Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Сейсенбі, 12 қараша, 18:46

Қызылшаның беті қайтар емес

04.01.2024

328

0

Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғары тыныс жолдарының зақым-далуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың дертті жұқтыру қаупі өте жоғары.

Қазақстанда қызылшаның эпиде­мия­лық жағдайы әлі де тұрақсыз, соңғы деректерге сүйенсек, 2023 жыл­дың желтоқсандағы соңғы жағдайлар бойынша республикада қызылшаның 26 168 жағдайы тіркелген, оның 80 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі, 83 пайызы – егілме­ген балалар. Сондай-ақ аурудан 2 ба­ла көз жұмған. Оның екеуі де 1 жасқа тол­мауына байланысты жұқпалы ин­фек­цияға қарсы екпе алып үлгер­ме­гендіктен дейді мамандар. Бұл кесел біздің аймақты да айналып өтпеді.
Аудандық санитариялық-эпидемио­ло­гиялық бақылау басқармасының бас­шысы Гүлзираш Айымбетованың ай­туынша, аудан көлемінде 2023 жыл­­дың тамыз айынан бастап 30 қы­зылша ауруы есепке алынып, 100 мың халыққа шаққандағы көр­сет­кіш 80,7 пайызды құрап отыр. Қы­зылшаның 8 жағдайы зертханалық жолмен нақтыланған. Барлық қызылша ауруын жұқтырғандардың 23-і 14 жасқа толмаған балалар болса, оның 7-еуі ересектер арасынан тіркелген. Ау­данның бас санитары қызылша інде­тіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмағандар екенін айтады. Олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 74 пайызын құрайды. Оның ішінде медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер үлесі – 36 пайыз, егілетін жасқа жетпегендер үлесі – 36 пайыз, вакцинациядан бас тартқандар үлесі – 15 пайыз. Сондай-ақ жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз себептермен екпе алмай жүргендер көрсеткіші 8 пайызды құрайды.
Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар, алайда маманның айтуынша, олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған, яғни ағзада толық имму­нитет қалыптаспағандар ара­сынан ауруды жұқтырып алу де­ректері орын алып отыр. Аудан көлемінде қызылша ауруының алдын алу мақсатында тұр­ғындар арасында санитариялық ағарту шаралары жүргізілуде.
Инфекция көзі – ауру адам. Инку­бациялық кезеңнің 2-інші күні, бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күнге дейін қауіпті. Ал 5-інші күнгі бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды деп саналады. Бұл аурумен ауырып жа­зылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қы­зылшамен ауырған ана­лардан ту­ған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында аналық антиденелер сақталады.
Сонымен қатар онымен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез келген жаста ауырып қалуы мүмкін. Инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт, ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады. Яғни дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейінірек конъюктивит (көздің шы­рышты қабығының қабынуы), соны­мен қатар беттің шырышты қабығында (азу тістерінің қарсысында) ұсақ ақ дақтар пайда болады.
– Қызылша ауруы бойынша эпиде­миологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіл әлемде күрделенуінің себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы сал­дарынан халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау ба­рысы­ның әлсіреп, екпеден бас тар­тушылар санының артуымен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет бәсең­деген сайын ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында – екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адам­дар. Сондықтан қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызыл­шаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Ең алғашқы вакцинацияны балаларға 12 айлығында, екіншісін 6 жаста жасалады. Егу тұрақты қорғанысты тудырады. Мына жайтты ескерген жөн, жоспарлы ек­педен бас тарту тек өзіңіздің ғана емес, басқа да балалардың өміріне қауіп төндіреді, – дейді Гүлзираш Айымбетова.
Расында денсаулығымызды сақтау өз қолымызда. Жоғарыда айтылған бел­гілер бойыңызда байқалған жағ­дайда міндетті түрде мамандарға тек­серілу керек. Арнайы екпе алудан бас тартпай, кеселден сақтану қажет.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: