Жаз бойы бапталған күрішке орақ салу жұмыстары да аяқталуға жақын, бірақ егіс басындағы қызу еңбек әлі басылған жоқ. Аудан іргесіндегі «Сәрке Батыр» ЖШС ұжымы да дала жұмыстарын бірыңғайлапты. Кешегі аптада жолымыз түсіп, қырмандағы жүріп жатқан қызу жұмыспен, биылғы егін шаруасының жайымен таныстық. Дала дарабоздары биыл да саланы оң нәтижемен қорытындылайтын сыңайлы.
Алтын күздің нағыз берекелі шағы – егін жинау науқаны. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев егінші жастарға «Егінді өсіре білуің – ең алғашқы асуды алуың, ал өнімді ысырапсыз жинап алуың – халыққа тартқан асылың» деп бекер айтпаған.
Қырманға келген бойда білек сыбана жұмысқа кіріскен «Сәрке батыр» шаруа қожалығы жұмысшыларының заманауи аппарат арқылы жоңышқадан тұқым дайындап жатқанын байқадық. Егіншілер биылдыққа өнімнің соңғы гектарларын жинап жатқанын айтады. Шаруа адамдарының жұмысын жеңілдетер басты құралы заманауи техника екені даусыз. Себебі адам шамасы жетпейтін жұмыстардың біразын арнайы аппараттардың көмегімен еңсереді. Бұл шаруа қожалықта күріш тазалайтын заманауи аппараттар да баршылық. Егін орағына 3 класс комбайн, күріш тұқымдарын жинауға 2 «Макдон» жаткасы және 2 «Енисей» жаткасы, 1 «Енисей», сонымен қатар 3 ХТЗ тракторы жұмылдырылған. Олар күніне 90-95 тонна тұқым дайындауға қауһарлы. Канадалық алып аппаратты алғалы мұндағы өнімге сұраныс артып, шаруашылық шаруасының ширауына айтарлықтай қолғабыс болған.
«Сәрке батыр» шаруа қожалығында алқаптың 950 гектарын «Лидер» сұрыпындағы күріш өнімі құрайды. Сонымен қатар 360 гектарын жоңышқа, 200 гектарын бидай өнімдері алып жатыр. Шаруашылықтың өнімдері қашанда халықтың сұранысында. Қыркүйектің 5-не күрішке орақ салған ұжым қазір науқанды қорытындылауға жақын. Бас аграном Қанат Демесіновті әңгімеге тартып, биылғы өнімнің шығымы жайында бірқатар сауал жолдадық.
– Биыл жер ылғал болғандықтан бастапқы кезде шаруашылық жұмыстарымен айналысу қиын болды. Сонымен қатар күріш кеш пісіп, межелеген уақыттан кешігіңкіреп тұрмыз. Алайда күріштен алатын орташа өнім жоғары болып отыр. Нақтырақ айтсам, дәл қазіргі уақыттың өзінде орташа өнім 55 центнерді құрайды. Алдағы уақытта межелі өнімге қол жеткізбесек, одан төмен астық жинамайтын сияқтымыз. Әрине соңғы жылдары су тапшылығы шаруалардың біразын титықтатқаны анық, бірақ біз де қол қусырып отырмай, бұл мәселемен біршама күрестік. Енді осымен науқан жұмыстарын абыроймен аяқтап, келер жылдың да жоспарлы жұмысына қадам басамыз. Бастысы, еткен еңбек далаға кеткен жоқ, соған шүкір дейміз, – дейді «Сәрке батыр» ЖШС бас аграномы Қанат Демесінов.
Күз – мереке мен берекенің, ырыс пен несібенің жемісін көретін, тау-тау болып үйілген мына астықтарды қамбаға толтырып құятын мезгіл. Бұл тек ауданымызда емес, жалпы елдегі халық ахуалын көтерер маңызды уақыттардың бірі болып табылады. «Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» дегендей, шаруа қожалығындағы жұмысшылар таң бозарғаннан-ақ егістікке бет алып, тынымсыз еңбек етуден шаршамайды. Жаңбыр жауатын уақытқа жеткізбей, егінді жинап алу үшін шаруа адамдары жұмысын барынша тездетуде. Тіпті біз барған шақ түскі ас уақытына сәйкес келсе де, шаруа адамдары демалмастан шаруашылық жұмыстарын ширатуда. «Біз түрегеліп ішіп кете беруге үйреніп қалғанбыз ғой, сендер отырып, ішіп алыңдар» деп қонақжайлық танытты. Иә, қонақ келсе әрқашан дастарханды жайнатып тастау халқымыздың қанында бар қасиет емес пе? Бірақ біз де асқа қарамай, еңбек адамдарымен сұхбат құруға асықтық.
Шаруашылық бүгінде 120-ға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Күніне 3 мың центнерден аса астық түсіріп отырған 4 өндіріс бригадасы бұйырса, биыл науқанды оң нәтижемен қорытындыламақ. Шаруа қожалығындағы жұмысшылардың да еңбегі зор. Өз басым осылай ерінбей еңбек етіп, адал маңдай термен тірлік етіп жүрген жандардың бәрін де еңбек адамы деп білемін. Күнкөрістің қамын жасап, тіршіліктің күйбеңінен қолы босамайтын еңбекқор жандарға деген қоғамның құрметі де ерекше болары сөзсіз.
Биыл шаруашылықта техникадан мәселе болмаған. Себебі шаруашылық базасы толық заманауи соңғы үлгідегі техникалармен жарақталған. Ал мұның еңбек өнімділігіне де оң әсері болатыны айтпаса да белгілі.
Айта берсек, шаруашылықта тың жаңалықтар жетерлік. Қуантарлығы, оның барлығы еңбек өнімділігіне, өнім сапасына айтарлықтай оң әсер еткен. Аяқ су мәселесі күрделенген шақта күріштен мол өнім алу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бізді осы мақсатқа нәтижелі еңбек еткен дала дарабоздарының қолға алған жобалары қызықтырды.
Ақнұр Алтынбек
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!