Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

14°C

, Дүйсенбі, 06 мамыр, 02:48

Көкжөтел: 7 науқас тіркелген

21.03.2024

86

0

Елімізде жыл басынан бері 391 адам көкжетел болса, оның 7-еуі біздің аймаққа тиесілі. Әзірге ауданнан аталған дертке шалдыққандар анықталған жоқ. Десе де мамандар сақтану қажеттігін айтады. Оның үстіне күн енді жылынған шақта дерт дендейтін көрінеді. Аталған дерттің алдын алуда қайтпек керек, науқастар қандай ем-шаралар қабылдайды, осы және өзге де бірқатар сауалдарға ауданның бас санитары Гүлзираш Айымбетова кешегі брифингте жауап берді.

Жалпы көкжөтел – тыныс алу жол­дарының жұқпалы ауруы. Дерт­тің қоздырғыштары – «Bordetellapertussis» деп аталатын спецификалық бактериялар. Спикер оны адам ағзасына ауа тамшылары арқылы берілетінін айтады. Бұл індет циклды ағыммен өтіп, кеңірдек, көмей, брон­хылардың шырышты қабығын за­қымдайды. Аурудың алғаш жұғу сәті катаральды кезең, оның ұзақ­тығы 3-14 күнге дейін созылады.
– Басты белгісіне келсек, тоқ­таусыз қатты жөтелдің пайда болуы. Мұндай кезде кейбір науқаста дене қызуы мүлдем көтерілмейді, ал кей­біреулерде субфебрильді тем­пература (37-37.5С) сақталып тұ­рады. Бұдан кейін, яғни ұстамалы жөтел кезеңі басталады. Ол 3-8 аптаға дейін, кейбір жағдайда одан да көпке созылуы мүмкін. Ұстамалы жөтелдің ерекшелігі катаральді ке­зеңдегі жөтел өзгеріп, күшейіп, ты­ныс алудың қиындауы, булығу пай­да болады. Қатты жөтел кезінде ба­­ланың беті қызарып, тілін сыртқа шы­ғарады. Жөтелден соң құсу, тұтқыр қақырықтың бөлінуі, бет-ауыз­­дың ісінуі сынды белгілер бай­қалады. Тіпті көзге де кері әсерін тигізіп, конъюнктива астына қан құйылулар болуы мүмкін. Ал көк­жөтел көпке созылып асқынып кетсе, қайғылы жағдай орын алуы ықтимал. Әсіресе 1 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті, – дейді ол.
Спикердің сөзінше, бала өзінен-өзі ауырмайды. Көп жағдайда көк­жөтел ересектерден жұғады екен. Егер үлкендер ұзақ уақыт жөтелсе, ол көкжөтелмен ауырды деген сөз. Бірақ бұл сырқат оларда жеңіл өтетіндіктен көбі созылмалы жөтелін елемей жүре береді. Салдарынан балалар зардап шегеді екен. Оның үстіне қазір ауа райы да жылы бол­ғандықтан адамдар көп қы­дырады, қоғамдық орындарға жиі барады. Бұл жағдай да ауру таяқшаларының ауа тамшылары арқылы тез таралуына ықпал етеді екен.
Соңғы кездері екпе алудан бас тартатындар көбейген. Салдарынан жұқпалы ауруларды жұқтырғандар қатары артқан. Негізі, аурудың алдын алу үшін халықтың 95 пайызы екпе алуы тиіс.
Жалпы соңғы рет Қазақстанда көк­жөтелдің көбею жағдайы 2018 жылы, оның алдында 2015 жылы тіркелген. Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – көкжөтелге қарсы екпе алу. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екен. Яғни егілген балалар аталған індетпен сирек ауырады әрі жұқтырған күннің өзінде жеңіл түрде өтеді.
Ауданның бас санитары керісінше егілмеген балалар арасында көк­жөтел ауруын жұқтыру көрсеткіші жоғары екенін айтады. Сондай-ақ олардың ауруы да созылып, ұзақ уақыт емдеуді қажет етеді. Мұндайға жол бермеу үшін уақытында екпе алу керек. Мәселен, биыл осы дертті жұқтырғандардың дені егілмеген балалар екені белгілі болып отыр. Сонымен қатар көптен бері жөтеліп жүрген адамдардан сақтану қажет. Оларды оқшаулап, көкжөтел таяқшасының бар-жоғын анықтап, ауруын асқындырмай емдеген жөн.
ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәй­кес балаларға екпе егу бір мез­гілде тиісінше 5-6 аурудан, яғни дифте­риядан, сіреспеден, көкжө­телден, по­лиомиелиттен, В типті гемофильді инфекциядан және В гепатитінен қор­­ғайтын құрамында АбКДС бар бес және алты компонентті құрама вакциналарды қолданып жүргі­зіледі. Көкжөтелден барынша қорғау үшін балаларға 5 екпе алу қажет, оның ішінде 2 айдан бастап 1 ай аралығымен 3 екпе, содан кейін бірінші ревакцинация бір жарым жаста, екінші ревакцинация 6 жаста жүргізіледі. Осы ретте спикер де дертті дендетпеудің басты жолы вакцина екенін жасырмады.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: