ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігі жөнінде айтылған болатын. Бүгінде сол бастамаға сәйкес елімізде ауыл әкімдерін сайлау науқаны жүргізіліп келеді. Осы орайда жексенбі күні ауданға қарасты Аққұм және Мырзабай ахун ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау науқаны өтті.
Таң атысымен редакция ұжымы саяси науқанның өту барысын ақпараттандыру мақсатымен Аққұм ауылына атбасын бұрдық. Ауылдық клуб алдында жиналған бір топ ауыл тұрғындары сайлау учаскесінің ашылуын күтіп тұр екен, ауылда маңызды саяси науқанның лебі сезілді. Таңғы сағат 7:00-де №147 сайлау учаскесінде учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің, БАҚ өкілдерінің, байқаушылардың және сенім білдірген адамдардың қатысуымен сайлау туралы заңның талаптарына сай, барлық процедураларды орындай отырып сайлау учаскесі ресми түрде ашылды.
Ерте күн шығысымен өз таңдауымды жасаймын деген сайлаушылардың белсенділігін байқаған біз тұрғындардың ауыл болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтындығына көз жеткіздік. Жалпы, Аққұм ауылдық округі әкімінің сайлауына үш үміткер өз кандидатурасын ұсынған. Олардың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасымен ауыл тұрғындары бұқаралық ақпарат құралдары мен газет беттері арқылы толықтай танысқан.
Сайлау учаскесі ашыла салысымен қора-жайдағы шаруаларын кейінге ысырып, саяси науқанға қатысуға алғашқы болып келген ауыл тұрғыны Зулаш Ташаева да өз таңдауын жасады.
– Бүгін ауылымыз үшін саяси маңызды күн десем болады. Ауылымыздың тыныс-тіршілігі шүкір, жақсы, ауыл азаматтарының жасап жатқан шаруаларының жайы көңіл көншітеді. Алдағы уақытта да осы алған бағытымыздан таймай, елді мекеніміз көркейе береді деп сенемін. Науқан әділ, барлық ережелерге сай өтіп жатыр. Халқымызға бірлік, елімізге бейбітшілік тілеймін, – деді алғашқы сайлаушы Зулаш Ташаева.
Сайлау учаскесінің төрағасы Абзал Ибраевтың ұсынған мәліметінше, саяси науқанға қатысушылар саны – 1023. Қуантарлығы, ауыл тұрғындары үшін әрбір азаматтың дауысы маңызды екені және елді мекеннің болашағы әр тұрғынды алаңдататыны анық байқалды. Өйткені сағат 9.00-ге дейін 150 азамат дауыс беріп үлгерген.
Осындай белсенді азаматтардың бірі ауыл тұрғыны Көшербек Тоқмырзаев.
– Ауылымыздағы жасалып жатқан әрбір істің берекелі болатынына сенемін. Кандидаттар, олардың сайлауалды бағдарламарымен ақпараттық құралдар арқылы етене таныспыз. Үміткерлер сайлауалды бағдарламасына ауылдағы өзекті мәселелерді шешуді арқау еткен екен. Енді соның барлығы алдағы 4 жылда шешімін табуына жұмыс жасаса болғаны. Саяси науқан әділ, ешқандай тежеусіз, жақсы көңіл-күйде өтіп жатыр. Науқанды ауыл халқы болып абыроймен өткізуге тілектеспін, – деп ақниетін білдірді ауыл тұрғыны.
Елді мекенде түске дейін сайлаушылардың легі бәсеңдемеді. Сайлау учаскесінің хатшысы Айдын Сәрсенбаеваның ұсынған мәліметінше, сағат түскі 12.00-ге дейін 500-ден аса сайлаушы келіп, өз таңдауын жасаған.
Жоғарыда айтып өткендей, дәл осындай сайлау Мырзабай ахун ауылдық округінде де өтті. Иә, қатар өткен екі саяси науқанның да мақсаты бір, ол ауыл әкімін сайлау. Әріптесім Ерлан Созақбаев күн шығысымен ахун атындағы ауылға бағыт алды.
Мұнда да ауылдағы №122 орта мектепте орналасқан №146 сайлау учаскесі сағат 7.00-де заңды талаптарға сәйкес ашылды. Жалпы, мырзабайлықтардың саяси белсенділігі өте жоғары. Иә, мектеп алдына жиналған халықтың басты әңгімесі «Кім көп дауыс жинап, ауыл тізгінін қолға алады?».
Ауыл ақсақалы Кендірбай Адамбаев алғашқылардың бірі болып сайлау учаскесіне келіп, өтіп жатқан саяси науқанға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
– Ауылда маңызды саяси науқан өтіп жатыр. Менде таңғы шәйімді ішіп, дауыс беруге келіп қалдым. Шүкір, ауылымызда біраз шаруалар жүзеге асып жатыр, жастардың еңбек етуге деген құлшынысы да жаман емес. Ең бастысы, ауылдың ауызбіршілігі бекем, сондықтан бірлік болса, тірлік те өнетінін жақсы білеміз. Ауыл болашағын айқындайтын науқанда ауылдастарымды белсенділік танытуға шақырамын, – дейді ауыл ақсақалы.
Ауыл ақсақалымен қатар Қазына Нұрылдаева есімді ақжаулықты анамыз да өзінің таңдауын жасауға ертелетіп келіпті. Ауыл анасы осында өтетін барлық іс-шараларға қатысып, елді мекен тыныс-тіршілігіне белсене араласуды құп көреді. «Жастарға үлгі, өнеге болу, біздің басты міндетіміз» дейді ақжаулықты ана.
Алғашқы болып келген ауыл тұрғындарына сайлау учаскесінің тарапынан сыйлық беріліп, алғыс көрсетілді.
Сайлау учаскесінің төрайымы Нұратаева Гауһардың мәліметінше, жалпы тіркелген сайлаушылардың саны 668 азамат, сағат 9.00-ге дейін 200-ден аса ауыл азаматы дауыс беріп үлгерген. Ауылдағы тұрғындардың бұл саяси науқанның маңыздылығын түсінгендігі соншалық кешке дейін сайлаушылардың басым көпшілігі дауыс берген. Бұл дегеніңіз халықтың саяси сауаттылығы жоғары екенін анық байқатады.
Қос ауылдағы сайлаудың қорытындысына тоқталсақ… Аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, Аққұм сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміндегі 1023 адамның 815-і дауыс берген. Ауыл әкіміне үміткер А.Асанбековке 639, Н.Костанбаев 98, С.Шынжыровқа 76 сайлаушы өз дауыстарын берді. Дауыс беру нәтижесімен Аққұм ауылдық округінің әкімі болып Алтынбек Асанбеков сайланды.
Ал Мырзабай ахун ауылдық округіне келетін болсақ, елді мекендегі сайлаушылар тізіміндегі 668 адамның 516-і өз таңдауын жасаған. Сайлауға түскен үміткер Ж.Әбсаттаровқа 56, Н.Мәлікке 64, Г.Тауыпбаевқа 395 азамат дауыс берді.
Сайлау нәтижесімен Мырзабай ахун ауылдық округінің әкімі болып сол ауылдың тумасы Галым Тауыпбаев сайланды.
Иә, осындай саяси реформалардың нәтижесінде әкімдердің жергілікті басқару өкілеттігі нығая түсті. Сондай-ақ елді мекен тұрғындарының да ауыл әкіміне деген сенімі де артып, ауыл ауызбіршілігі одан да бетер нығая түсті. Әрине бұлай болары да заңдылық. Ертемен тұрып елдің қамын күйттеген көптің ортақ тілегі бір, ол елді мекеннің одан әрі гүлдене түсуі.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!