаматтары мемлекеттік қайтарымсыз грантты тиімді пайдаланып, өз кәсібінің көкжиегін кеңейткен. Мәселен, бір ауыл тұрғыны мал шаруашылығын дамыту бағытында 1 572 800 теңге көлемінде грант алып, мал басын көбейтіп, табысын еселеп отырса, енді бірі кондитерлік өнімдер өндіру ісін бір жолға қойған. Сондай-ақ тағы бір тұрғын құс шаруашылығын дамыту бағытында грант иегері атанып, үй құстарының санын көбейтіп, ет және жұмыртқа өнімдерін өткізу арқылы ауыл экономикасының артуына үлесін қосып келеді.
Ауылда 9 шаруа қожалық пен 43 кәсіпкерлік субъектісі белсенді жұмыс жасауда. Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша «Қызылорда-Жалағаш» бағытына екі жолаушы тасымалдау қызметі, бір жеке балабақша, үш сауда-саттық дүкені тұрақты жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Мұнан бөлек ауыл әкімі Қуаныш Әбдіқалықовтың айтуынша, биыл ауыл азаматтары күріш егу науқанын табысты қорытындылаған. 550 гектар алқапқа күріш дақылы егіліп, орташа өнімділік гектарына 60,2 центнерді құраған. Нәтижесінде жалпы 331 мың 180 центнер көлемінде өнім алынған.
Шаруа қожалықтар әлеуметтік жауапкершілікті де назардан тыс қалдырған емес. Бұл ауылда әр отбасыға қамқорлық көрсету дәстүрге айналған. «Манақ-баба» және «Ақниет» шаруа қожалықтары жыл сайын күріш өнімінен көмек көрсетіп, ауыл ардагерлері мен аз қамтылған отбасыларға демеушілік танытып жүр. Ал «Ер-Әлі» шаруа қожалығы ардагерлер күніне орай тұрғындарға күріштен үлестіріп, ел ішіндегі ынтымақтың артуына өз үлесін қосып келеді.
Жаңаталап ауылдық округінде 2025 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында П.Қарақұлұлы көшесі бойына жасыл екпелерге арналған қоршау орнату және көркейту-көгалдандыру мақсатында «Арқаш» каналын қазу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жалпы құны 128 млн теңгеге П.Қарақұлұлы-1 және П.Қарақұлұлы-2 көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Мұнан бөлек жалпы құны 460 млн теңгеге 100 орындық ауылдық клубтың құрылысына ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға бюджеттік өтінімдер жолданған.
Жалпы ауылдағы ағайынның негізгі тіршілік көзі – егін және мал шаруашылығы. Жыл сайын дала дарабоздары ауыл шаруашылығын толайым табыспен қорытындылайды. Ауылға келген сайын аудан әкімі жаңаталаптықтардың мәселесіне бейжай қараған емес. Тіпті бұған дейінгі кездесулерде көтерілген бірқатар мәселенің шешіміне әлі де жұмыс жасалуда. Сондықтан ауылдағы ағайын Ардақ Ибраимовқа ризашылық білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Кәсіпкерлік қанат жайған
Үшінші аялдамамыз – Мақпалкөл ауылдық округі. Қазіргі таңда елді мекенде 300-ден астам отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен қайраткер атындағы ауылда тындырымды тірлік жетерлік. Бүгінде ауыл тұрғындары жарқын жобалардың игілігін көріп отыр.
Ауыл халқының негізгі тіршілік көзі – егін және мал шаруашылығы. Бұған дейін Сыр салысынан мол астық жиған жергілікті шаруашылықтар бақша өнімдеріне де басымдық берген. Бірнеше гектарды құрайтын ауылдағы алмабақ өнімдері бүгінде еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие.
Жалпы қайраткер атындағы ауылда халық санына шаққанда жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрайды. Оның деңгейін төмендету үшін ауыл әкімі тиісті жобалар қолға алынатынын айтады. Ол кәсіп бастаймын деген жерлестерін сүйемелдеуге қашанда дайын. Бүгінде ауылда 11 шаруа қожалық, 85 кәсіпкер бар. Тіркелген кәсіпкерлік субъектісінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін және мал шаруашылығында жергілікті тұрғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде сала түрленген. Былтыр 5 ауыл тұрғыны кәсіп бастауға бел буса, биыл 4 азамат ірі қара басын көбейту бағытында қайтарымсыз грант иегері атанып, 5 азамат «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен өзге облыстан асылтұқымды ірі қара малын әкелген.
Жалпы жергілікті тұрғындар кәсіп ашуда мемлекет жасап жатқан барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Кәсіпкерлік саласына серпін беруге бағытталған қандай бағдарлама бар, басым бөлігіне ауыл тұрғындары құжат тапсырып, шаруасын ширатуда. Биылдың өзінде ауылдағы бірнеше азамат қайтарымсыз грантқа құжат тапсырып, қаржылай қолдауға ие болған.
Бұған дейінгі есепті кездесуде ауылдағы ағайын ішкі көшелер сапасы сын көтермейтінін Ардақ Әбдіғаппарұлының назарына салған болатын. Бұған қатысты аудан әкімі 677,9 млн теңгеге елді мекендегі автомобиль жолдарын, яғни Нұрылдаев, Сәдір би, А.Қожахметұлы, Достық, Т.Жүргенов, Шотықов, Тоғанас батыр, Құттыбасов көшелерін күрделі жөндеу мақсатында ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға өтінім жолданғанын айтты. Сондай-ақ 145 млн теңгеге ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізуге құжаттар дайындалған.
Мәдениеттіктердің мәселесі
жерде қалмайды
Халықтың талап-тілегі мен ұсыныстарын тыңдау Мәдениет ауылында жалғасын тапты. Тұрғындар тарапынан жұмыссыздық пен жол мәселесі көтерілді. Мәдениет ауылдық округінде 102,5 млн теңгеге ішкі көшелерді, яғни Ж.Жабаев, Д.Тобаев, А.Құнанбаев, З.Қауқаев көшесін жарықтандыру және 201,9 млн теңгеге Жаңақоныс көшесін күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленіп, бюджеттік өтінімдер тиісті басқармаларға жолданған. Алдағы уақытта бұл жобалар жүзеге аспақ.
Мәдениет жұртының да негізгі тіршілік көзі – егін және мал шаруашылығы. Биыл ауылдағы ағайын 3240 гектар алқапқа егін екті. Оның ішінде Сырдың басты дақылы 2 мың гектарға жуықтайды. Мұнан бөлек 433 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 706 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған.
Ауылдағы ағайын соңғы жылдары кәсіпке ден қойған. Әсіресе олар мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отыр. Соның нәтижесі болар, бүгінде ауылда бұл салада айтарлықтай серпін қалыптасқан.
Мұнда жалпы 134 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бүгінде оның басым бөлігі нақты жұмыс жасап тұр. Биылдың өзінде 13 адам өз жобасын жүзеге асыру мақсатында қайтарымсыз қаржылай қолдауға құжат тапсырады. Абырой болғанда, оның барлығын мемлекет қолдап, барлық жобаға қаржылай дем берді. Бүгінде соның бәрі ауылда нақты жұмыс жасап тұр.
Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мәдениет үйінде «Ән», «Би», «Көркемсөз», «Қолөнер» және «Қуыршақ» үйірмелерінде бүгінде 60-қа жуық бала қамтылған. Мұнан бөлек №14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 90 бала дзюдо, бокс, қазақ күресімен тұрақты шұғылданады. Қазіргі таңда аталған спорт мектебінің түлектері – Азия біріншілігінің жүлдегері, республикалық сайыстардың жеңімпазы.
Қорадағы малға қасқыр емес, ит шапқан. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, соңғы уақытта ауылда иттер төрт түлікке ауыз салуды әдетке айналдырған. Келелі кездесуде жергілікті жұрт ит ату мәселесін де көтерді. Бүгін малға шапқан ит, ертең адамға шаппасына кім кепіл? Бұл жайт алдағы уақытта аядай ғана ауылдағы ағайынның арасында алауыздықтың болуына да басты себеп болуы ғажап емес. Бірі бүтін бір қорадағы төрт түлігін қырған иттің иесіне наразылық білдірсе, қарсы тарап итін атуға келісім бермейтінін айтқан. Бұл мәселе бүгінде тек М
әдениетте ғана емес, басқа да бірқатар ауылда өзекті мәселеге айналып отыр. Осы тұста аудан әкімі ертеңгі күні өзегімізді өкініш өртемес үшін тұрғындарды бұл мәселеге бейжай қарамай, жауапкершілік танытуын сұрады.
Электр желілері жаңартылған
Түске дейін елді мекендерге жасаған сапарымыз Мырзабай ахун ауылында қорытындыланды. Атқарылған жұмыстарды саралаған аудан әкімі алдағы мақсат-міндеттерді қоса қамтып, мұнан кейін ауылдағы ағайынның үніне құлақ түрді.
Жалпы ауылда соңғы жылдары жарқын жобалар жүзеге асты. Бұған дейін емхана ғимаратының сапасы сын көтермейтінін жиі айтатын жергілікті жұрт қазір заманауи аппараттармен жарақталған жаңа нысанның игілігін көріп отыр.
Ауылдық округте 1 200-ге жуық халық бар. Қуантарлығы, бүгінде жергілікті халықтың кәсіп ашуға ынтасы артқан. Әсіресе ахун атындағы ауыл тұрғындары бұл мақсатта мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын тиімді пайдаланып отыр. Нақтырақ тоқталсақ, шағын ауылда бүгінде 74 кәсіпкер бар. Оның 73-і нақты жұмыс жасап тұр. Қуантарлығы, бүгінде ауылда осыған дейін тұралаған мәселелердің алды шешімін тапқан. Мәселен, ауылда 5 ішкі көше бар. Оның 3-еуіне асфальт төселген. Ал 2-еуі күрделі жөндеуді қажет етеді, яғни алдағы уақытта Жаңақоныс пен Кенжебек Оспанов көшелеріне де асфальт төселеді. Сондай-ақ қаржылай қолдау тапса, ауылда мәдениет үйі де бой көтереді. Бұған қатысты жасалған арнайы жоба да дайын.
Мырзабай ахун ауылдық округінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен құны 1,6 млн теңгеге елді мекендегі Колхоз көшесіне көше жарықтары орнатылып, 550 мың теңгеге елді мекеннің кіреберісі мен ішкі көшелеріне 4 бейнебақылау камерасы қойылды. Бұдан бөлек 134,7 млн теңгеге тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жаңартылды. Міне, Мырзабай ахун ауылының бүгінгі тіршілігі осындай. Елдің ауызбіршілігі мығым, азаматтардың туған жерге деген құрметі артқан, кәсіп ашуға жергілікті тұрғындардың талабы таудай.
Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындармен еркін пікір алмасып, алда атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Ауыл тұрғындары облыс көлемінде, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
16 көше күрделі жөндеуден өтті
Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың есепті кездесуі Қаракеткен ауылдық округінде жалғасты. Кездесуге ауыл тұрғындары қызығушылық танытып, ауылдық клубқа жиналыпты. Аудан басшысы халықпен амандық-саулық сұрасып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды қысқаша атап өтіп, жергілікті халықтың үніне құлақ түрді.
Қаракеткенде біраз мәселенің осы күнге дейін де шешімі табылған. Қос елді мекенді қамтитын ауылдық округте ауызсу жүйесі жаңартылып, бүгінде ел игілігіне берілген.
Мыңнан аса халқы бар ауылдық округте Сыр салысын себетін егіс алқабы болмағанымен мұнда халық кәсіп ашуға бейім. Мал шаруашылығын дамытуға ден қойған ауыл тұрғындары кәсіптің бұл түрінен табысын еселеп отыр.
Жалпы ауылда 301 отбасы, 1360 адам тұрады. Оның 995-і Қаракеткен ауылында, 365-і Далдабай елді мекенінде тұрады. Қаракеткен ауылдық округі бойынша барлығы 115 шағын және орта кәсіпкерлік тіркелген. Сонымен қатар 4 адам мал шаруашылығы бағытында мемлекеттен жалпы құны 6 миллион 300 мың теңгені құрайтын «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алған.
Қаракеткен және Далдабай елді мекеніндегі 8 ішкі көшеге жарықшам орнату мақсатында ЖСҚ әзірленіп, тиісті басқармаға бюджеттік өтінім жолданды. Жалпы құны – 74 млн теңге. Сондай-ақ ауыл ішіне 4 бейнебақылау камерасы орнатылды. 338 млн теңгеге жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді. 492 млн теңгеге Қаракеткен және Далдабай елді мекендерінің Есіркепов, Иіркөл, Өмірзақов, К.Маркс, Дружба, Жалтынов-1, Жалтынов-2, Жалтынов-3, Кәрібаев, Тәуелсіздік, Есіркепов-1 көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Бұдан бөлек 639,1 млн теңгеге 150 орындық ауылдық клуб құрылысының, сондай-ақ 94,1 млн теңгеге елді мекенге кіреберіс автомобиль жолын жарықтандыруға арналған ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаларға бюджеттік өтінімдер жолданған.
Жүйелі жұмыстар жалғасады
Есепті кездесу мұнан әрі Мөрәлі Шәменов ауылында жалғасты. Аудан басшысы бастаған топ әдеттегідей ауыл халқының алдында тікесінен тік тұрып, халықпен етене танысып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында М.Шәменов ауылының кіреберіс және Бұқарбай батыр көшелеріне бейнебақылау камералары орнатылды. Сонымен қатар Қ.Алмасов көшесіндегі жасыл желектерге арналған қоршау орнатылды.
Жалпы құны 90,2 млн теңгеге ауылға кіреберістен сол және оң жақ көшелердің құрылысы, сондай-ақ 169,9 млн теңгеге Ә.Тәшімбетов көшесін жаңғырту жобаларының құжаттары облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсынылып, бюджеттік өтінім жолданды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде М.Шәменов ауылының Жамбыл және Б.Ердүзелова көшелеріне жалпы құны 69 млн 34 мың теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, жұмыстар толық аяқталды.
Бұдан бөлек елді мекендегі тұрғын үйлер секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын, электр беру желілерін жаңғыртуға облыстың бюджеттік кредиттері есебінен 340,5 млн теңге бөлінді. Жақын күндері мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланатын болады.
Кентте кешенді жұмыс бар
Жұма күні кент орталығында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың тұрғындар алдында есебі тыңдалып, ауданда атқарылған жұмыстар сараланды. Кездесу барысында 2026 жылға жоспарланған жаңа жобалар нақтыланып, тұрғындар тарапынан түскен түйткілді мәселенің түйіні тарқатылды.
– Президент Жарлығы негізінде жылына екі мәрте өтетін дәстүрлі есепті кездесулер өз жалғасын табуда. Соңғы екі күн ішінде ауданға қарасты барлық ауылдық округті аралап, тұрғындармен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Бүгін осы игілікті шараның кезегі Жалағаш кентінде болып отыр. Ауданымыз инвестиция тарту бағытында өңір бойынша «Үздік аудан» атанып, биік көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – бірлігіміздің, елдік мүдде жолында жұмыла атқарған еңбегіміздің жемісі. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауының арқасында соңғы жылдары ауданның тынысы кеңейіп, инфрақұрылымдық жобалар өңірдің өңін жаңарта түсті. Биылдың өзінде кенттің 11 көшесі жаңадан тыныс алып, асфальты тегістелді. Оған 678,7 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 5 көше кенттің орталық бөлігінде, 6 көше Дәуімбайда орналасқан. Демеушілік есебінен тағы бірнеше көшеге асфальт төселді. Мұнан бөлек Бұқарбай батыр ауылдық округінде 9 көше, Аққыр ауылында 2 көше, Жаңадария ауылында 2 көше, Қаракеткен және Далдабай елді мекендерінде 16 көше жөнделді. Сонымен қатар М.Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолы, ауыл ішіндегі 2 көше және «Қызылорда-Жалағаш-Ақсу-Беркімбай» автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтті. Аққыр ауылында жаңа спорт кешені мен спорттық алаң бой көтерді. Бұл – Мемлекет басшысының шалғай елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасының нақты орындалуы. Сонымен қатар кентте және ауылдық округтерде спорт алаңдары жаңғыртылып, кент орталығындағы орталық стадион Қазақстан Футбол федерациясының «ALAN» жобасы аясында қайта жөндеуден өтті, – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Қазіргі таңда Жалағаш кентінде 45 көше жарықтандырылған. Биыл М.Шәменов, І.Қабылов, С.Қалыбаев көшелеріне демеушілік есебінен түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Ұлы Жеңістің 50 жылдығы, Н.Мырзалиев, Н.Әлмағанбетов және А.Иманов көшелеріндегі жарық шамдары жаңартылып, энергия үнемдейтін LED шамдарға ауыстырылды.
Дәуімбай елді мекеніндегі Ұлы Жеңістің 50 жылдығы көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға 66 млн теңгелік жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Сонымен қатар 12 көшені жарықтандыруға арналған ЖСҚ дайындалып, қаржы бөлу кезеңі күтілуде.
Кентте көркейту жұмыстары да бір ізге түскен. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 4700 көшет отырғызылды, 2090 метр арық қазылып, 53 шақырым аумақ тазартылды. Кенттің орталық алаңын реконструкциялау мақсатында құны 315,2 млн теңгелік ЖСҚ әзірленді.
Аудандық аурухана мен емхана үшін орталықтандырылған кәріз жүйесінің ЖСҚ-сы дайындалып, қаржыландыруға жолданды. «Ақтерек» учаскесіндегі 170 гектар аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға арналған құны 1 млрд 65,5 млн теңгелік жоба әзірленді.
– Кент және ауылдық округтерде тозығы жеткен электр желілерін жаңарту бағытында да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Биыл Есет батыр елді мекенінде ауызсу жүйесі қайта жаңғыртылуда. Бұдан бөлек ауылдық округтерді газдандыру жобасы бойынша Ақсу және М.Шәменов ауылдық округтері толық газға қосылды. Енді Қаракеткен мен Бұқарбай батыр ауылдарын газдандыруды бастаймыз. Одан әрі қалған ауылдарға да газ тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Алдағы уақытта да ауданның экономикалық әлеуетін нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар тұрақты түрде жалғасын таппақ. Кездесуде кент тұрғындары аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жобалардың жүзеге асуына сәттілік тіледі.
Сезім НҰР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!