Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:31

Қарттарым, аман-сау жүрші

03.10.2023

676

0

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Жалпы қазыналы қариялардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеп, мәселелері мен қажеттіліктеріне, өмір сапасын арттыруға назар аударып, өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Өткен аптаның соңында аудан әкімі Асқарбек Есжанов қазыналы қарияларымыздың шаңырағына барып, мерейлі мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.

Қариялар елдің ортасында ақылымен дара болып, өнегелі өмірімен құрметке бөленіп келеді. Отбасының ынтымағын сақтап, елдің бірлігін бекем ету де қазыналы қарттарымыздың еншісінде. Қазақтың әр отбасында арқа тұтар ата-әжелері бар. Олардың әрбір айтқан ақылы жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне мол үлес болатыны анық. Ата-әжесі бар үйдің балалары да өзгеден ерек, қариялардың ыстық алақанынан дәм татып, жауһар сөздерін саналарына сіңіріп өскесін олар теріс әдеттерден аулақ болады.
Олар салтымыздан таймай, нағыз қа­зақ­тың салтын сақтар бабалардың жо­лымен жүретін өр рухты қазақты тәр­­биелеп өсіретіні белгілі. Біздің ау­данда да зейнеткерлік демалысқа дейін халыққа қызмет етіп, қазіргі таңда сол елге еткен қызметінің құрметін кө­ріп отырған қазыналы қарттарымыз бар­шылық.
«Бала өсіргің келсе, дана жүректі қат­ты ұста, үйрет білім, ізетті», деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, аталардан қалған аманат, ұрпаққа берілген ұла­ғатты ғибрат сөздер – халықтың да асыл қазынасы. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі, тілі, ұлттық мәдениеті болатыны белгілі. Қазақ «қарты бар үй қазыналы» деп үлкенді құрметтеген. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қой­ған хатпен тең» деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен.
Бұл үрдіс бүгінге дейін ұмытылмай ардагерлерге құрмет көрсетілуде. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Са­дық Әлиев пен аудандық мәслихат тө­рағасы Өмірзақ Елеусінов мереке қар­саңында қазыналы қарттарымыздың шаңы­ра­ғына барып, ардагерлерді мерекемен құт­тықтап, құрмет көрсетті.
Өңір басшысы ардагерлеріміздің жүріп өткен жолы елдік пен ерлік жолы екенін айтты. Әділдікті, елдікті, ақиқатты ту еткен әкелеріміз бен аналарымыздың жү­ріп өткен осынау өмір жолы жас ұрпақты әрқашан ерлікке, Отанды сүюге бастай­тынын жеткізді. Осы тұрғыда ардагерлеріміздің елдің кемел келешегі үшін еткен жасампаз еңбектері мәңгі жасайтынын да тілге тиек етті.
Айта кетейік, қазіргі таңда аудандық ар­дагерлер ұйымы 4 мыңға жуық зей­неткер ардагерімізді 79 ұйымға бірік­тіріп отыр. Олардың 2 247-сі ауыл­дық округтерде болса, 1 575-і аудан ор­та­лығында есепте тұр. Ардагерлер ұйы­мының жұмысына аудандық арда­гер­лер кеңесі басшылық жасайды. Бұл ау­дандық ардагерлер кеңесін 2009 жыл­дан бастап білікті басшы, ауданның құрметті азаматы Садық Әлиев бас­қарып келеді.
Үйдің берекесі мен мерекесі, есігі­міздің ажарын кіргізіп тұратын алдыңғы буын екені тағы да анық, бастаған әр қадамымызға дұ­рыс жол сілтеп, ата-бабамыздан қал­ған нақыл сөздермен сусындатып отырады. 1 қазан – саналы ғұмыр­ында Отан деп тынымсыз ең­бе­гімен мем­ле­кетіміздің негізін са­луға жол ашқан алдыңғы буын ата-әжеле­ріміздің төл мерекесі. Олардың өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа сарқылмас қазына. Әр жас буын қарияларға әркез құрмет көр­сетіп, ақыл-кеңес алса, елі­міздің алар асуы да, бағындырар белесі де көп болмақ.
Жалпы қазыналы қарияларға қандай құрмет көрсетсе де артық етпейді, себебі олар – біздің бағдаршамымыз. Өс­келең ұрпақ солардың өмір жолына қа­рап бой түзейді. Қазақтың қарты бар ел қазыналы деуі де сондықтан.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: