Ерте көктемде және жаз айының басында кенелер көптеп кездеседі.Жер бетінде кененің 10 мыңнан астам түрі анықталған,ал Қазақстанда кененің 240-қа жуық түрі кездеседі.Біздің аймақта кездесетіндері иксод кенесі мен аргас кенелері.Иксод кенесінің 60-қа тарта түрі , ал аргас кенесінің 20-дай түрі кезлеседі.Кенелер өрмекші тәрізділер класының бір отрядына жатады.Олардың дене құрылысы,пішіні мен түсі әртүрлі –1,00мм-ден 3,00см-ге дейін жетеді.Жұптасқан 1-2 көзі болады,көзсіздері де кездеседі.Дернәсілінің 6 аяғы,ересек кененің 8 аяғы бар, артымен не болмаса кеңірдегі арқылы тыныс алады.Кейбір түрлерінде аталығы мен аналығының жыныс айырмашылығы айқын белгіленген.Ұрық шашу арқылы,не іштей ұрықтану арқылы өсіп өнеді,кейбіреулері аталық кененің қатынасынсыз көбейе береді. Арасында жұмыртқа салатындары да ,тірі туатындары да бар.Кей кенелер барлық даму сатыларынан өтеді.(жұмыртқа,алғашқы дернәсіл,дернәсіл,нимфа,ересек кене) Ал кейбір кенелер сатылардан өтпейді.Аналық кенелер 2000-ға дейін жұмыртқалайды.Қан сорып болғаннан кейін,кененің денесі бірнеше есе үлкейіп,малдан түсіп қалып,індерге бұталы өсімдіктердің тамырының түбіне,мал қораларға кіріп жұмыртқалайды.Келесі жылы көктем айында осы жұмыртқалардан көптеген кенелер пайда болады.Бұл аш кенелер жайылымға келген малға жабысып,қанын сорып,қайтадан жұмыртқа салуға жерге түседі.Кененің өсіп-өнуі осылай жыл сайын қайталанып отырады.Кене адамға көптеген індеттер таратады.Біздің облысымызда кене өте қауіпті жұқпалы ауру—Қырым геморрагиялық безгегінің қоздырғышын тасымалдаушы ретінде кездеседі.Бұл вирусты тек қана өз организімінде сақтап қана қоймай оның табиғатта тарауына әкеп соқтырады.Кенелер үй жануарының,жабайы аңдардың және құстардың қанын сорып қоректенеді.Организімінде ауру қоздырғышы бар кене қан сорған жануарына вирусты жұқтырады.Бұл індеттің адамдар арасында кездесуі кенелердің және олар қанын соратын жануарлардың болуына байланысты.Ауа температурасы жоғарылап,күн сәулесінің күші де көбейген сайын қыстан шыққан зиянкестерге өте қолайлы жағдай туады.Қыстан ашығып шыққан кенелер де қан соруға асығады.Олар бұл кезде мал мен құсқа,жабайы аңдарға жабысады.Әдетте,далалық жерге әртүрлі мақсатпен барушылар немесе жануарлармен қатынасы бар адамдар осы дертке душар болуы ықтимал.Кене адамға қадалып,қан сорған уақытта ауру қоздырғышы оның сілекей бездері арқылы адам организіміне тарайды.Қырым геморрагиялық безгек ауруы өте қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатады.Ауруға шалдыққан адамның дене қызуы көтеріліп,әлсіздік болады.көңілдің қошы болмайды.Алғашқы күндері ауыздан,мұрыннан қан кету басталады.Егер бұл қан дені сау адамның денесіне жұқса,сол адамның да осы ауруға шалдығуы мүмкін.Бұнымен ауырған адамның отбасы мүшелері,медицина қызметкерлері,және т.б. көмек көрсеткен адамдардың науқастанғаны туралы жағдайлар бәрімізге белгілі.Кене шаққан жағдайда не істеу керек ? Біріншіден,асып-саспау керек,кенені тез арада жұлып тастауға әрекет жасамаңыз.Егер кене қадалып қалса жіңішке іс тігетін жіппен тұмсығын орап алып,жайлап ырғау арқылы кенені денеден аламыз.Жабысқан кенені мұқият алу керек.Себебі оның аяғының тікенектері,тұмсығы адамның денесінде қалып қойса жара пайда болады.Сондықтан бұл тікенектерді міндетті түрде шеңге ретінде алып тастап,орнына йод немесе спирт жағу керек.Кенені қолмен ұстап өлтіруге болмайды,өйткені оның вирусы қолға жабысып,денеге өтіп кетуі мүмкін.Көп адамдар Қырым қанды безгегінің жұқпалы екендігін және онымен ауырған адамды қалай күту керектігін біле бермейді.Сондықтан да,медицина қызметкерлері,әсіресе санитарлық ағарту білімін таратушы мекемелер осы індет туралы мағлұматтарды халыққа кеңінен түсіндіруге мән бергендері дұрыс. Міне,осы айтылғандардың бәрі ұқыпты өткізіліп отырса,аурудың болмауына ,ал бола қалған жағдайда оның таралуына жол бермеуге мүмкіндік жасалады.Сондықтан да баршаға,сақ болғаның –сақтанғаның дегіміз келеді.
М.Ажарбаева
ҚР ДСМ СЭБК «ҰСО»ШЖҚ РМК Қызылорда обл бойынша филиалының Жалағаш аудандық бөлімшесінің сан эпид қызмет маманы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!