Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:28

Кәсіпкер келіншек

04.05.2024

619

0

Өзіме таңсық дүниелерден бейнеролик жасағанды жақсы көремін. Бірде ауданнан ашылғанына көп болмаған «Tatty waffle» деп аталатын кішігірім кафеде видео түсірмек болдым. Кәсіпорын ішіндегі сондай дәмді иіс өзіне баурап барады, жұмысым аяқталған соң кейіпкерімнен кәсіпорынның бүгінгі тынысы жайында сұрадым. Кәсіпкер келіншек жаны жайсаң кісі болғасын ба, әңгімеміз жараса кетті.

– Отау құрғаныма биыл 4 жыл болды. Бастапқы жылдары өзім бітірген мамандық бойынша дефектолог болып жұмыс жасадым. Кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шықтым, бірақ үйде бос жүрмейін деп жолдасыма «осы кәсіпті бастап көрейік» деп ұсыныс тастадым. Біріншіден, ауданда бұндай кәсіп әлі қолға алынбаған, екіншіден, үнемі халықтың сұранысында жүретін тәттілер болғандықтан ойланбастан кірісіп кеттік. Жалпы дайындығымызға да көп уақыт кетпеді, небәрі бір айдың ішінде жалға алатын орын тауып, оны өзіміздің идеямызбен сәндеп ашып алдық. Қызығы сол, халыққа ұнаған болуы керек, алғашқы күндерден-ақ тұтынушылар қызығып келе бастады. Бірі кафеміздің ішіне қызықса, енді бірі орталықта мүңкіген вафлидің иісіне қызықты. Қазір кәсіпорынның ашылғанына 6 айға жуықтады. Кәсібімізді бұрынғыдан да кеңітіп, халыққа ұсынатын тәттілерді де көбейттік. Өзімнің сүйікті жұмысымды да таптым, – дейді жас кәсіпкер Аружан Бақытжанқызы.

Соңғы жылдары кәсіпкерлік са­ла­­сының серпін алуына нәзік­жан­дылардың қосқан үлесі зор. Соның бірі бүгінгі кейіпкерімізбен әңгімелесу бары­сында оның жан-жақты екенін, қо­лы­­нан келгенше ауданның да көр­кеюіне ат салысқысы келетінін аң­ғардық. Өзі дефектолог ма­ман болып жұмыс істеп жүрсе де қосым­ша «шоколадты құлпынай» кәсібімен айналысып, бұл кәсіпті ауданға ал­ғаш алып келген қыздардың қата­рында.
Ол бойжеткен кезінен дәмді тағамдар мен тәттілер пісіруге епті болды. Бұл іске қы­зы­ғушылығы басым Аружан­ның сол кездегі арманы ресторан ашу екен. Сол арманның жетегінде жүріп, кәсібінен нәсібін тауып жүр­ген кейіпкеріміз бүгінде ха­лықтың алғысын алып, талғампаз тұты­ну­шылардың көңілі­нен шығуда. Сондай-ақ жас кәсіпкер бүгінде 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Бізге ұсынған гонконгтық ваф­лиді жеп отырып мәзірге көзіміз түсті. Жалпы дүкенде ваф­ли­­дегі бал­мұздақтан бөлек түрлі дәм­дегі лимонадтар, коктейль­дер, шо­коладты құлпынай, сонымен қатар жақында ғана қосылған бабл ти су­сындарын халыққа ұсынып жүр. Ба­ғалары да халық үшін қолжетімді. Тұтынуышлар көңілінен шыққанын адамдардың үзілмей келіп жатқа­нынан-ақ бай­қауға болады. Біз барғалы әлі де адам аяғы үзілмеді.
– Кәсіппен айналысуға ең алғаш қадамым сұлулық салонынан бастау алды. Жолдасыммен отау құрғаннан кейін келіндік қызмет атқарып үлгер­мей кеттім. Бірақ араға уақыт салып, отағасының қолдауымен үй­де оты­рып-ақ «шоколадты құл­пы­най» әзір­леуді бастап көрдім. Ауданда әлі мұндай кәсіпті ешкім қолға ал­мағасын ба, бәріне қызық болған сияқты, тапсырыс көп түсті. Әсіресе тәттіні қыздар қауымы жақсы көреді ғой, 8 наурыз, түрлі туған күндер және тағы басқа мерекелерде көп тапсырыс түсіп жатады. Кейін бала күнгі арманымды орындап, кішігірім болса да кафе ашып алдық. Енді болашақта кафемізді үлкейтіп, мәзірге басқа да тәттілер қоссақ деп жоспарлап отырмыз, – дейді кейіп­керіміз.
Байқасаңыз, қазір балмұздақты біздің кезіміздегідей тек жаз мез­гілінде ғана жемейді. Бұл өнім жыл он екі ай халықтың сұранысында. Кәсіпті бастағалы кафенің ашылуын уақытпен жарыса күтіп тұратын қонақтары да көп-ақ.
Иә, қазіргі таңда екі қолға бір күрек таппай жүрген әйелдер көп. Сон­дай-ақ кез келген істі бас­та­ғанда тәуекелге бел буып, алған бе­тінен қайтпай, айқын мақсатына жететіндер де аз емес. Сондай тәуе­кел­шіл жандардың бірі – кейіпкеріміз Аружан Бақытжанқызы. Жеткен же­тіс­тігін аудан тұрғындарынан алған алғысына балаған ол берекелі кә­сібі арқылы туған жерінің дамып, көр­кеюі­не өзіндік үлес қосуды көздейді.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: