Кеше аудан әкімі Ардақ Ибраимов Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» орденінің иегері, «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаевты қабылдады. Қабылдауда Еңбек Ерінің 55 жас туған күніне орай аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың және аудан әкімінің құттықтауларын табыстады.Салтанатты қабылдауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудан ардагерлері, «Ер Әлі» ШҚ төрағасы, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Әліби Бекжанов қатысты.
– Өздеріңіз білесіздер, Таң ауылының бүгінгі келбеті бұрынғыдан көп өзгерген. Имамзада Қуанышбайұлы басқаратын «Таң ЛТД» серіктестігі арқылы Таң ауылын абаттандыру бағытында жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын жобалар жүзеге асырылуда. Биыл да ауылдық округте серіктестік арқылы 3 өнеркәсіптік база, 2 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылыстары, сондай-ақ ішкі көшелерді жарықтандыру, балабақша ғимаратын ағымдағы жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын көркейіп келе жатқан ауылға қарап, алдағы күнге деген халықтың сенімі артып отыр, – деді Ардақ Ибраимов.
Бұған дейін Таңда 14 көше жөндеуден өткен. Ауыз су, аяқсу мәселесі толық шешімін тапқан. «Таң ЛТД» ЖШС-ның қолдауымен 90 млн теңгеге көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жасалып, 80 миллион теңгеге «Тағзым» алаңы салынған. Жаңақоныс елді мекеніндегі балалар ойын алаңы ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ 200 млн теңгеге спорт кешенінің құрылысы да жүргізілуде. Жалпы ауылдағы жобалардың басым бөлігі Еңбек Ерінің демеушілігімен жүзеге асты десе де болады.
Іскер азамат туған жерінде жалпы құны 300 млн теңгеге 120 орындық «Таң бөбегі» балабақшасын салып берді. Қазіргі таңда онда 21 адам жұмыспен қамтылған. 56 млн теңгеге спорт кешенін ашып, 16 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына қолғабыс етті.
Қабылдауда зиялы қауым өкілдері Еңбек Ерінің жүріп өткен жолы мен үлгілі істеріне тоқталып, алдағы жоспарлына сәттілік тіледі.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!