Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 21:50

Гауһартас немесе
Сәжида Ахметова кім?

23.07.2023

453

0

Мақаламызды белгілі жазушы Дулат Исабековтің сценариі бойынша жазылған «Гауһартас» кинофильмінен бастауды жөн көрдік. 1975 жылы кинорежиссер Шәріп Бисенбаевтың түсірген осы кинофильмі арада 48 жыл өтсе де әлі экраннан түскен жоқ. Қазақ киноматографиясындағы сәтті шыққан бұл көркем туынды қанша көрсең де жалықтырмайды. Оның басты себептерінің бірі – ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын үлгі етуі. Ал фильмнің лейтмотиві – «Гәуһартас» әні.

Иә, ән бұдан екі ғасыр бұрын өмір сүрген қайталанбас өнер иесі Сегіз­серінікі. Сегізсері жайлы және аталған әннің тарихы туралы «Сыр бойы» газетінің 2023 жылдың 7 қаңтар күнгі са­­нында жарияланған «Гауһар­тас» атты мақаламда кеңірек тоқталғанмын. Сон­­дықтан кіріспені ұзартпай-ақ қояйын.

…Жазушы Дулат Исабеков 1966 жылы ҚАЗМУ-ды бітіргесін (Сол жыл­дары аталған жоғары оқу ор­нында әскери кафедра болмаған) жел­тоқ­сан айында әскер қатарына алы­нып, ерекше обьектіні күзететін Мәскеу түбіндегі Кубинка деген станса төңіре­гінде орналасқан ерекше батальонға келеді.
«Орыс орманының іші, мойнымызда автомат, биік мұнараның үстінде ке­зектесіп қарауылда тұрамыз. Бір күні ерте азанда алдымдағы қыс­тақ­тан таныс ән естілді. «Маяк» ра­дио­тол­қынынан алакеуімдегі жым-жырт ты­ныштықты бұзып, Бибігүл Төлегенова апамыз «Гауартасты» шырқап жатты. Ап-анық естіліп тұр. Бұрында да «Гау­һартасты» сүйсініп тыңдаушы едім, ал туған елден шалғайда тыңдаған сәтте сағыныш жүректі елжіретіп, кө­зім­нен жас шығып кетті. Бірдеңе жазу керек болды. Әнші туралы ма, әлде ән туралы ма? Ақыры, ән туралы жазуға тоқ­тал­дым. Ротада қазақ жігіттері көп еді, күнде кешкілік жиналып маған келеді. Менің бірнәрсе жазып жүргенімді біліп, «оқыңызшы» деп қасымнан шықпайды. Өтініштерін орындаймын. Не керек, күнде жазғанымды соларға күнде оқып, тың­дататын болдым. Тыңдаушыларым «Енді не болар екен?» деп әр кешті асыға күтеді. Сөйтіп екі айда повесті жа­зып бітірдім. Әдепкіде «Дала еркесі» де­ген едім, кейін повесті «Гауһартас» деп өзгерттім» деп еске алады Дулат ағамыз.

Әскерден оралған соң повесін ма­шинкаға басып, «Жұлдыз» журналына апарып береді. Бас редактор Сырбай Мәуленовтің риза болғандағысы шығар: – Мына жігітпен мені таныстырыңдаршы, – депті.

Повесть журналға басылып шығып, оқырман қауымның қызығушылығын ту­дырған. Небары 24 жастағы жас жігіттің бұл повесін белгілі жазушылар мен өнер иелері жоғары бағалайды. Ақыры повесть бойынша киносценарий жазу тапсырылады. Сол кезеңде кино шығару оңай болмаған. Сценарий жа­рай ма, жарамай ма, соңғы нүктені Мәскеу қояды екен. Сәті болғанда КСРО орталық комитетінің «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу керек» деп ұрандатып жатқан тұсына сәйкес келіп, шопандар өмірінен алынған «Гау­һартас» жарап кетіпті…

Повесті киносценариға айналдырып жазу оңайға соқпаған. Сценарий дайын болған соң «Қазақфильм» басшылары режиссер таңдайды. «Қазақфильмнің» директоры Камал Смайылов екен. Әкім Тарази екеуі ақылдасқасын таңдау Шәріп Бисенбаевқа түседі. Әдепкіде Дулат Исабековке қазақ тілін нашар білетін Шәріп ұнай қоймайды. Десе де ол кісі іске бекем кіріседі. Басты кейіп­кер Салтанаттың рөліне режиссер орта мектепті енді ғана бітіріп, жоғары оқу орнының бірінші курсына түсіп жат­қан 17 жасар Жанна Қуанышеваны ала­ды. Жанна Қуанышева – бүгінде Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, «Қазақфильм» киностудиясы кастинг бө­лімінің меңгерушісі. 1975 жылдың қыркүйек айында түсіріле бастаған кино­фильм қараша айында аяқталады. Енді мақаламыздың негізгі тақырыбына қарай ойысайық…

Ұмытпасам, 1979 жылдың жазында бір себептермен Алматы қаласына жол түсті. Жол бастаушым Жалағаш ау­данының Таң ауылындағы №118 орта мектеп диреторы Қайырберген Әбдиев еді. «Қазақстан» қонақ үйіне орналасып, демалып алғасын Қайрекең осы қалада туған бөлесі тұратынын айтып, «сәлем беріп қайтайық» деді. Күн жексенбі еді. Бардық. Үй иелері жылы қарсы алды. Қай­рекең мені таныстырды. Үй иесі:

– Мен полковник Қайназаров Елеу­сін деген ағаң боламын. Ішкі істер ми­нис­­трлігінде қызмет етемін. Мына кісі жеңгең, Сәжида Ахметова, Қыздар пе­да­го­гикалық институтында оқытушы, – деді шай құйып отырған сүйкімді келін­шегін нұсқап.

Әңгіме арасында жеңгеміздің әнші екенін, белгілі композиторлардың өті­ніші бойынша қазақ радиосынан олар­дың шығарған әндерін орындап, тап­сырыспен инценировка да жасай­тынын білдік. Он бір жасында Қызыл­орда қа­ласында оқушылардың респуб­ли­калық ән фестивалі өтіп, сонда «Гәккуді» айтып, «Кішкентай Күләш» атаныпты.

1959 жылы Қыздар педагогикалық институтының 3 курсында оқып жүр­генінде Сәжиданы Шәмші Қалдаяқов іздеп келіп, «Ақмаңдайлым» әнін ра­диода орындап беруін сұраған. «Бұл мен үшін үлкен мәртебе еді» дейді жеңгеміз.

Қазақ радиосының алтын қорында Сәжиданың да айтуындағы (Роза Бағ­ланова апамыз ғой әнді алғаш орын­даған.) «Ақмаңдайлым» әні сақталған. Оны бірнеше мәрте тыңдағаным бар. Таза, үйлесімді, әсем ырғақ, керемет дауыс. Сөзден сөз шығып, Елеусін аға: – Сәжида «Гауһартас» кинофильміндегі әндерді орындаған, – деді.

Біз таң қалдық. Кинофильмде «Гауһартасты» айтқан Бибігүл Төле­ге­нова немесе Жанна Қуаныше­ваның өзі шығар деп жүретінбіз.

– Сонда қалай, сіз киноға қалай бардыңыз, – деп сұрап қалдым.
– Мені режиссер Шәріп Бисенбаев өзі шақырды. Ол кісі «Сәжида, кино­фильмдегі «Гауһартасты» айтуды са­ған сеніп тапсырғалы отырмын» деді.
– Бибігүл апа бар ғой, – деп едім.
– Ол кісі профессионал, Салтанат рөліне келмейді, – дегесін, мен келістім.
– Онда кеттік…
«Айтып бердім. Ұнатты білемін, бір­ден қабылдады. Мұны кино тілімен айтсақ, бір дубльде жазып алынды де­ген сөз» деді ол.

– Жеңгелерің өзін көрсетуге тырыс­пайтын кісі, атаққа да қызыға қой­майтын қарапайым жан, әнді орындағанымен фильм аяғындағы титрға жазылмай кеткен. Бұл кісі де өкпе деген жоқ, тек бауыр ғана бар, – деп күлді Елеусін аға.

Сөйтсек, бұған дейін де Сәжида жеңгей ерекше лирикалық сопрано дау­­сымен белгілі композиторлар Әбі­ла­хат Еспаевтың, Нұрғиса Тілен­диев­­тің, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтың, Мыңжасар Маңғы­таев­тың, Бақытжан Байқадамовтың, Дүң­генбай Ботбаевтың әндерін және көптеген халық әндерін қазақ радио­сынан келістіре шырқапты (Теледидар дегеніңіз жоқ кез ғой).
Қонақжай әрі кең пейілді Елеусін аға мен жібектей жұмсақ мінезді, сыпайы Сәжида жеңгенің отбасында әңгімемен біраз отырдық. Сәл ертеректе Елеусін Қайназаровтың Алматы қаласы ішкі істер басқармасының бастығы болып қызмет еткенінен де хабардар болдық. Өзі де ән сала білетін, өнерді сүйетін ағамыз зайыбын қолдап, өнерін өрбітуіне мүмкіндік жасаған. Бір-бірін жете түсінген. Ерлі-зайыптылардың достары арасында да сыйлы екенін сөздерінен аңғардық. Отырыстарда екеуі қосылып ән салатын көрінеді. Қатар құрбылары олар­ды «Ән қанатындағы махаббат» деп құрметтеген. Осы жерде Елеусін Қай­на­заровтың Сыр бойының азаматы еке­нін айта кету керек.
…Арада көп жылдар өткен. 2015 жылы «Гауһартас» кинофильмінің экранға шыққанына 40 жыл толғаны ата­лып өтіледі. Біз көрген бір телеха­барға «Гауһартастың» авторы, жа­зушы Дулат Исабеков, Салтанат рөлін сомдаған Жанна Қуанышева, Сал­та­наттың қайнысы Қайыркенді ой­наған Сапарғали Жәкішев және фильм­дегі әндерді орындаған Сәжида Ахметова келді. Кинофильмнен кейін, яғни 1975 жылдан бері әртістер бір-бірін көріп, біліспеген екен. Жақсы жүздесті. Жүргізуші мен бағдарламаға қатысушылар Сәжида апаларынан «Гауһартасты» орындап беруін өтінді. Сәжида мақұл көріп, әннің бір шумағы мен қайырмасын айтты.

– Баяғы дауысы, керемет, – деп қошеметтеді Дулат ағамыз.

Өзгелері ризашылықпен алақан соқ­қан. Осы жүздесуде сценарий ав­торы Дулат Исабековке мынадай сұрақ қойыл­ды: – Дулат аға, сіз повестегі Сал­танат образын қалай таңдадыңыз?

Жауап: – Салтанат – қазақтың қа­ракөз қыздарының жиынтық образы. Салтанат – «Гауһартас» әнінің прото­типі. Бұлай дейтінім ән мәтінінің өзі:
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай, – деп қыз портретін беріп тұр­ған жоқ па, мен сол суретті көшіріп ала қойдым.

Күні бүгінге дейін экраннан түспеген кинофильмнің өміршеңдігі біріншіден, жоғарыда атап кетендей, ұлттық және отбасылық құндылықтарында екені даусыз. Екіншіден, сценаридің келісті жазылғандығында. Үшіншіден, фильмнің сұлу табиғаттың аясында түсірілгені деп айтар едік.
Сол жылы қуаңшылық болып, ки­но­фильм түсірілетін жер біраз іздес­тіріледі. Ақырында Талдықорған облы­сының Ақсу ауылы маңындағы «Баласан» деген жерге тоқтайды. Шындығында бұл жер керемет табиғат орны екен. Қарап көрсеңіз, өркеш-өркеш тау жоталары, теп-тегіс су ай­дын­дары, орман-тоғай, сай бойын қуалап өскен қызылды-жасылды гүл­дер өзара гармониялық үйлесім тауып, жапандағы жалғыз қойшы үйін көм­ке­ріп тұр. Төртіншіден, фильмнің ажары – «Гауһартас» әні. Ал әннің орын­даушысы – Бибігүл де, Жанна да емес, Сәжида Ахметова.

Бесіншіден, кинофильмде қазақ өне­рінің тарландары Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Әнуар Боранбаев, Досхан Жолжақсынов ойнаған.

Мақала соңында Сәжида Ахмето­ваның өмір дерегінен азды-кем ма­ғұлмат бере кетейік. Сәжида Ахме­това 1938 жылы туған. Әншілік өнер анасынан дарыған сыңайлы. Анасы татар ұлтынан екен. Қазанның, Петро­павлдың сахналарында ән салыпты. Сәжиданы кішкентайынан өнерге бау­лыған. Сәжиданың зеректігі, естіген әнін бірден қағып ала қоятын құйма­құлақ­тығы анасына тартса керек. Ән­шінің өзі де мұны жоққа шығармайды. Сезімталдық, әнге деген құштарлық, қай­талана бермейтін табиғи дарын, нота сауаты болмаса да композиторлар ұсын­ған әнді лезде үйреніп, оларды қазақ радиосына уақытылы жаздырып отырған.

Қыздар педагогикалық институтын үздік бітірген Сәжида Ахметованы рек­торат өздеріне оқытушылық қыз­метке алып қалады. Бұл 1961 жылы болса керек. Осы оқу орнында ұстаздық ете жүріп, кандидаттық диссертация қорғаған. Доцент атағын алған. Ән еркесі Сәжиданың орындауындағы қазақтың халық әндері «Ахау керім», «Әйкен-ай», «Елигай» Шәмшінің «Ақмаңдайлым», «Қайықта», Әбілахат Еспаевтың «Сайра, сайра сандуғашым», Өмірбек Бай­ділдаевтың «Туған ел» тағы басқа көптеген әндері жүректі баурайды…

Сәжида жеңгей өмірлік жолдасы Елеусін аға екеуі үш қыз тәрбиелеп өсіреді. Сәжида Ахметова қазақ радио­сындағы әншілік және радиоқойы­лымдарды шебер дыбыстағаны үшін КСРО Мәдениет министрлігінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1993 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан. Институттағы оқытушылық қызметін жалғастыра беруге де болады екен, алайда немерелерінің тәрбиесімен айналысуды жөн көреді…

Олар жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тауыпты. Еңбектері қайтып, немерелері шетінен өнерлі болған. Дүниеге шөберелер келген. Атам қазақтан «Екі жақсы бас қосса, бірін-бірі қимайды» деген асыл сөз қал­ған. Амал бар ма, мәңгілік өмір жоқ ғой, Елеусін Қайназаров ағамыз 2004 жылы, ал Сәжида жеңгей бертінде, 2019 жылы дүние салған. Соңдарында ізгі жол қалды.

Темірбек ЕСЖАНОВ,
ҚР білім беру ісінің
құрметті қызметкері,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: