«Тазалық табалдырықтан басталады». Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың міндеті. Жалпы тазалық жұмыстары ауданда үздіксіз жүргізіліп келеді. Алайда «Тазалық тазаланған жерде емес, ласталмаған жерде болады» демекші, тұрғындардың санасына тазалық сақтау мәдениеті орнықпайынша мәселенің тез шешілуі оңай емес екені белгілі. Сондықтан жалағаштықтар тұрып жатқан мекенін таза ұстауға атсалысса игі. Сонда ғана сенбілікке шыққан азаматтардың жанкешті еңбегі көзге көрінер ме еді?!
Өңір шырайын шұғылалы ету мақсатында сенбі сайын көркейтіп-көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары өтуде. Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан қызу жұмыстарға барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Кентке кіреберісті, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыған тазалық жанашырлары қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты.
– Сенбілік тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және өңірдің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталғаны белгілі. Қоңыр күз келгенде жылғалар бітеліп, айнала қураған жапыраққа толады. Сондықтан біз табиғаттың тынысын ашу мақсатында жол жиектерін, арықтарды күл-қоқыстардан тазаладық. Әрине, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Сондықтан біз сенбілікке шығуды әдетке айналдырдық десем қателеспеймін, – дейді кент тұрғыны Мәншүк Нұрмаханова.
Кент әкімі Мардан Жамалатов әкімдік қызметкерлерімен бірге көшелерді аралап, сенбіліктің басы-қасында жүрді. Атап өту қажет, аудан бойынша тазалық жұмыстарына 2 мыңнан астам адам, 30 техника жұмылдырылған. Тазартылған аумақтар бойынша 20 тоннадан аса тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыс шығарылған.
– Акция негізінде ұйымдастырылған сенбілікте кент аумағындағы негізгі көшелердің бойында орналасқан аялдамалар мен демалыс орындары сырланып, айналасы тазаланды. Бұдан бөлек көшелер мен саябақтардағы қоқыстар тазартылып, қураған талдар кесіліп, көшелер қураған жапырақтардан тазартылып, күл-қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кенттегі Н.Апрезов көшесінің бойына, яғни «Күншуақ» бөбекжайы алдына «жылдамдық бәсеңдеткіш» жасанды жол кедергісі орнатылып, арнайы жол белгісі қойылды. Жалпы тазалық бағытындағы жұмыстар жыл басынан бері жоспарға сәйкес үздіксіз жалғасын табады, – дейді кент әкімдігінің бас маманы Тұраржан Әкімбаев.
Иә, жергілікті билік аудан тазалығына, көркейіп-көгалдануына тікелей жауапты. Алайда әр адам «әкімдік істейді, солар тазалуы тиіс» деген ұғымнан бойын аулақ ұстап, туған жердің тазалығына бейжай қарамауы керек. Тұрғындар арасында тұрғылықты жерін таза ұстау, ластауға жол бермеу, айналаны көгалдандыру жұмыстарына жұмыла атсалысатындай жаңа көзқарас қалыптастыруымыз керек. Ол үшін бір-бірімізге деген құрметтің де өзіндік орны бар.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!