Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың көбі шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Өйткені кәсіпкерлік саласы дамымай, елде табыс та, түсім де болмайды. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында әсіресе шағын және орта бизнес ауданда тұрақты дамыды. Сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, өзімен қоса аудан азаматтарын да жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті тұрғындардың қатары едәуір артқан. Өйткені жалағаштықтар табыстың тетігі кәсіпте екенін жақсы түсінді. Сондай-ақ салаға жауапты мамандар тарапынан халықты кәсіпкерлікке үгіттеу, оқыту секілді жұмыстардың да үздіксіз жүруінен аудан тұрғындары мемлекеттің кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатындағы бағдарламаларын тиімді пайдалана бастаған.
2 857 кәсіпорын
жұмыс жасайды
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мамандарының мәліметінше, биыл тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3001-ге жетті. Оның ішінде 2 857-сі, яғни 95,2 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Өкінішке орай оның 144-і бүгінде жұмысын толықтай тоқтатқан. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 83-ке азайған. Сондай-ақ жұмыс жасап тұрғандар саны 57-ге қысқарған.
17 млрд 433 млн теңге
инвестиция тартылған
Осы ретте экономика саласының дамуына тоқталайық, өйткені тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту мүмкіндіктеріміз экономиканың даму қарқынына тікелей байланысты. Өткен жылдың қорытындысымен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 17 млрд 433 млн теңгені құрап, меже 144,4 пайызға орындалған. Бюджет қаражаты есебінен 5,3 млрд теңге және меншікті қаражат есебінен 12 млрд 133 млн теңгеге артқан.
31 млрд 912 млн теңгенің
өнеркәсіп өнімдері өндірілген
Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары және жеке секторлары арқылы 31 млрд 912 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоспар 100 пайызға орындалған. Жеке-жеке тоқталсақ, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 100,3 пайызға орындалып, 7 млрд 377 млн теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар бөлшек сауда айналымының көлемі 12 айда 3 млрд 947,8 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,9 пайызға өскен.
Кәсіпкерлік саласы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күшінің бірі болып табылады. Сондықтан бұл саланың көрсеткіштерінің қорытындысы ауданымыздың даму рейтингіне әсер етпей қоймайды. Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлік пен жұмыссыздық мәселесі қатар жүретіні бар, себебі кәсіпкерлер қатары артқан сайын, жұмыссыздардың саны қысқарады.
Иә, халықты жұмыспен қамту мәселесі ауданда ғана емес, республика бойынша әлі де өзекті. Дегенмен қол қусырып отыруға тағы болмайды, сондықтан мемлекет әсіресе өңірлерде, ауылдарда көптеп жұмыс орындарын ашуды қолға алған. Тіпті ауданда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарымыз жергілікті билік тарапынан белгілі бір сала бойынша оқытылып, жобасы қаржылай қолдау тауып, сол арқылы кәсіп ашып, өз ісін дөңгелентіп жатыр.
206 жоба қаржылай
қолдау тапқан
Статистикаға сүйенсек, аудан бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында жыл басынан бері 206 жоба 4809,3 млн теңгеге қаржыландырылған. Нақтырақ тоқталсақ, «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында 12 жоба 868,7 млн, «Аграрлы Несие Корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы жеке қаражаты есебінен 28 жоба 715,2 млн, «Қызылорда» Өңірлік инвестциялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-ның «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 28 жоба 273,5 млн, «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 34 жоба 2377,4 млн, «Каз Агро Қаржы» АҚ және «Ком Транс Лизинг» ЖШС арқылы 2 жоба 16,5 млн, «Байқоныр ӘКК АҚ», «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 22 жоба 179,7 млн, «Аграрлы Несие Корпорациясы» АҚ-ның жастарға берілетін 2,5 пайыздық несие бағдарламасы арқылы 80 жоба 378,3 млн теңгеге қаржыландырылған.Оның ішінде атакәсіп мал шаруашылығында 149 жоба 1766,8 млн теңгеге, егін шаруашылығында 11 жоба 1003 млн теңгеге, арнайы техникаларды сатып алуға 18 жоба 700,2 млн теңгеге, өңдеу саласында 7 жоба 361,2 млн теңгеге, қызмет көрсету бойынша 10 жоба 166,4 млн теңгеге және басқа да 11 жоба 811,7 млн теңге қаржылай қолдау тапқан.
80 жас кәсіпкер
2,5 пайызбен несие алған
Былтырдан елімізде жастарды қолдау және олардың кәсібінің дамуына жағдай жасау мақсатында 2,5 пайызбен несие беру басталған. Нәтижесінде бүгінде ауданда алдына мақсат қойып, кәсіппен айналысқысы келетін жастардың саны едәуір артты. Қолға алған ісіне жауапкершілікпен қараған жас кәсіпкерлердің ішінде барлығынан оза шауып, кәсіп шыңының биігінен көрінгендер де жоқ емес. Қолдауға ие болған жастар ісін өрге дөңгеленту үшін тиісті қаражат көзін мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен иеленіп те жатыр. Мәселен, осы бағдарлама бойынша ауданнан 80 жас кәсіпкердің жобасы мақұлданып, 378,3 млн теңге несие алынған.
«Ауыл аманаты» жобасы жайында естімеген жан жоқ шығар. Аталған жобаны іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіп ашуға және азық-түлік өнімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Негізінен бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алуында.
«Ауыл аманаты»:
22 жоба қолдау тапқан
Осы ретте «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі мен қаржы ұйымының талаптарын түсіндіру үшін аудан әкімінің орынбасарлары мен тиісті сала басшылары тарапынан былтыр кент және ауылдық округ тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылған. Нәтижесінде кент және 8 ауылдық округ бойынша «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы өндіріс, асыл тұқымды мал шаруашылығы, қызмет көрсету, өсімдік шаруашылығы бағытында 179,7 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылған. Жалпы жыл көлемінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы және жеке қаражаттар есебінен жалпы құны 1 млрд 701 млн теңгені құрайтын 16 жоба іске қосылып, 86 адам жұмыспен қамтылған.
Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында биыл 1 млрд 30 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылған. Соның бірі «АВ-AGRO» ЖШС-ның құны 500 млн тенгені құрайтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауытында бүгінде 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында тәулігіне күріштен бөлек 5 тонна жем өндіріледі. Ал «Бақдәулет-57» фермер қожалығының 100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы 530 млн теңге қаржылай қолдау тапқан. Кәсіпорында алдағы уақытта тәулігіне 3 мың литр сүт өңделеді.
Мұнан бөлек биыл жалпы құны 1 млрд 241 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Бірыңғай Жалпыұлттық жобалар пулы, Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған жобалар пулы, Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында биыл ауданда «Ержанов Д» кәсіпорнының жеке қаражаты есебінен құны 500 млн теңге болатын «Күріш ақтау және жем өндіру» жобасы және «УНО-ПРОФ строй» ЖШС-ның құны 500 млн теңгені құрайтын «Асфальт және бетон өндіру зауыты» жүзеге асырылады.
Айта кетейік, биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 450 млн теңге, жастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен берілетін несие қаражатынан 500 млн теңге және «Іскер», «Агробизнес» бағдарламалары арқылы тиісті мамандар тарапынан несие қаражаттарын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, кәсіп ашып, ауданның дамуына үлес қосамын, өңірді өркендетемін дегендерді жергілікті билік жан-жақты қолдауға дайын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!