Аламесектен егемен елдің ертеңіне саналы ғұмырын сарп еткен атпал азаматтар түлеген. Солардың қатарында ішкі істер саласында 10 жылға жуық қызмет атқарған Кеңесбек Әбішов те бар. Ол небәрі 39 жыл өмір сүрді. Бірақ аз ғана ғұмырында артында өшпес із қалдырып, кейінгі ұрпаққа үлгі болды. Бір сөзбен айтқанда, алдына нақты мақсат қойып, сол жолда тынымсыз еңбек етті. Ел алдында оның бүгінгідей беделінің артып, биігінің төмендемеуіне бойындағы табандылығы, жауапкершілігі һәм адалдығы сеп болды десек, артық болмас.
Ол уақытпен санаспайтын, Аламесек ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған тұста тұрғындардың тыныштығын тәулік бойы күзеткені әлі күнге дейін жұртының жадында. Сондықтан болар, бүгінде ауылдастары атпал азаматтың есімін жиі еске алып, өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа өсиет етеді.
Өткен аптада Есет батыр ауылына сапарымызда тағы бір игі шараның куәсі болдық. Негізінен ұмытпасам, тоқсаныншы жылдардың соңында немесе екі мыңыншы жылдардың басында туған жерінен қырағы тәртіп сақшысының атына көше берілген. Ал кешегі аптада ауыл мектебінен Кеңесбек Әбішов атындағы «Жас полиция» кадет сыныбы ашылды. Игі шарада облыстық полиция басқармасы бастығының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары Асқар Балқожаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов және қырағы полицейдің бұрынғы әріптестері, бүгінгі сала ардагерлері полиция майорының ерлікке толы өмір жолын кейінгі буынға дәріптеп, оның Отанға адалдығы, жұмыста жауапкершілігі жастарға үлгі болуы керектігін жеткізді.
– Бүгін облысымызда алғаш рет кадет сыныбы ашылып жатыр. Ол не үшін Есет батыр ауылынан ашылып отыр? Бұл сауалдың түйінін тарқату үшін тағы да Кеңесбек ағамыздың ерлікке толы өмір жолына тоқтауға тура келеді. Ол аз ғана ғұмырында ішкі істер саласында қызмет ете жүріп, елге, Отанға деген адалдығын көрсетті. Ел тыныштығын уақытпен санаспай күзетіп, сол жолда ерлікпен қаза тапты. Осындай батыр азамат түлеп ұшқан ауылда кадет сыныбын ашуды жоспарладық. Департамент, облыстық білім басқармасы, аудандық полиция мен білім бөлімінің бірлескен шешімінің арқасында бүгін осындай игі шарада бас қосып отырмыз. Қолға алған бұл жобамыздың басты мақсаты – оқушыларды патриоттыққа, адалдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, яғни алдағы уақытта олардың болашағын құқық қорғау саласымен байланыстыру. Болашақта осы жастардың ішінен халықтың тыныштығын күзетіп, елдің ертеңіне адал қызмет ететін ұрпақ қалыптаспасына кім кепіл. Міне, игі шараның негізгі мақсаты осындай еді. Барша аламесектік ағайынды, мектеп ұжымын кадет сыныбының ашылуымен құттықтаймын. Осында Отанға адал қызмет ететін ұрпақтар қалыптассын, – деді Асқар Балқожаев.
Кеңесбек Махметханұлы 1958 жылы 20 наурызда Аламесек ауылдық округінде дүниеге келген. 1964-1974 жылдары қазіргі Есет батыр ауылындағы №124 орта мектепте білім алған. 1975-1977 жылдары әскер қатарына қабылданып, Мәскеу қаласында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді.
Ол әскерден келіп, 1978 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түседі. Кейін Қызылорда қаласындағы Гидромелиораторлық институтына ауысып, іргелі оқу орнынан арнайы маман болып шықты. Алғаш еңбек жолын туған өлкеде бастап, түрлі қызметтерді абыроймен атқарды. 1990 жылы Шымкент қаласындағы №9 полиция қызметкерлерінің курсынан өтіп, 1991 жылдан 1997 жылға дейін туған жерге қызмет ету мақсатында ауылда учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс жасады. 1997 жылы 23 қыркүйекте АІІ бөліміне лауазымды қызметке ұсынылып, майор шеніне бұйрық тағайындалған шағында қызметтік міндетін атқару барысында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты.
Айта кетейік, аймақта кадет сыныбы бірінші рет ашылып отыр. Мұнда тәрбиеленушілерге жас шектеу қойылмайды. Жетінші сыныптан жоғары оқушылардың барлығы кадет сыныбына қабылдана алады. Мұнда қатысушыларға саптық байқау, қаруды бөлшектеу, жинау үйретіліп, құқықтық негізде сабақтар өтеді. Аптасына 1 рет ішкі істер органдарының білікті мамандары келіп оқушыларға сабақ береді. Сонымен қатар кадет сыныбының оқушылары қоғамдық тәртіпті сақтауға негізделген іс-шараларға қатысады. Алдағы уақытта білім саласында Ішкі істер министрлігінің оқу орындарында белгіленген түрлі сала мамандықтарын меңгеруге бағыт беріледі. Яғни кадет сыныбының оқушылары ант беріп, оның жауапкершілігін сезінуі тиіс.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Құрақбайұлы ауылдық елді мекендердің ішінде оқушылары көп мектептер қатарында Аламесектегі алтын ұя көш бастап тұрғанын айтады. Оның ішінде ер балалар көп мектептер қатарында да бұл оқу орны алдыңғы қатарда. Кадет сыныбын ашудағы жоспарда осының бәрі ескерілген.
– Бала тәрбиесіне қатысты сыни пікір көп айтылады, негізінен балалар тәрбиені көру арқылы алады. Яғни біздің оларға айтқан ақылымыз бен жасаған ісіміз қабыспаса, онда берілген тәрбиенің бәрі бекер. Міне, осы ретте біз осындай жобалар арқылы әлгіндей сыни пікірлерге жауап табамыз. Кеңесбек ағамыз өмірде, қызметте қандай болды? Осындай сауалдың әлгіндей жобалармен түйінін тарқатып, оқушылардың бойына отансүйгіштікті, патриоттықты дәріптейміз. Негізгі мақсаты бағана айтылды. Енді тек осы мақсатта жұмыс жасап, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруымыз керек, – деді ол.
Шарада сала ардагері Базарбай Ержанов бұрынғы әріптесінің еңбек жолына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ауыл тұрғындары қырағы полицей Кеңесбек Әбішовтың қылмысты уақытында ашуда, қылмыстың алдын алуда табанды еңбек еткенін тілге тиек етіп, оның атына берілген бүгінгі кадет сыныбы атпал азаматқа лайықты құрмет екенін жеткізді. Ал Кеңесбек ағамыздың аяулы жары Кенжетай Жарылқағанова ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, өткенін ұлықтап, өшкенін қайта жаққан ауылдастарымен мақтанатынын айтты.
Иә, оның қызметтегі ерлігі әлі күнге дейін елінің көз алдында. Сондықтан туған жеріне, еліне адал қызмет етіп, саналы ғұмырын салаға сарп еткен тұлғаны туған жері әсте ұмытпайды. Яғни қырағы полицейдің өзі өмірден өткенімен, есімі һәм ерлігі елінің жадында осындай игі шаралармен мәңгі жасай берері сөзсіз.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!