Бейсенбіде аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Жиында Ардақ Әбдіғаппарұлы кадрлық өзгерістерге тоқталып, әріптестеріне қос бөлімнің жаңа басшыларын таныстырды.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңына және конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес, аудан әкімінің өкімімен Нұрсұлу Маратқызы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды. Ауданның экономика саласында өзіндік қолтаңбасы бар білікті маман еңбек жолын 2001 жылы «Наурыз Банк Қазақстан» аудандық филиалында бастаған. 2003-2005 жылдары «Облыстық сәулет-жоспарлау орталығы» аудандық еншілес мемлекеттік кәсіпорнында бухгалтер, 2005-2006 жылдары аудандық экономика және қаржы бөлімінде жетекші маман, 2006-2011 жылдары аудандық қаржы бөлімінде бас маман, сектор меңгеруші, 2011-2023 жылдары аудандық қаржы бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарған.
Былтырдан бері аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарған ол енді осы бөлімнің тізгінін қолға алды. Ардақ Әбдіғаппарұлы салаға саналы ғұмырын сарп еткен білікті кадрдың алдағы уақытта да аудан экономикасына серпін беретініне сенім білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.
– Осы біліміңіз бен тәжірибеңіз арқылы бюджет қаражатын дұрыс жоспарлап, оның тиімді жұмсалуын, аудан бюджетінің атқарылуына мониторинг жүргізуді, аудан әкiмiнiң iс-қимыл жоспарын әзірлеп, сондай-ақ негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар аудан бойынша мемлекеттік сатып алудың мониторингісін жүргізіп, коммуналдық мүлікті басқару, оны қорғау жөніндегі шараларды тиімді жүзеге асыруыңыз қажет. Өзіңіздің мемлекеттік қызметтегі, оның ішінде басқарушы лауазымдардағы тәжірибеңіздің арқасында функционалдық міндеттеріңізді кәсіби деңгейде атқарады деп сенемін, – деді аудан әкімі.
Актив отырысында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы да белгілі болды. Аталған бөлімді бұдан былай Ғалымжан Қайназаров басқарады. Еңбек жолын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының шаруашылық жөніндегі меңгерушісі болып бастаған ол 2011-2015 жылдары облыс бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау департаментінің инспекторы, бас инспекторы, 2017-2018 жылдары облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің маманы, 2018-2020 жылдары облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекциясының бөлім басшысы, 2020-2021 жылдары Сырдария аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, 2021-2022 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Лицензиялау мен аттестаттауды мониторингілеу және бақылау басқармасының сарапшысы-мемлекеттік құрылыс инспекторы қызметтерін абыроймен атқарған. Сондай-ақ Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, 2022 жылдан бүгінге дейін Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және құқық қорғау органдарымен байланыс бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
Жиында Жалағаш кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Құлмахан бұл саланың үлкен жауапкершілікті қажет ететінін қаперге салып, білікті маманның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Ауданда бұл саланы басқарған азаматтар артында үлкен із қалдырды. Осыдан бірнеше жыл бұрын салынған үлкен ғимараттар бар. Олардың әлі күнге дейін сапасының сыр бермеуі сол кездегі сала қызметкерлерінің жұмысқа жауапкершілікпен қарағанын аңғартады. Жаңа еңбек жолыңмен таныстық, бірқатар салада қызмет атқардың, алдағы жұмысыңа сәттілік тілейміз. Аға буынның ізін жалғап, ауданның ажарын айшықтап, қажетіне жарайтын нысандардың бой көтеруіне қызмет етеді деген сенімдемін, – деді ол.
Мұнан кейін Ардақ Әбдіғаппарұлы да ауданда биыл салада бірқатар жоба қолға алынатынын жеткізіп, мейлінше олардың сапасы жіті бақылауда болуы қажеттігін қаперге салды.
– Мырзабай ахун, Мақпалкөл, Аламесек ауылдық округтерінде электр желілерінің жөндеу, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 5 тұрғын үй сатып алу, Жалағаш кентінің бас жоспарына және Бұқарбай батыр, Мәдениет, Есет батыр елді мекендердің дамыту және салу схемаларына түзетулер енгізу, сондай-ақ Жалағаш кентіндегі құрылыс салынған аумағындағы жерасты және жерүсті инженерлік желілерін түгендеу жұмыстары жүргізілетін болады. Аталған жұмыстарға бюджеттен тиісті қаражат бөлінген. Ендігі кезекте осы жұмыстардың сапасына қатаң бақылау орнатып, мерзімінде аяқтау жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын. Бұл жұмыстарды атқаруға біліміңіз де, тәжірибеңіз де жеткілікті деп есептеймін, – деді Ардақ Ибраимов.
Ерлан ӘНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!