1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Жалпы қазыналы қариялардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеп, мәселелері мен қажеттіліктеріне, өмір сапасын арттыруға назар аударып, өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Өткен аптаның соңында аудан әкімі Асқарбек Есжанов қазыналы қарияларымыздың шаңырағына барып, мерейлі мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Қариялар елдің ортасында ақылымен дара болып, өнегелі өмірімен құрметке бөленіп келеді. Отбасының ынтымағын сақтап, елдің бірлігін бекем ету де қазыналы қарттарымыздың еншісінде. Қазақтың әр отбасында арқа тұтар ата-әжелері бар. Олардың әрбір айтқан ақылы жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне мол үлес болатыны анық. Ата-әжесі бар үйдің балалары да өзгеден ерек, қариялардың ыстық алақанынан дәм татып, жауһар сөздерін саналарына сіңіріп өскесін олар теріс әдеттерден аулақ болады.
Олар салтымыздан таймай, нағыз қазақтың салтын сақтар бабалардың жолымен жүретін өр рухты қазақты тәрбиелеп өсіретіні белгілі. Біздің ауданда да зейнеткерлік демалысқа дейін халыққа қызмет етіп, қазіргі таңда сол елге еткен қызметінің құрметін көріп отырған қазыналы қарттарымыз баршылық.
«Бала өсіргің келсе, дана жүректі қатты ұста, үйрет білім, ізетті», деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, аталардан қалған аманат, ұрпаққа берілген ұлағатты ғибрат сөздер – халықтың да асыл қазынасы. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі, тілі, ұлттық мәдениеті болатыны белгілі. Қазақ «қарты бар үй қазыналы» деп үлкенді құрметтеген. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен.
Бұл үрдіс бүгінге дейін ұмытылмай ардагерлерге құрмет көрсетілуде. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев пен аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов мереке қарсаңында қазыналы қарттарымыздың шаңырағына барып, ардагерлерді мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Өңір басшысы ардагерлеріміздің жүріп өткен жолы елдік пен ерлік жолы екенін айтты. Әділдікті, елдікті, ақиқатты ту еткен әкелеріміз бен аналарымыздың жүріп өткен осынау өмір жолы жас ұрпақты әрқашан ерлікке, Отанды сүюге бастайтынын жеткізді. Осы тұрғыда ардагерлеріміздің елдің кемел келешегі үшін еткен жасампаз еңбектері мәңгі жасайтынын да тілге тиек етті.
Айта кетейік, қазіргі таңда аудандық ардагерлер ұйымы 4 мыңға жуық зейнеткер ардагерімізді 79 ұйымға біріктіріп отыр. Олардың 2 247-сі ауылдық округтерде болса, 1 575-і аудан орталығында есепте тұр. Ардагерлер ұйымының жұмысына аудандық ардагерлер кеңесі басшылық жасайды. Бұл аудандық ардагерлер кеңесін 2009 жылдан бастап білікті басшы, ауданның құрметті азаматы Садық Әлиев басқарып келеді.
Үйдің берекесі мен мерекесі, есігіміздің ажарын кіргізіп тұратын алдыңғы буын екені тағы да анық, бастаған әр қадамымызға дұрыс жол сілтеп, ата-бабамыздан қалған нақыл сөздермен сусындатып отырады. 1 қазан – саналы ғұмырында Отан деп тынымсыз еңбегімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ата-әжелеріміздің төл мерекесі. Олардың өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа сарқылмас қазына. Әр жас буын қарияларға әркез құрмет көрсетіп, ақыл-кеңес алса, еліміздің алар асуы да, бағындырар белесі де көп болмақ.
Жалпы қазыналы қарияларға қандай құрмет көрсетсе де артық етпейді, себебі олар – біздің бағдаршамымыз. Өскелең ұрпақ солардың өмір жолына қарап бой түзейді. Қазақтың қарты бар ел қазыналы деуі де сондықтан.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!