Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:24

Күрішпен кірісін еселеген

17.10.2023

263

0

Жаз бойы бапталған күрішке орақ салу жұмыстары да аяқталуға жақын, бірақ егіс басындағы қызу еңбек әлі басылған жоқ. Аудан іргесіндегі «Сәрке Батыр» ЖШС ұжымы да дала жұмыстарын бірыңғайлапты. Кешегі аптада жолымыз түсіп, қырмандағы жүріп жатқан қызу жұмыспен, биылғы егін шаруасының жайымен таныстық. Дала дарабоздары биыл да саланы оң нәтижемен қорытындылайтын сыңайлы.

Алтын күздің нағыз берекелі шағы – егін жинау науқаны. Екі мәрте Со­циа­листік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев егінші жастарға «Егінді өсіре білуің – ең алғашқы асуды алуың, ал өнім­ді ысырапсыз жинап алуың – ха­лық­қа тартқан асылың» деп бекер айтпаған.
Қырманға келген бойда білек сыбана жұмысқа кіріскен «Сәрке батыр» шаруа қожалығы жұмысшыларының заманауи аппарат арқылы жоңышқадан тұқым дайындап жатқанын байқадық. Егіншілер биылдыққа өнімнің соңғы гектарларын жинап жатқанын айтады. Шаруа адамдарының жұмысын жеңілдетер басты құралы заманауи техника екені даусыз. Себебі адам шамасы жетпейтін жұмыстардың біразын ар­найы аппараттардың көмегімен еңсе­реді. Бұл шаруа қожалықта күріш тазалайтын заманауи аппарат­тар да баршылық. Егін орағына 3 класс комбайн, күріш тұқымдарын жи­науға 2 «Макдон» жаткасы және 2 «Енисей» жаткасы, 1 «Енисей», сонымен қатар 3 ХТЗ тракторы жұмылдырылған. Олар күніне 90-95 тонна тұқым дайындауға қауһарлы. Ка­на­далық алып аппаратты алғалы мұндағы өнімге сұраныс артып, шаруа­шылық шаруасының ширауына айтар­лықтай қолғабыс болған.
«Сәрке батыр» шаруа қожалығында алқаптың 950 гектарын «Лидер» сұры­пындағы күріш өнімі құрайды. Сонымен қатар 360 гектарын жоңышқа, 200 гектарын бидай өнімдері алып жатыр. Шаруашылықтың өнімдері қашанда халықтың сұранысында. Қыркүйектің 5-не күрішке орақ салған ұжым қазір науқанды қорытындылауға жақын. Бас аграном Қанат Демесіновті әңгімеге тартып, биылғы өнімнің шығымы жайында бірқатар сауал жолдадық.
– Биыл жер ылғал болғандықтан бастапқы кезде шаруашылық жұмыста­рымен айналысу қиын болды. Со­нымен қатар күріш кеш пісіп, межелеген уақыттан кешігіңкіреп тұрмыз. Алайда күріштен алатын ор­таша өнім жоғары болып отыр. Нақтырақ айт­сам, дәл қазіргі уақыттың өзінде орташа өнім 55 центнерді құрайды. Алдағы уақытта межелі өнімге қол жеткізбесек, одан төмен астық жина­май­тын сияқ­ты­мыз. Әрине соңғы жылдары су тап­шы­лығы шаруалардың бі­разын титықтатқаны анық, бі­рақ біз де қол қусырып отырмай, бұл мә­се­лемен біршама күрестік. Енді осымен науқан жұмыстарын абы­рой­­мен аяқтап, келер жылдың да жос­пар­лы жұмысына қадам басамыз. Бас­ты­сы, еткен еңбек далаға кеткен жоқ, соған шүкір дейміз, – дейді «Сәрке батыр» ЖШС бас аграномы Қанат Демесінов.
Күз – мереке мен берекенің, ырыс пен несібенің жемісін көретін, тау-тау болып үйілген мына астықтарды қам­баға толтырып құятын мезгіл. Бұл тек ауданымызда емес, жалпы ел­дегі халық ахуалын көтерер маңызды уақыттардың бірі болып табылады. «Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» дегендей, ша­руа қожалығындағы жұмысшылар таң бозарғаннан-ақ егістікке бет алып, ты­ным­сыз еңбек етуден шаршамайды. Жаңбыр жауатын уақытқа жеткізбей, егінді жинап алу үшін шаруа адам­дары жұмысын барынша тезде­туде. Тіпті біз барған шақ түскі ас уақы­тына сәйкес келсе де, шаруа адам­дары де­мал­мастан шаруашылық жұмыс­тарын ширатуда. «Біз түрегеліп ішіп кете беруге үйреніп қалғанбыз ғой, сен­дер отырып, ішіп алыңдар» деп қо­нақ­жайлық танытты. Иә, қонақ келсе әрқашан дастарханды жайнатып тастау халқымыздың қа­нында бар қасиет емес пе? Бірақ біз де асқа қарамай, еңбек адамдарымен сұхбат құруға асықтық.
Шаруашылық бүгінде 120-ға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қам­тып отыр. Күніне 3 мың центнерден аса ас­тық түсіріп отырған 4 өндіріс брига­дасы бұйырса, биыл науқанды оң нә­ти­жемен қорытындыламақ. Шаруа қожа­лы­ғын­дағы жұмысшылардың да еңбегі зор. Өз басым осылай ерінбей еңбек етіп, адал маңдай термен тірлік етіп жүрген жандардың бәрін де еңбек адамы деп білемін. Күнкөрістің қамын жасап, тіршіліктің күйбеңінен қолы босамайтын еңбекқор жандарға деген қоғамның құрметі де ерекше болары сөзсіз.
Биыл шаруашылықта техни­ка­дан мәселе болмаған. Себебі шаруа­шылық базасы толық заманауи соңғы үлгідегі техникалармен жарақталған. Ал мұның еңбек өнімділігіне де оң әсері болатыны айтпаса да белгілі.
Айта берсек, шаруашылықта тың жаңалықтар жетерлік. Қуантарлығы, оның барлығы еңбек өнімділігіне, өнім сапасына айтарлықтай оң әсер еткен. Аяқ су мәселесі күрделенген шақта күріштен мол өнім алу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бізді осы мақсатқа нәтижелі еңбек еткен дала дарабоздарының қолға алған жобалары қызықтырды.


Ақнұр Алтынбек

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: