Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Сейсенбі, 21 мамыр, 03:24

Серпін алған сала

09.04.2024

181

0

Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың көбі шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Өйткені кәсіпкерлік саласы дамымай, елде табыс та, түсім де болмайды. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында әсіресе шағын және орта бизнес ауданда тұрақты дамыды. Сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, өзімен қоса аудан азаматтарын да жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті тұрғындардың қатары едәуір артқан. Өйткені жалағаштықтар табыстың тетігі кәсіпте екенін жақсы түсінді. Сондай-ақ салаға жауапты мамандар тарапынан халықты кәсіпкерлікке үгіттеу, оқыту секілді жұмыстардың да үздіксіз жүруінен аудан тұрғындары мемлекеттің кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатындағы бағдарламаларын тиімді пайдалана бастаған.

2 857 кәсіпорын
жұмыс жасайды

Аудандық кәсіпкерлік, өнер­кәсіп және туризм бөлімі ма­ман­­дарының мәліметінше, биыл тір­келген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3001-ге жетті. Оның ішінде 2 857-сі, яғни 95,2 пайызы нақты жұ­мыс жасап тұр­. Өкінішке орай оның 144-і бүгінде жұмысын толықтай тоқ­татқан. Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 83-ке азай­ған. Сондай-ақ жұмыс жасап тұрғандар саны 57-ге қысқарған.
17 млрд 433 млн теңге
инвестиция тартылған

Осы ретте экономика саласының дамуына тоқталайық, өйт­кені тұр­ғын­дардың әлеуметтік ахуа­лын жақсарту мүмкіндіктеріміз экономиканың даму қарқынына тікелей байланысты. Өткен жылдың қорытындысымен негізгі капиталға тартылған инвестиция кө­лемі 17 млрд 433 млн теңгені құрап, меже 144,4 пайызға орындалған. Бюджет қаражаты есебінен 5,3 млрд теңге және меншікті қаражат есебінен 12 млрд 133 млн теңгеге артқан.
31 млрд 912 млн теңгенің
өнеркәсіп өнім­дері өндірілген

Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өнді­руші мекемелері мен кәсіпорындары және жеке секторлары арқылы 31 млрд 912 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнім­дері өндіріліп, өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда жоспар 100 пайызға орындалған. Жеке-жеке тоқ­талсақ, оның ішінде өңдеу өнер­кә­сібінің көлемі 100,3 пайызға орын­да­лып, 7 млрд 377 млн теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар бөл­шек сауда айналымының көлемі 12 айда 3 млрд 947,8 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тыр­ғанда 103,9 пайызға өскен.
Кәсіпкерлік саласы ауданның әлеу­­­меттік-экономикалық дамуының не­­­гіз­гі қозғаушы күшінің бірі болып та­бы­­лады. Сондықтан бұл саланың көр­сеткіштерінің қорытындысы ауда­ны­­мыздың даму рейтингіне әсер ет­пей қоймайды. Жасыратыны жоқ, кә­­­сіп­керлік пен жұмыссыздық мә­се­лесі қатар жүретіні бар, себебі кәсіп­керлер қа­тары арт­қан сайын, жұмыс­сыз­дар­дың саны қыс­қа­рады.

Иә, халықты жұ­мыспен қамту мә­селесі ауданда ғана емес, республика бойынша әлі де өзекті. Дегенмен қол қусырып отыруға тағы болмайды, сон­дықтан мемлекет әсі­ресе өңірлерде, ауылдарда көптеп жұмыс орындарын ашуды қолға ал­ған. Тіпті ауданда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарымыз жер­гілікті билік тара­пынан белгілі бір сала бойынша оқы­тылып, жобасы қаржылай қолдау та­уып, сол арқылы кәсіп ашып, өз ісін дөң­­гелентіп жатыр.

206 жоба қаржылай
қолдау тапқан

Статистикаға сүйенсек, аудан бо­йынша мемлекеттік және өңірлік бағ­дарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту ба­ғытында жыл басынан бері 206 жоба 4809,3 млн теңгеге қаржыландырылған. Нақ­тырақ тоқталсақ, «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында 12 жоба 868,7 млн, «Аграрлы Несие Корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы жеке қаражаты есебінен 28 жоба 715,2 млн, «Қызылорда» Өңірлік инвестциялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-ның «Микробизнес Қызылорда» бағ­дарламасы аясында 28 жоба 273,5 млн, «Агробизнес» бағдарламасы ая­сында «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 34 жоба 2377,4 млн, «Каз Агро Қаржы» АҚ және «Ком Транс Ли­зинг» ЖШС арқылы 2 жоба 16,5 млн, «Бай­қоныр ӘКК АҚ», «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 22 жоба 179,7 млн, «Аграрлы Несие Корпорациясы» АҚ-ның жастарға берілетін 2,5 пайыздық не­сие бағдарламасы арқылы 80 жоба 378,3 млн теңгеге қаржыландырылған.Оның ішінде атакәсіп мал шаруа­шы­лығында 149 жоба 1766,8 млн теңгеге, егін шаруашылығында 11 жоба 1003 млн теңгеге, ар­найы техникаларды сатып алуға 18 жоба 700,2 млн теңгеге, өңдеу са­ла­сын­да 7 жоба 361,2 млн теңгеге, қыз­мет көрсету бойынша 10 жоба 166,4 млн теңгеге және басқа да 11 жо­ба 811,7 млн теңге қаржылай қолдау тапқан.

80 жас кәсіпкер
2,5 пайызбен несие алған

Былтырдан елімізде жас­тарды қолдау және олардың кәсібінің дамуына жағдай жасау мақсатында 2,5 пайызбен несие беру басталған. Нәтижесінде бүгінде ауданда алдына мақсат қойып, кәсіппен айналысқысы келетін жас­тардың саны едәуір артты. Қолға алған ісіне жауапкершілікпен қа­раған жас кәсіпкерлердің ішінде барлығынан оза шауып, кәсіп шыңы­ның биігінен көрінгендер де жоқ емес. Қолдауға ие болған жастар ісін өрге дөңгеленту үшін тиісті қаражат көзін мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен иеленіп те жатыр. Мәселен, осы бағ­дарлама бойынша ауданнан 80 жас кәсіпкердің жобасы мақұлданып, 378,3 млн теңге несие алынған.
«Ауыл аманаты» жобасы жайында естімеген жан жоқ шығар. Аталған жобаны іске асыру ауылдық елді ме­кендерде жаңа жұмыс орындарын құ­­руға, мал мен құстың санын көбей­­туге, шағын кәсіп ашуға және азық-түлік өнімімен қамтамасыз ету­ге мүм­­­кіндік береді. Негізінен бү­гінде «Ауыл аманаты» жобасы бо­йынша қара­жат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Жо­баның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген не­сие алуында.

«Ауыл аманаты»:
22 жоба қолдау тапқан

Осы ретте «Ауыл аманаты» жо­ба­сының тиімділігі мен қаржы ұйымының талаптарын түсіндіру үшін ау­­дан әкі­мінің орынбасарлары мен тиісті сала басшылары тарапынан был­­тыр кент және ауылдық округ тұрғын­дарымен кездесулер ұйым­дас­ты­рылған. Нәтижесінде кент және 8 ауыл­дық округ бойынша «Бай­қоңыр ӘКК» АҚ арқылы өндіріс, асыл тұ­қым­ды мал шаруашылығы, қыз­мет көр­сету, өсімдік шаруашылығы бағы­тында 179,7 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылған. Жал­пы жыл көлемінде мемлекеттік бағ­дар­ламалар арқылы және жеке қа­ра­жаттар есебінен жалпы құны 1 млрд 701 млн теңгені құрайтын 16 жоба іске қосылып, 86 адам жұмыспен қам­тылған.
Өңдеу өнеркәсібіне ба­ғытталған ин­вес­тициялық жобалар пулы аясында биыл 1 млрд 30 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылған. Соның бірі «АВ-AGRO» ЖШС-ның құны 500 млн тенгені құрайтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауытында бүгінде 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында тәу­лігіне күріштен бөлек 5 тонна жем өндіріледі. Ал «Бақдәулет-57» фермер қожалығының 100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы 530 млн теңге қаржылай қолдау тапқан. Кәсіпорында алдағы уақытта тәулігіне 3 мың литр сүт өңделеді.
Мұнан бөлек биыл жалпы құны 1 млрд 241 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен құрылған Бірыңғай Жалпыұлттық жобалар пулы, Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған жобалар пулы, Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында биыл ауданда «Ер­жанов Д» кәсіпорнының жеке қа­ра­жаты есебінен құны 500 млн теңге бо­латын «Күріш ақтау және жем өн­діру» жобасы және «УНО-ПРОФ ст­рой» ЖШС-ның құны 500 млн теңгені құ­райтын «Асфальт және бетон өндіру зауыты» жүзеге асырылады.
Айта кетейік, биыл «Ауыл аманаты» жобасы бо­­йынша 450 млн теңге, жастарға же­ңіл­детілген 2,5 пайызбен берілетін не­­сие қаражатынан 500 млн теңге және «Іскер», «Агро­бизнес» бағ­дар­ламалары арқылы тиіс­ті мамандар та­­рапынан несие қара­жаттарын алу ба­ғытында ауқымды жұмыстар жүр­гі­зіледі. Бір сөзбен айт­қанда, кәсіп ашып, аудан­ның дамуына үлес қоса­мын, өңірді өр­кендетемін де­ген­дерді жергілікті билік жан-жақты қолдауға дайын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: