Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Жұма, 19 қыркүйек, 18:52

Қиясы биік қаламгер

19.09.2025

5

0

Сыр журналистикасында ғана емес, жалпы өңір әдебиеті өкілдерінің қатарында қарымды қалам иесі, сара сөздің саңлағы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Жақсылық Рахматулла есімі ерекше естіледі, екшеліп айтылады.

Қаламгердің артында «Алыстай берген аяулым», «Өмір самалы», «Болашаққа сенім», «Ғұмырдария», «Жібек жолындағы жұлдыздар», «Сағым жылдар», «Кие», «Хикаяттар», «Дала толғауы» «Меңсұлу» (роман), «Қызғалдақ қалың шыққан жыл» топтамасы сынды салмақты шығармашылық дүниелері қалды.

 Өзі өмір сүрген қоғамға жан-тәнімен қызмет еткен қарымды журналист, облыстық басылымның бас редакторы болған Жақсылық Рахматулла Тәуелсіздік жылдарында Сыр журналистикасының сара жолын жалғастыра отырып, дәстүрлі баспасөздің жаңа бағытын қалыптастырды. Сонымен бірге, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының өңірдегі өкілдігін басқарған жылдары шығармашылық жолында талай шәкірт тәрбиеледі.

Қиясы биік қаламгер

Халықтың жүрегінде қалған қаламгерді еске алып, шығармашылығына тереңірек талдау жасау мақсатында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиынды «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов жүргізді.

– Биыл Қызылорда қаласының астана болғанына және ұлтымызға «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл. Бұл ғасырлық белес Сыр өңірінің рухани әлеміне серпіліс тудырып, небір тарихи деректер жарыққа шығып жатыр. Егер осы жүзжылдық тарихынан бері қарай тін тарқатсақ, өлкенің өшпес шежіресін жасап, ұлт рухын көтеруде қажырлы қызмет еткен, талай құнды деректер қаттап, еңбек адамының мерейін өсірген баспасөз қатарында «Сыр бойы» газетінің орны бөлек. 1929 жылы бірінші нөмірі жарыққа шыққан басылым енді төрт жылдан кейін өзінің жүз жылдық белесін бағындырады. 1979 жылы басылым өзінің 50 жылдығына орай мемлекеттік награда «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ал 10 мыңыншы саны жарыққа шыққанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төралқасы газетті республика жоғарғы кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Бір айта кетерлігі, Ресей мемлекеттік кітапханасынан алған құжаттар барысында осы уақытқа дейін аты аталмай келген жауапты, яғни, газетке қол қойған редакторлар анықталып, «Сыр бойының» әдепкі уақыттағы жауапты редакторлар қатары жаңа есімдермен толығып отыр, – деді Қуат Әбішұлы.

Кіріспе сөз кезегін алған облыстық қоғамдық даму басқарамасы басшысының орынбасары Артур Қамбаровтың баяндамасында туған жеріне адал қызмет етіп, абыройға бөленген тұғырлы тұлға Жақсылық Рахматулланың журналистік болмысы ашылып, тағылымды жолы тереңірек таныстырылды.

Қиясы биік қаламгер

– Бүгін біз Сыр өңірінің баспасөз саласында қырық жылға жуық жемісті еңбек етіп, журналистика мен қоғамдық ойдың өркендеуіне айрықша үлес қосқан қаламы қарымды журналист, ұлт руханиятының жанашыры Жақсылық Шайманұлы Рахматулланың 80 жылдық мерейтойына арналған «Қиясы биік қаламгер» атты ғылыми-танымдық конференцияда бас қосып отырмыз.

Жақсылық Шайманұлы өз дәуірінің шежіресін жазған қаламгер. Сыр елінің тыныс-тіршілігін, халықтың мұң-мұқтажын, арман-тілегін газет жазбаларына арқау етіп, журналистиканы халыққа қызмет етудің шынайы құралына айналдырды. Оның шығармаларында өмірдің өзекті мәселелері, қоғамды алға бастайтын ой-пікірлер өрбіді. Қызмет жолында баспасөздің түрлі салаларында еңбек етіп, жас журналистердің өсіп жетілуіне ықпал етті, – деді Артур Раушанбекұлы.

Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова қаламгердің өмірінің соңғы жылдарында жарық көрген «Дала толғауы» атты туындысының мазмұнын тарқатып түсіндірді.

Қиясы биік қаламгер

– Жақсылық ағамыздың өмірінің соңғы жылдары, өзінің 75 жылдығына орай шығарған, әлі де көпшіліктің қолына тие қоймаған «Дала толғауы» кітабында жазушының бүкіл шығармашылығы және адами болмысы бейнеленген. Автордың жан дүниесі ақтарылған. Қарап отырсақ, 1996 –2008 жылдар аралығындағы ол кісінің «Сыр бойы» газетінде бас редактор бола жүріп, осы аймақтың бүкіл экономикасы, ауыл шаруашылығы, мәдениеті, әдебиеті төңірегінде өзекті мәселелерді көтерсе, кітаптың ішінде осындай игі істерді жүзеге асырып жатқан қарапайым еңбек адамдары туралы жазған шығармалары енген.

Қаламгер қиыншылық та, қуаныш та, қайғы-қасірет те, жалпы адам баласына тән сезім мен толғаныстардың болатынын табиғатпен байланыстыра отырып суреттеген. Дала төсінде еңбек еткен өзінің әкесі Шайманның түйсігімен қарапайым еңбек адамының болмысына қатысты үлкен дүниелерді жеткізеді.

Биылғы жылды Президент «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атады. Бұл кітап соған сайма-сай келетін дүние, – деді Қаршыға Құрмашқызы.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Аягөз Әбдіразақова Сыр журналистикасында айшықты қолтаңбасы қалған көрнекті қаламгер Жақсылық Рахматулланың шығармашылығына жан-жақты талдау жасап, жанрлық ерекшеліктерін атап көрсетті.

Қиясы биік қаламгер

– Сыр өңірі журналистикасында шығармашылық мектебін қалыптастырған қаламы қарымды журналистер аз емес. Солардың ішінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, публицист «Меңсұлу», «Алыстай берген аяулым», «Жанымның жарығы», «Қолшатыр» сынды көркем шығармалар мен «Жібек жолындағы жұлдыздар», «Ғұмырдария», «Өмір самалы», «Болашаққа сенім», «Тәуелсіздік толғауы», «Тулаған толқындар», «Кие» атты деректі хикаяттар, сыни мақалалар, эсселері мен жолсапар очерктері жарық көрген жинақтардың авторы Жақсылық Рахматулланың шоқтығы биік деуімізге толық негіз бар.

Публицистің міндеті – заманымыздың, дәуіріміздің шежіресін жазу болса, біз шығармашылығын талдағалы отырған Жақсылық Раматулла да – өзі туып-өскен заман, дәуір шежіресін хатқа түсіруге бір кісідей атсалысқан азамат. Ол көтерген мәселелер мен қамтыған тақырыптарының географиялық жағынан ұлғаюы елімізде тәуелсіздік туы желбіреп, санамызда сілкіністер кеулеген сәулелі сәттер дәуірімен де тығыз байланысты.

 Жалпы қаламгердің публицистикасын талдау барысында автордың ақпарат беруі, мәселені талдау, кейіпкер образын сомдаудағы шеберлігін терең тани түсеміз. Жақсылық Рахматулла шығармашылығын зерттеу – тек бір қаламгердің еңбегіне баға беру емес, сонымен қатар, бүгінгі және болашақ журналистер үшін өнеге аларлық, кәсіби бағыт-бағдар табарлық мектеп екенін таныту. Оның публицистикасындағы ұлттық рух, көркемдік өрнек, ой тереңдігі – жас тілшілерге үлгі болатын кәсіби біліктіліктің жарқын көрінісі, – деді Аягөз Қожамырзақызы.

Қаламгердің шәкірті, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Дүйсенбек Аяшұлы Жақсылық Рахматулланың облыстық газетті он жылдан астам басқарған уақытында бір адамның көңіліне жел боп тимей, үлкен ұжымның ынтымағы мен бірлігін сақтай білгенін атап өтті. Сондай-ақ, басылым жұмысын нарық талабына бейімдеп, жаңаша түрлендіріп, өзін-өзі қаржыландыру әдісін жүйелі жолға қойғанын ерекше іскерлік тұрғысынан бағалады. Сондай-ақ, өз естелігін өлең шумақтарымен түйіндеді.

Иемнің көрдім салғанын,

Сүйендім қайғы балдағын

Сүргенім өгей өмір ме,

Сүріне бердім қарға адым.

Мұңым мың батпан тәрізді,

Жырым көз жасын ағызды.

Өзің де жылар едің, сен,

Тыңдасаң тағдыр, уа, бізді, – деген жыр жолдарынан тағдырдың ауыр сынағын басынан өткерген қаламгердің көкірек шерін көрмеу мүмкін емес…

Белгілі журналист, қоғам қайраткері, саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы қаламгердің қызмет жолындағы абырой-беделінен бөлек, адами қадір-қасиет айшықтап атап өтті.

Қиясы биік қаламгер

– Қалам ұстағандар жақсы біледі, газеттің жұмысы өте ауыр. Шерхан Мұртазаның тілімен айтқанда, арқалағаны – алтын, жегені – жантақ. Тұрмыс-тіршілігіне қарамайды, қандай жағдайда жүрсе де ауыр жүкті арқалайды. Бұл – қаламгердің парызы. Осындай қат-қабат жұмыстың ортасында жүріп, Жақаң қаншама құнды еңбектер жазған.

Бұл – шын мәнінде, қазақ әдебиетіне қосылған зор үлес. Шығармаларында көркемдік жағынан ішкі баяндауы, кейіпкерлердің психологиясы, мінез-құлқы, ой-санасы, бір-бірімен қарым-қатынасы шебер суреттеледі. Айшықты жазады, қарапайым өмірдің өзіндегідей төгілтіп жазады. Осы тұрғыдан қарағанда, ол кісі журналистикамен емес, әдеби шығармашылығына ден қойып, сонымен айналысқандай көрінеді. Дегенмен, журналистикадағы жұмысына қарап, публицистика жанрындағы еңбектерін зерделей келсек, көптеген жаңашылдықты аңғаруға болады, – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев қалам иесі Жақсылық Шайманұлының көрегендігіне, кемел ой, көсем сөздің шебері екеніне тоқталып, шығармашылығының түп-төркіні тіршілік толғаныстарынан тұратынын айтты. Сонымен қатар, автордың өзінің өмір жолына арналған кітабына қысқаша анықтама беріп, кітапханаға сыйға тартты.

Қиясы биік қаламгер

Жақсылық ағамыздың қаламгерлігінен бөлек, қарапайым адами қасиеттері жайлы әңгімелеген қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері Ибрагим Абибуллаев және Дайрабай Ысқақов қалам иесінің барлық шығармаларына өзінің өмірден көргені, көкірегіне түйгені, ұлт мүддесіне қатысты ұстанымы арқау болғанын атап өтті. Сонымен қатар, қаламгердің бейнелеген қарапайым кейіпкерлері, яғни, еңбек озаттары сол кездегі билік назарына ілініп, лайықты сый-құрмет иеленгені – оның шығармашылық шеберлігінің бір көрінісі деп бағалады.

Шындығында, Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы», облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), Сырдария аудандық «Сырдария» газеттерінде жауапты қызметтер атқарып, 1996 – 2008 жылдары облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы болған Жақсылық Рахматулла өңір журналистикасында айшықты із қалдырды.

Қиясы биік қаламгер

Еселі еңбегі лайықты бағаланып, ҚР Президентінің Құрмет грамотасын, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісін иеленді. Қазақстанның Құрметті Журналисі, Жаңақорған ауданының, Тасбөгет кентінің Құрметті азаматы атанды.

Қиясы биік қаламгер

Конференция жұмысы қорытындылана келе, «Сыр бойы» газеті редакциясының ұйымдастыруымен Жақсылық Рахматулланың 80 жылдығына орай жас қаламгерлер арасында өткізілген «Қызылорда – құндылықтар қаласы» атты шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Айта кетейік, бұған дейін де қаламгерді еске алуға арналған іс-шаралар өтті. Облыстық кітапханада қаламгердің отбасы және Сыр журналистикасының аға буын өкілдері, яғни, Жақсылық Рахматулланың көзін көрген, үзеңгілес қызмет еткен азаматтар жастармен кездесіп, тағылымды естеліктер айтты. Бұдан бөлек, өңір журналистері арасында бильярдттан облыстық турнир ұйымдастырылған болатын. Бейсенбі күні қаламгердің рухына бағышталып ас берілді.

 Ғазиза ӘБІЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: