Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына сапарында ауданның облыс орталығына жақын орналасуы бау-бақша мен фермерлік кәсіпті дамытуға мүмкіндік беретінін және соның нәтижесінде халықтың әлеуеті түзеліп, азық-түлік бағасы да тұрақталатынын баса айтқан еді.
Картоп егуді қолға алған
Жалағаштық диқандар егін шаруашылығын әртараптандыру мақсатында бақша дақылдарын егуді қолға алғанына 2-3 жылдай болды. Солардың бірі – «Ер-Әлі» шаруа қожалығы. Шаруа қожалық күріштен бөлек жыл сайын ірі көлемде картоп егеді. Өнімі де жаман емес. Шаруа қожалықтың төрағасы Әліби Бекжановтың ең бірінші мақсаты жиналған өнімді сырт өңірлерге қымбат бағамен сатып, пайдаға кенелу емес, аудан халқын картоппен қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыруға үлес қосу екен.
Еңбек адамының айтуынша, қырыққабаттың біздің жерге шығуы қиындау. Ал картоп, сәбізді егуге болады. Әрине, көкіністі бос, тың жерге егу керек. Ол үшін шаруашылық 5 шақырым жерге электр энергиясын тартып, насос апарып қойған. Осылайша, тамшылатып суару әдісімен картоп, сәбіз егуді қолға алған. Жоңышқа, саплерге қарағанда картоп, сәбіз жақсы шығады. Тұқымдық картопты, егетін техниканы да әкеліп қойған. Баяғы қолдап егіп, қолдап жинау, яғни, ескі әдіс енді келмеске кеткен. Қазір бәрі арнайы техниканы, жаңа технологияны қажет етеді.
Осы орайда шаруа адамы аудан орталығында шағын жәрмеңке ұйымдастырып, картоп өнімін аудан тұрғындары үшін арзандатылған бағада сатып тұрады. Мәселен, бүгінде базарда делдалдар арқылы әкелінген картоп жоғары бағада сатылып жатса, тікелей өндірушіден қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік бар.
33 276 центнер картоп жиналған
Былтыр аудан шаруалары күріштен бөлек бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары толық жинап алынды. Тарқатып айтсақ, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 9, центнерден, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7, 200 гектар қант құмайының әр гектарынан 41, 40 гектар арпаның әр гектарынан 8,2 центнерден өнім жиды. Мұнан бөлек 64 центнер сұлы, 33 276 центнер картоп, 195 центнер көкөніс, 299 650 центнер бақша дақылдары жиналды. Биыл да аймақ бойынша картоп, көкөніс, бақша өнімдерін 17,8 мың гектарға егу межеленген. Дегенмен су лимитіне байланысты егіс көлемі қайта қаралатын болады.
Экспортқа шектеу қойылды
Иә, соңғы аптада картоп бағасы күрт көтеріліп, тіпті 70 пайызға өсті. Кей өңірлерде баға 465 теңгеге дейін жеткен. Картоптың отаны саналатын Павлодарда өткен күзде 768 мың тонна өнім жиналған екен. Бірден сатып жібермей қоймаға салып алған шаруалар енді қызығын көріп жатса керек. Қазіргі уақытта тауар еліміздің Батыс өңірлері мен Астана, Алматы қалалары жөнелтуде.
Үкімет мүшелері картоп бағасының жақын уақытта тұрақтайтынын айтқан болатын. Иә, соңғы үш күнде бағаның төмендегені байқалады. Яғни Үкімет экспортқа шектеу қойып, фермерлерді ішкі нарықта сауда жасауға шақыруда. Әрине ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жақсы бағамен экспортқа сатқаны шаруалар үшін тиімді. Себебі, олардың өзіндік шығындарының өзі жыл сайын артып жатыр. Алайда, Үкіметтің алдында тұрған ең бірінші мәселе ішкі нарықты қамтамасыз ету.
Бір кісіге 5 келі
Бүгінде қала тұрғындарын толық қамтамасыз ету мақсатында Астана супермаркеттерінде картоп сатуға шектеулер енгізілген. Қаланың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мәліметінше, Астанада картоптың тұрақты бағасын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылданып жатыр.
Сатып алушылардың өнімдерді көтерме сатып алуын болдырмау мақсатында дүкендерді үйден әрі қарай сату үшін Small және Spar желілерінің сауда нүктелерінде картопты сатуға уақытша шектеу енгізілген. Яғни бір қолға 5 келіден артық берілмейді.
Қызылордада картоп
бағасы 158 теңге
Аймақ халқын нарық бағасынан 10-15 пайызға арзан өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында күнделікті ірі сауда орындарына тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері жеткізілуде.
Бүгінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен 10-ға жуық ірі супермаркеттер арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыруды қамтамасыз ету жөнінде келісімдер жасалған. Келісімшарт негізінде халыққа азық-түлік өнімдері шекті бөлшек бағамен арнайы «Әлеуметтік бұрыштар» арқылы ұсынылуда.
Айта кетейік, тұрақтандыру қорындағы азық-түлік өнімдерін қала орталықтарындағы «Small», «Кызылорда Оптомаркеті», «Анвар», «Ажар», «Алатау» супермаркеттерінен сатып алуға болады. Бұл сөрелерде картоп 158 теңге, сәбіз 132 теңге, басты пияз 115 теңге, қырыққабат 126 теңге, нан 65 теңге, қант 398 теңге, өсімдік майы 590 теңге, 1 сортты ұн 135 теңге, күріш 365 теңге, макарон 275 теңге, тұз 40 теңгеден сатылуда.
Тұрақтандыру қорынан картоп жекізілді
Ауданда баға тұрақты. Баға тұрақтылығын сақтау бағытында аудан әкімдігі тарапынан «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен келісімшарт жүргізіп, тұрақтандыру қорынан картоп ауданға жеткізілді. Қазіргі таңда Жалағаш кентінде Амангелді көшесі бойындағы «Шоқан», Сәрке батыр көшесі бойындағы «Нұрбек» сауда үйлерінде картоп өнімі халыққа арзан бағамен сатылуда.
Аудан көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз өсуін қадағалау мақсатында жергілікті билік және қоғамдық кеңес өкілдерімен мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Оған арнайы құрылған комиссия мүшелері қатысады. Мониторинг барысында аудан орталығындағы азық-түлік дүкендерін аралап, сөредегі тауар бағаларымен танысты.
Нәтижесінде өнім бағасын негізсіз өсірген заңсыз жайттар әшкереленбеген. Баға тұрақты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында баға тұрақтылығын бақылау жұмыстары, алдағы уақытта жалғасатын болады. Әкімдік осылай уәде берді.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!