Өзіме таңсық дүниелерден бейнеролик жасағанды жақсы көремін. Бірде ауданнан ашылғанына көп болмаған «Tatty waffle» деп аталатын кішігірім кафеде видео түсірмек болдым. Кәсіпорын ішіндегі сондай дәмді иіс өзіне баурап барады, жұмысым аяқталған соң кейіпкерімнен кәсіпорынның бүгінгі тынысы жайында сұрадым. Кәсіпкер келіншек жаны жайсаң кісі болғасын ба, әңгімеміз жараса кетті.
– Отау құрғаныма биыл 4 жыл болды. Бастапқы жылдары өзім бітірген мамандық бойынша дефектолог болып жұмыс жасадым. Кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шықтым, бірақ үйде бос жүрмейін деп жолдасыма «осы кәсіпті бастап көрейік» деп ұсыныс тастадым. Біріншіден, ауданда бұндай кәсіп әлі қолға алынбаған, екіншіден, үнемі халықтың сұранысында жүретін тәттілер болғандықтан ойланбастан кірісіп кеттік. Жалпы дайындығымызға да көп уақыт кетпеді, небәрі бір айдың ішінде жалға алатын орын тауып, оны өзіміздің идеямызбен сәндеп ашып алдық. Қызығы сол, халыққа ұнаған болуы керек, алғашқы күндерден-ақ тұтынушылар қызығып келе бастады. Бірі кафеміздің ішіне қызықса, енді бірі орталықта мүңкіген вафлидің иісіне қызықты. Қазір кәсіпорынның ашылғанына 6 айға жуықтады. Кәсібімізді бұрынғыдан да кеңітіп, халыққа ұсынатын тәттілерді де көбейттік. Өзімнің сүйікті жұмысымды да таптым, – дейді жас кәсіпкер Аружан Бақытжанқызы.
Соңғы жылдары кәсіпкерлік саласының серпін алуына нәзікжандылардың қосқан үлесі зор. Соның бірі бүгінгі кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында оның жан-жақты екенін, қолынан келгенше ауданның да көркеюіне ат салысқысы келетінін аңғардық. Өзі дефектолог маман болып жұмыс істеп жүрсе де қосымша «шоколадты құлпынай» кәсібімен айналысып, бұл кәсіпті ауданға алғаш алып келген қыздардың қатарында.
Ол бойжеткен кезінен дәмді тағамдар мен тәттілер пісіруге епті болды. Бұл іске қызығушылығы басым Аружанның сол кездегі арманы ресторан ашу екен. Сол арманның жетегінде жүріп, кәсібінен нәсібін тауып жүрген кейіпкеріміз бүгінде халықтың алғысын алып, талғампаз тұтынушылардың көңілінен шығуда. Сондай-ақ жас кәсіпкер бүгінде 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Бізге ұсынған гонконгтық вафлиді жеп отырып мәзірге көзіміз түсті. Жалпы дүкенде вафлидегі балмұздақтан бөлек түрлі дәмдегі лимонадтар, коктейльдер, шоколадты құлпынай, сонымен қатар жақында ғана қосылған бабл ти сусындарын халыққа ұсынып жүр. Бағалары да халық үшін қолжетімді. Тұтынуышлар көңілінен шыққанын адамдардың үзілмей келіп жатқанынан-ақ байқауға болады. Біз барғалы әлі де адам аяғы үзілмеді.
– Кәсіппен айналысуға ең алғаш қадамым сұлулық салонынан бастау алды. Жолдасыммен отау құрғаннан кейін келіндік қызмет атқарып үлгермей кеттім. Бірақ араға уақыт салып, отағасының қолдауымен үйде отырып-ақ «шоколадты құлпынай» әзірлеуді бастап көрдім. Ауданда әлі мұндай кәсіпті ешкім қолға алмағасын ба, бәріне қызық болған сияқты, тапсырыс көп түсті. Әсіресе тәттіні қыздар қауымы жақсы көреді ғой, 8 наурыз, түрлі туған күндер және тағы басқа мерекелерде көп тапсырыс түсіп жатады. Кейін бала күнгі арманымды орындап, кішігірім болса да кафе ашып алдық. Енді болашақта кафемізді үлкейтіп, мәзірге басқа да тәттілер қоссақ деп жоспарлап отырмыз, – дейді кейіпкеріміз.
Байқасаңыз, қазір балмұздақты біздің кезіміздегідей тек жаз мезгілінде ғана жемейді. Бұл өнім жыл он екі ай халықтың сұранысында. Кәсіпті бастағалы кафенің ашылуын уақытпен жарыса күтіп тұратын қонақтары да көп-ақ.
Иә, қазіргі таңда екі қолға бір күрек таппай жүрген әйелдер көп. Сондай-ақ кез келген істі бастағанда тәуекелге бел буып, алған бетінен қайтпай, айқын мақсатына жететіндер де аз емес. Сондай тәуекелшіл жандардың бірі – кейіпкеріміз Аружан Бақытжанқызы. Жеткен жетістігін аудан тұрғындарынан алған алғысына балаған ол берекелі кәсібі арқылы туған жерінің дамып, көркеюіне өзіндік үлес қосуды көздейді.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!