Қоғамдық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін басты назарда ұстауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Тәртіпті қатаң қадағалайтын сала қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт жүреді. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Кейіпкеріміз Нұрбек Сариев елге қызмет етуде кешегі батырларымыздың ізін жалғаған бейбіт күннің батыры екенін дәлелдеп келеді.
Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін сала қызметкерлерінің жауапкершілік жүгін арқалап жүру оңай емес. Әйтсе де кейіпкеріміз – «Отанға қызмет ету – азаматтық парызым» деген қағидамен балалық арманы адастырмай, елге қызмет етуде ерен еңбек етіп жүрген азамат.
Иә, полиция қызметкерлерінің басты міндеті – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау және заңбұзушылықтың жолын кесу. Олар тәуліктің кез келген уақыты мен ауа райының түрлі құбылысына қарамай шақыртулар мен түрлі оқыс оқиғаларға дайын болуы керек.
Еңбек жолын 2005 жылы Қызылорда қаласында бастаған қырағы полицей кейін қызмет бабымен Тереңөзек кентіне қарасты Қоғалыкөл ауылына келеді. Мұнан кейін Жалағаш аудандық полиция бөліміне ауысып, қазіргі таңда Таң ауылының тыныштығына жауапты учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етуде.
– Ел еңсесін тіктеуде, қоғам тыныштығын күзетіп, тұрақтылықты сақтауға өз үлесімді қосқым келеді. Басты мақсатым – тұрғындарды жазықсыз жапа шегуден қорғап, бейбітшіліктің бедерін бұзуға әрекет еткен бұзақыларға тойтарыс беру, – дейді ол.
Кейіпкеріміз 2016 жылы Қоғалыкөл ауылында дүкенге ұрлыққа түскен екі қылмыскерді дер кезінде құрықтап, істің ізін суытпай ашқан. Мұнан өзге де қылмыскерлерді асқан қырағылықпен анықтап, оқыс оқиғалардың алдын алған.
Қылмысты дер кезінде ашып, міндетін мінсіз атқарып жүрген кейіпкеріміз басшылық тарапынан бірнеше рет марапатқа да ие болған. Уақытпен санаспайтын полиция майоры Нұрбек ауыл ішінде күні-түні жүріп, кез келген уақытта тұрғындардан түсетін қоңырауларға жауап беріп, тиісті жерден табылуды учаскелік инспекторға тән қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ол күніне әртүрлі мәселе бойынша ауыл тұрғындарынан қоңырау қабылдап, күтпеген келеңсіз жайттармен бетпе-бет келіп жатады. Отбасындағы кикілжің, көршілер арасындағы түсініспеушілік, ішімдік ішіп, тұрғындардың мазасын қашырған тентектерді тезге салу – Нұрбектің қалыпты жұмысы.
Ол 2018 жылдан бері Таң ауылы тұрғындарымен бірлесе отырып атқарған жұмыстың нәтижесінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Темірдей тәртіптің арқасында ол қызмет еткен жылдары Таң ауылында ешқандай қылмыс орын алмаған. Әріге бармай-ақ былтырғы жылдың ахуалын сұрағанымызда полиция инспекторы өткен жыл тұрақты, ешқандай қылмыс орын алмағанын айтты.
Кейіпкеріміз сынды антына адал болып, қызметін мінсіз атқарып жүрген полиция сақшыларының ерлікке толы жұмысы жастарға үлгі.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!