– Оңай жерде олжа бар деп пе едің, қиындыққа адал еңбекпен төтеп бермей, жұмысыңның жемісін көре алмайсың, – деді ол қасындағы көмекшісіне.
Болат ағамызға Берденнің көмекші болғанына да көп уақыт болмапты. Әрбір ісіне майталман механизатордың көңілі толмайтыны содан шығар, сірә. Бірақ алдындағы ағасының ақылын алса, аудандағы ауыл шаруашылығының мықты маманы болатынына күмән жоқ.
Не керек, еңбек адамының жұмысымен танысу үшін онымен диалог құруға бел будық. Бірақ көмекшісіндей «сөз естіп қаламыз ба?» деген күдігіміз де жоқ емес. Аман-саулық сұрасқан бойда кейіпкеріміз шешіле сөйледі. Ауызын бақсақ, Бөкең техниканың тілін меңгерген майталман маман екен.
Болат Шіміріковтің ауыл шаруашылығы саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Ақсулық ағамыз өңірдегі «Ақбозтай» фермер қожалығында механизатор болып жұмыс жасайды. Аяздың беті қайтып, жердің тоңы жібігеннен Бөкеңе тыным жоқ. Көктем басталғаннан жер жыртып, оны сүдігерлейді, каналдарға су келе бастағаннан тұқып себеді, ал жаздай шөп орып, пресс басады.
Кейіпкеріміздің күзде күрішке орақ салу жұмыстарына білек сыбана кірісетіні айтпаса да түсінікті. Күзгі науқаннан кейін механизатор демалады десеңіз қателесесіз. Себебі оны аязды күндері де шаруашылықтың басқа да жұмыстары күтіп тұр. Осынша жауапкершілікті арқалаған майталман маманның шаршаған кезі болмапты. Керісінше жасы ұлғайса да жастарға үлгі болып жүр.
– Қазір салада жұмыс ауыр деген адамды өзім жалқау деп есептеймін. Біздің кезімізде қалай еді, ескірген техникалардың бірін іске қоссаң, екіншісі қирап жатады. Оны жөндеуден өткізсең, келесі күтіп тұр. Не керек, көп уақытымыз көліктің ішінде емес, астында өтетін. Бірақ солай жүріп, мол астықты жауын-шашынға ысырап қылмадық. Қазір ше, бүгінде сала жұмысы жүйеленген. Шаруашылықтар заманауи техникалармен жарақталған. Тек еңбек ету керек. Жаңа көмекшіме де кейіп жатқаным осы ғой, – дейді ол.
Білікті һәм тәжірибелі маман қай кезде де үлкен сұранысқа ие. Елуді еңсерген ағамыз бұл сөзімізге дәлел. Басшылыққа «мен шаршадым, ендігі кезек жастардікі» деп талай ескертіпті. Бірақ төраға Абай Боранқұловтың мұндай майталман механизатордан айырылғысы жоқ.
Шаруашылық басшысы әр жылдары күзгі науқанның қорытындысында еңбекте озат дала дарабоздарына айлығынан бөлек қаржылай сыйақы үлестіреді. Олардың соңы 500-600 мың теңгедей қаражатқа ие болса, алды бірнеше млн теңгеге дейін қол жеткізеді.
Бір қызығы, Болат Шіміріков солардың ешқайсысынан құр қалмапты. Бұдан оның әр жылды табысты қорытындылайтынын аңғару қиын емес. Биыл да Бөкең еңбекте озат шығып, 2 млн теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Адал еңбектің өтеуі деген осы шығар, сірә.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!