Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 16:56

Қырағы полицей

30.04.2024

900

0

Қоғамдық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін басты назарда ұстауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Тәртіпті қатаң қадағалайтын сала қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт жүреді. Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Кейіпкеріміз Нұрбек Сариев елге қызмет етуде кешегі батырларымыздың ізін жалғаған бейбіт күннің батыры екенін дәлелдеп келеді.

Асқан қырағылық пен табан­дылықты талап ететін сала қыз­меткерлерінің жауапкершілік жүгін арқалап жүру оңай емес. Әйтсе де кейіпкеріміз – «Отанға қызмет ету – азаматтық парызым» деген қағидамен балалық арманы адас­тырмай, елге қызмет етуде ерен еңбек етіп жүрген азамат.
Иә, полиция қызметкерлерінің басты міндеті – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау және заң­бұзушылықтың жолын кесу. Олар тәу­ліктің кез келген уақыты мен ауа райының түрлі құбылысына қара­май шақыртулар мен түрлі оқыс оқиғаларға дайын болуы керек.


Еңбек жолын 2005 жылы Қызылорда қаласында бастаған қырағы полицей кейін қыз­мет бабымен Тереңөзек кентіне қарасты Қоғалыкөл ауылына келеді. Мұнан кейін Жалағаш аудан­дық полиция бөліміне ауысып, қазіргі таңда Таң ауылының ты­ныш­тығына жауапты учаскелік по­лиция инспекторы болып қызмет етуде.
– Ел еңсесін тіктеуде, қоғам ты­ныш­тығын күзетіп, тұрақ­ты­лықты сақтауға өз үлесімді қос­қым келеді. Басты мақсатым – тұр­ғындарды жазықсыз жапа шегуден қорғап, бейбітшіліктің бе­де­рін бұзуға әрекет еткен бұза­қы­ларға тойтарыс беру, – дейді ол.
Кейіпкеріміз 2016 жылы Қо­ға­лы­көл ауылында дүкенге ұр­­лыққа түскен екі қылмыскерді дер кезінде құрықтап, істің ізін суыт­пай ашқан. Мұнан өзге де қылмыскерлерді асқан қыра­ғы­лықпен анықтап, оқыс оқиға­лар­дың алдын алған.
Қылмысты дер кезінде ашып, міндетін мінсіз атқарып жүр­ген кейіпкеріміз басшылық тара­пы­нан бірнеше рет марапатқа да ие болған. Уақытпен санаспайтын полиция майоры Нұрбек ауыл ішінде күні-түні жүріп, кез келген уақытта тұрғындардан түсетін қоңырауларға жауап беріп, тиісті жерден табылуды учаскелік ин­спек­торға тән қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ол кү­ніне әртүрлі мәселе бойынша ауыл тұрғындарынан қоңырау қабыл­дап, күтпеген келеңсіз жайт­тар­мен бетпе-бет келіп жатады. Отбасындағы кикілжің, көрші­лер арасындағы түсініспеушілік, ішімдік ішіп, тұрғындардың ма­за­сын қашырған тентектерді тезге салу – Нұрбектің қалыпты жұмысы.
Ол 2018 жылдан бері Таң ауылы тұрғындарымен бірлесе оты­рып атқарған жұмыстың нә­ти­жесінде айтарлықтай нәти­жеге қол жеткізген. Темірдей тәр­тіптің арқасында ол қызмет еткен жылдары Таң ауылында еш­қандай қылмыс орын алмаған. Әріге бармай-ақ былтырғы жыл­дың ахуалын сұрағанымызда поли­ция инспекторы өткен жыл тұ­рақты, ешқандай қылмыс орын алма­ғанын айтты.
Кейіпкеріміз сынды антына адал болып, қызметін мінсіз ат­қа­рып жүрген полиция сақшы­ла­рының ерлікке толы жұмысы жас­­тарға үлгі.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: