Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Сейсенбі, 16 қыркүйек, 15:46

Отан отбасынан басталады

16.09.2025

6

0

Отбасы күніне орай аудандық «Руханият» орталығының неке қию залында мерекелік шара өтті. Басқосуда «Алтын той» және «Күміс той» иегерлеріне арнайы неке куәліктері табысталды. Бұл игі рәсім – ұрпаққа өнегелі тәлім, отбасы институтының мәртебесін биіктететін тағылымды дәстүрдің көрінісі болды.

Куәлік табыстау рәсіміне дейін ме­рей­лі отбасылар ауданымызда жаңа­дан бой көтерген «Руханият» орта­­лығын ара­лап, ру­хани-мәдени кеңіс­тіктің тыныс-тір­ші­лігімен танысты. Салта­нат­ты шараға ау­дандық аналар кеңесі, әйел­дер кеңесі, Қазақстан халқы Ассам­блеясының бел­сен­ді мүшелері қатысты.
Отбасы – мемлекеттің іргетасы, адам баласының өсіп-өніп қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өмі­ріндегі мейірімділік пен адалдық, адам­гершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді отбасындағы тәрбиеден жи­найтыны дау­сыз. Бүгінде ауданда өне­­гесімен көпке үлгі болып, өсіп-өніп, сая­лы бәйтерекке айналған отбасылар көп. Олардың осын­дай күнге жетуіне қа­зыналы қарт­тардың қажыр-қайраты,па­йым-пара­сатының үле­сі зор. «Әке көр­ген оқ жонар, шеше көр­ген тон пі­шер» демекші, бүгінгі жас ұр­пақ та от­ба­сы деген қасиетті ме­кеннің қадірін қа­шыр­мауға тырысып келеді. Ұлттың ұлт болып қалыптасып, қоғамның ыр­ғақ­­­ты дамуы, мемлекеттің өр­кендеуі ең ал­ды­мен отбасы тәрбиесіне бай­ла­ныс­ты.
«Алтын той» иелері – жарты ғасыр бойы тату-тәтті ғұмыр кешкен ардақты ата-аналар, «Күміс той» иелері – ширек ғасыр бойы бірге өмір сүріп, елге үлгілі шаңырақ иелері. Шараға 3 «Алтын той», 2 «Күміс той» иелері қатысты.
Солардың бірі – кент тұрғыны Бақытбек Каипов пен Үрзада Ысқақова. Олар – 3 бала тәрбиелеп, 11 немере сүйіп отырған өнегелі әулет. Отағасы Ба­қыт­бек ағай зейнет жасына дейін көлік жүр­гізушісі болып тынымсыз еңбек етсе, отанасы – денсаулық сақтау сала­сы­ның ардагері.
Сондай-ақ шараға отбасы құнды­лығын сақтап, тамырын тереңге жай­ған, іргелі әулет, Аққыр ауылының тұр­ғын­­да­ры Маханбетжановтар да қа­тысты. Же­тіру Маханбетжанов – ауыл ша­руа­шы­лығы саласының ардагері. Ал Ақзада Бай­мұратова – ауыл әкімі аппа­ра­тында техникалық қыз­мет­кер болып зей­нетке шыққан. Отас­қан­да­рына жар­ты ғасыр бол­ған Жетіру ағай мен Мар­жан апай бүгінде 4 бала тәр­бие­леп, олардан 12 не­­мере, 1 шө­бе­ре сүйіп, қызы­ғын көріп отыр.
– Атаңмен отасқалы 50 жыл болса да, әлі күнге бір-біріміздің көңілімізге қарап, сыйластықпен тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. 4 баланы өмірге әкеліп, олар­­дың қызығын теңдей көріп келеміз. Немере сүйіп, шөберенің қолынан май жаладық. Бақыт – байлықта да, би­лікте де емес. Нағыз бақыт – біз үшін бала­ла­рымыздың амандлығы. Олар ер жетіп, өз шаңырағының түтінін түтетіп жүрсе де ата-ана үшін бала болып қала береді. «Бала өскенше, немере өлгенше» демекші, балаларымызбен қатар неме­ре-шөберелерімізге де алаңдап, Ал­ла­дан амандығын тілеп отырамыз, – дейді «Ал­тын той» иелері.
Ал Қаракеткен ауылынан келген Би­мұрзаевтар әулетінің отағасы Бұхар­бай Бимұрзаев – ауыл шаруа­шы­лығы са­­ласын дамытуға елеулі үлес қосқан ардагер, отанасы Дәметкен Көшер­бае­ва – білім саласының ардагері. Отба­сын­да 4 бала тәрбиелеп, 9 немере сүйіп отыр­ған өнегелі әулет.
Бірлігі мен берекесі жарасып, отау құрғанына 25 жыл толған «Күміс той» иелері Заур Әлмұрзаев пен Роя Усаева бүгінде мал шаруашылығын дамытып, жеке кәсіппен айналып келеді. Отбасында 3 бала тәрбиелеп отырған олардың от­басындағы жылулығы мен кәсіпке деген ынтасы – көпке үлгі.
Ал Бұқарбай батыр ауылының тұр­ғын­дары Сәрсенбаевтар отбасының ота­ғасы Мирамбек ауылдағы «Байта­бын» шаруашылығында механи­затор бо­­­­лып жұмыс жасайды. Ауыл шаруа­шы­лығының егін саласында аянбай еңбек етіп, өңіріміздің экономикалық жағ­­да­йы­на өз ықпалын тигізуде. Жұ­байы Пе­­ризат Жұмабайқызы 2004 жыл­дан бас­тап ауыл емханасында жалпы тә­жі­ри­­белі медбике болып халыққа қалт­қы­сыз қызмет етіп келеді. Олар отба­сында 5 бала тәрбиелеп, ұлын ұя­ға, қызын қия­ға қондырған.
Оларға табыс етілген неке куәлігі отбасы құндылығын дәріптеп, қоғам­дағы мәртебесін арттырудың ерекше белгісі іспетті. Кездесу соңында отбасы құндылықтарын ұлықтайтын жүрек­жар­ды тілектер айтылып, қатысушылар ес­те­лік суретке түсті.
Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып қа­ғи­­даларын ұстана отырып, өнегелі құн­ды­лықтарды, елжандылық қасиет­тер­ді балаларының бойына дарытып келе жат­қан шаңырақ иелеріне арналған сал­танатты жиын – отбасы құндылығын на­сихаттап, қоғамдағы бірлік пен бере­кенің бастауы мықты шаңырақ екенін ай­шықтай түсті.

Сезім НҰР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: