Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Жұма, 17 мамыр, 06:19

Кеңесбек Әбішов атындағы кадет сыныбы

30.04.2024

737

0

Аламесектен егемен елдің ертеңіне саналы ғұмырын сарп еткен атпал азаматтар түлеген. Солардың қатарында ішкі істер саласында 10 жылға жуық қызмет атқарған Кеңесбек Әбішов те бар. Ол небәрі 39 жыл өмір сүрді. Бірақ аз ғана ғұмырында артында өшпес із қалдырып, кейінгі ұрпаққа үлгі болды. Бір сөзбен айтқанда, алдына нақты мақсат қойып, сол жолда тынымсыз еңбек етті. Ел алдында оның бүгінгідей беделінің артып, биігінің төмендемеуіне бойындағы табандылығы, жауапкершілігі һәм адалдығы сеп болды десек, артық болмас.

Ол уақытпен санаспайтын, Аламе­сек ауылдық округінде учаскелік по­ли­ция инспекторы қызметін атқарған тұста тұрғындардың тыныштығын тәу­лік бойы күзеткені әлі күнге дейін жұр­тының жадында. Сондықтан болар, бүгінде ауылдастары атпал азаматтың есімін жиі еске алып, өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа өсиет етеді.
Өткен аптада Есет батыр ауылына сапарымызда тағы бір игі шараның куәсі болдық. Негізінен ұмытпасам, тоқ­саныншы жылдардың соңында не­месе екі мыңыншы жылдардың басында туған жерінен қырағы тәртіп сақшы­сының атына көше берілген. Ал кешегі аптада ауыл мектебінен Кеңесбек Әбі­шов атындағы «Жас полиция» кадет сыныбы ашылды. Игі шарада облыс­тық полиция басқармасы бастығының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары Асқар Балқожаев, аудан­дық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов және қырағы полицейдің бұ­рынғы әріптестері, бүгінгі сала ар­дагерлері полиция майорының ерлікке толы өмір жолын кейінгі буынға дә­ріптеп, оның Отанға адалдығы, жұ­мыста жауапкершілігі жастарға үлгі болуы керектігін жеткізді.
– Бүгін облысымызда алғаш рет кадет сыныбы ашылып жатыр. Ол не үшін Есет батыр ауылынан ашылып отыр? Бұл сауалдың түйінін тарқату үшін тағы да Кеңесбек ағамыздың ер­лікке толы өмір жолына тоқтауға тура келеді. Ол аз ғана ғұмырында ішкі істер саласында қызмет ете жүріп, елге, Отанға деген адалдығын көр­сетті. Ел тыныштығын уақытпен са­нас­пай күзетіп, сол жолда ерлікпен қаза тапты. Осындай батыр азамат түлеп ұшқан ауылда кадет сыныбын ашуды жоспарладық. Департамент, облыстық білім басқармасы, аудандық полиция мен білім бөлімінің бірлескен шешімінің арқасында бүгін осындай игі шарада бас қосып отырмыз. Қолға алған бұл жобамыздың басты мақ­саты – оқушыларды патриоттыққа, адал­дыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, яғни алдағы уақытта олардың болашағын құқық қорғау саласымен байланыстыру. Болашақта осы жастардың ішінен ха­лықтың тыныштығын күзетіп, елдің ертеңіне адал қызмет ететін ұрпақ қа­лыптаспасына кім кепіл. Міне, игі ша­раның негізгі мақсаты осындай еді. Барша аламесектік ағайынды, мек­теп ұжымын кадет сыныбының ашы­луымен құттықтаймын. Осында Отанға адал қызмет ететін ұрпақтар қалыптассын, – деді Асқар Балқожаев.
Кеңесбек Махметханұлы 1958 жы­лы 20 наурызда Аламесек ауылдық ок­ру­гінде дүниеге келген. 1964-1974 жылдары қазіргі Есет батыр ауылын­дағы №124 орта мектепте білім алған. 1975-1977 жылдары әскер қатарына қабылданып, Мәскеу қаласында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді.
Ол әскерден келіп, 1978 жылы Қарағанды политехникалық институ­тына оқуға түседі. Кейін Қызылорда қаласындағы Гидромелиораторлық ин­ститутына ауысып, іргелі оқу орнынан арнайы маман болып шықты. Алғаш еңбек жолын туған өлкеде бастап, түрлі қызметтерді абыроймен атқарды. 1990 жылы Шымкент қаласындағы №9 полиция қызметкерлерінің курсынан өтіп, 1991 жылдан 1997 жылға дейін туған жерге қызмет ету мақ­сатында ауылда учаскелік полиция қыз­меткері болып жұмыс жасады. 1997 жылы 23 қыр­күйекте АІІ бөліміне лауазымды қызметке ұсынылып, майор шеніне бұй­рық тағайындалған шағында қызметтік міндетін атқару барысында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты.
Айта кетейік, аймақта кадет сыны­бы бірінші рет ашылып отыр. Мұнда тәрбиеленушілерге жас шектеу қо­йыл­­­­­майды. Жетінші сыныптан жо­ғары оқушылардың барлығы ка­дет сыныбына қабылдана алады. Мұнда қатысушыларға саптық байқау, қа­ру­ды бөлшектеу, жинау үйре­ті­ліп, құ­қық­тық негізде сабақтар өтеді. Ап­та­сына 1 рет ішкі істер орган­дарының білікті мамандары келіп оқу­шы­ларға сабақ береді. Сонымен қатар кадет сыныбының оқушылары қо­ғамдық тәр­тіпті сақтауға негізделген іс-шара­лар­ға қатысады. Алдағы уақытта бі­лім саласында Ішкі істер минис­тр­лігінің оқу орындарында белгіленген түрлі сала мамандықтарын меңгеруге бағыт бе­ріледі. Яғни кадет сыныбының оқу­­шылары ант беріп, оның жауап­кер­ші­лі­гін сезінуі тиіс.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Құрақбайұлы ауылдық елді мекендердің ішінде оқушылары көп мектептер қатарында Аламесектегі ал­тын ұя көш бастап тұрғанын айтады. Оның ішінде ер балалар көп мектептер қатарында да бұл оқу орны алдыңғы қатарда. Кадет сыныбын ашу­дағы жоспарда осының бәрі ескерілген.
– Бала тәрбиесіне қатысты сыни пікір көп айтылады, негізінен балалар тәрбиені көру арқылы алады. Яғни біздің оларға айтқан ақылымыз бен жасаған ісіміз қабыспаса, онда берілген тәрбиенің бәрі бекер. Міне, осы ретте біз осындай жобалар арқылы әлгіндей сыни пікірлерге жауап табамыз. Кеңес­бек ағамыз өмірде, қызметте қан­дай болды? Осындай сауалдың әл­гіндей жобалармен түйінін тарқатып, оқушылардың бойына отансүйгіштікті, пат­риоттықты дәріптейміз. Негізгі мақ­саты бағана айтылды. Енді тек осы мақсатта жұмыс жасап, бәсекеге қа­бі­летті ұрпақ қалыптастыруымыз керек, – деді ол.
Шарада сала ардагері Базарбай Ержанов бұрынғы әріптесінің еңбек жолына кеңінен тоқталды. Сон­дай-ақ ауыл тұрғындары қырағы по­лицей Кеңесбек Әбішовтың қыл­мысты уақытында ашуда, қылмыстың алдын алуда табанды еңбек еткенін тілге тиек етіп, оның атына берілген бүгінгі кадет сыныбы атпал азаматқа лайықты құрмет екенін жеткізді. Ал Кеңесбек аға­мыздың аяулы жары Кен­жетай Жа­рылқағанова ұйым­дастырушыларға ал­ғысын білдіріп, өткенін ұлықтап, өш­кенін қайта жаққан ауылдастарымен мақтанатынын айтты.
Иә, оның қызметтегі ерлігі әлі күнге дейін елінің көз алдында. Сондықтан туған жеріне, еліне адал қызмет етіп, саналы ғұмырын салаға сарп еткен тұл­ғаны туған жері әсте ұмытпайды. Яғни қы­рағы полицейдің өзі өмірден өтке­ні­мен, есімі һәм ерлігі елінің жадында осын­дай игі шаралармен мәңгі жасай берері сөзсіз.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: