Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сенбі, 30 қараша, 05:31

Қызылша ауруының алдын алған тиімді

21.12.2023

534

0

Қызылша – өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам науқастармен байланысқа түссе, ауырып қалу мүмкіндігі өте жоғары. Инфекция ауа жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді.

Инфекция көзі – ауру адам. Инкубациялық кезеңнің 2-ші күні, бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күнге дейін қауіпті. Ал 5-күнгі бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды деп саналады.

Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында аналық антиденелер сақталады.

Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін. Инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады. Яғни дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейініректе конъюктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), сонымен қатар беттің шырышты қабығында (азу тістерінің қарсысында) ұсақ ақ дақтар пайда болады.

Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа қайта көтерілуі мүмкін.

Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады. Қызылшаның ең көп тараған асқыну түрі ортаңғы құлақтың  қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфо түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит. Қызылшаның дамуын байқаған сәтте кешіктірмей дәрігерге қаралу керек. Бұл уақтылы диагноз қойып, ем тағайындау және ұйымдастырылған ұжымда тіркелген жағдайда алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін маңызды.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшадан егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Ең алғашқы вакцинацияны балаларға 12 айлығында, екіншісін 6 жаста жасалады. Егу тұрақты қорғанысты тудырады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен қатынаста болған қызылшаға қарсы егулері жоқтарға, эпидемиологиялық көрсеткіші бойынша 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады.

Мына жайтты ескерген жөн, жоспарлы екпеден бас тарту тек өзіңіздің ғана емес, басқа да балалардың өміріне қауіп төндіреді.

Г.АЙМБЕТОВА,

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: