Елорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өтті. Форумға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс делегациясы қатысты. Делегация құрамында Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев және 50-ден астам еңбек адамы бар.
Президент Жарлығымен ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін Сыр өңірінің еңбеккерлері «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бір сөзбен айтқанда, адал ісімен көпке үлгі болған, ерте көктемнен егіс даласында тер төгіп, жоғары жетістіктерге жеткен дала дарабоздарының еңбегі еленді.
Иә, биыл мерекелі жылды аудан еңбеккерлері мол табыспен қарсы алды. 2024 жылдың қорытындысымен облыс бойынша ауданымыз агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Үздік аудан» номинациясына ие болды.
Нақтырақ тоқталсақ, аграрлық ауданда 37 218 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 19 800 гектары – күріш. Шаруашылықтар ала жаздай баптаған өнімін шашпай-төкпей жинап алды. Күріштің әр гектарынан 60,5 центнерден өнім алып, қамбаға 1 197 900 центнер өнім құйды.
Күріштен бөлек бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдары толық жинап алынған. Тарқатып айтсақ, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 9 центнерден, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7, 200 гектар қант құмайының әр гектарынан 41, 40 гектар арпаның әр гектарынан 8,2 центнерден өнім жиды. Мұнан бөлек 64 центнер сұлы, 33 276 центнер картоп, 195 центнер көкөніс, 299 650 бақша дақылдары жиналды. Бүгінде 4850 гектар жаңа жоңышқаның әр гектарынан 12,5 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ 8091 гектар ескі жоңышқаның 191 гектары тұқымға алынып, 7900 гектар жоңышқаның әр гектарынан 65 центнерден өнім алынды.
Сондай-ақ аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын да үнемі жүргізіп келеді. Биыл 1670,6 млн теңгеге 26 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ал күзгі дала жұмыстарына 1027 ауыл шаруашылығы техникасы қатысқан. Оның ішінде 431 трактор, 249 комбайн, 124 жатка, 58 жүк көлігі, 165 трактор тіркемесі бар.
Осы орайда өңірдің саладағы жетістігі ескеріліп, аудан орталығындағы «Агрохимсервис-С» ЖШС директоры Сергей Ким «Құрмет» ордені медаліне лайық деп танылды. Жалпы «Агрохимсервис-С» ЖШС-ның түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіру зауыты «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 2020 жылы іске қосылған. Зауыт жылына 50 мың тонна түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіреді. Қазіргі таңда зауытта 20 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Мемлекет басшысы форумның елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Тың игеру науқанының жағымды және жағымсыз түрлі салдары болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс орын алды. Аз уақыт ішінде Қазақстан әлемдегі астықты елдердің біріне айналды.
– Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терімде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуы тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент алда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына да тоқталды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, саланы индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру, ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыру, озық технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру және агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін күшейту мәселелерін қозғады.
Мемлекет басшысы келер жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жарияланғанын атап өтіп, нағыз еңбек адамдары жоғары деңгейде ұлықталуы тиіс екенін айтты. Яғни бұл бастама қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби құндылықтарды дәріптеуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!