Алматы облысында «Alatau – 2025» халықаралық чемпионат өтті. Жеңіл атлетикадан әуесқойлар мен ардагерлер арасында өткен жарысқа елімізден өзге Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Болгария, Беларусь және Украинадан арнайы жеңіл атлеттер келген. Аталған жарысқа ауданымыздан «Наркескен» спорт клубының спортшысы Гүлдана Қаппарова қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Байрақты бәсеке елімізде биыл төртінші рет ұйымдастырылған. Жарыс халыққа салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортпен айналысуға шақырады. Жарыс жолына 18 жастан бастап, 80 жастағы қарияға дейін шыққан. Спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Олар 100 метрден 5000 метрге дейін жекелей сынға түсіп, биіктікке, қашыққа секіру, найза лақтыру сынды спорт түрлерінен өзара жүлделерді сарапқа салды.
Кейіпкеріміз Гүлдана Әділханқызы жарысқа 45-49 жас ерекшелігі бойынша қатысып, найза лақтыру, ядро лақтыру, балға лақтыру, және ұзындыққа секіруден қарсылас шақ келтірмеген. Ал 100 метрге жүгіру кезеңінде мәреге Ресей спортшысынан кейін келіп, ІІ орынға тұрақтаған. Ал Қазақстан бойынша бірінші келіп, алтын медаль иегері атанған. Сондай-ақ 40-45 жас ерекшелігіне қарай бөлінген топта ұзындыққа секіру сайысында рекорд жаңартты.
– Бұл спорт түрімен айналысып келе жатқаныма 10 жылдан асты. Жалпы жеңіл атлетика кез келген жаста қолжетімді. Бұл спорт түрі көп қаражатты талап етпейді. Менімен бірге күнде отбасым да жүгіруді әдетке айналдырған. Кешегі халықаралық чемпионатта жеңіске жететініме сенімді болдым. Өйткені ауылда жүріп тыңғылықты дайындық жүргіздім. Бұл уақытқа дейін қатысқан жарыстарымнан жиған тәжірибем бар. Жарысқа қатысуға бір ай бұрын тіркелдім. Алайда жарыс жақындаған күндері аздап сырқаттанып, әлсіреп қалдым. Десе де алдыма қойған мақсатыма жету үшін жарыс алаңына шықтым, – дейді ол.
Гүлдананы спорт саласына ең алғаш алып келген жаттықтырушы – Мақсұт Қарақұлов. Ол жеңіл атлетикадан бірнеше мәрте ҚР чемпионы атанып, әр ауыл, ауданнан жас ерекшеліктеріне қарай шәкірт шыңдаған. Білікті маман кейіпкеріміздің жүгіруге бейімділігін бірінші болып байқап, оны 26 жасынан бері осы спортқа қатыстырған. Гүлдананың қазіргі жаттықтырушысы, алғашқы ұстазы – Мақсат Қарақұловтың баласы Жандос Қарақұлов. Әкесінің жолын таңдаған білікті бапкер де бұл салаға серпін беріп, еңбек етуде.
Гүлдана Әділханқызы – бұған дейінде бірнеше спорт түрінен талай мәрте аудан абыройын асқақтатып, жеңіс төрінен көрінген спортшы. Ол – бес асықтан мұғалімдер арасында бірнеше мәрте асығы алшысынан түскен ҚР жеңімпазы.
Сондай-ақ бірнеше спорт түрін қамтитын Президенттік көпсайыстан да жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Ол – Президенттік көпсайыс бойынша Қызылорда құрамасының мүшесі. Бұл сайыс жазғы және қысқы болып екіге бөлінеді. Кейіпкеріміз жазғы сайысына қатысып, жекелей ұзындыққа секіру, лақтыру, қашықтыққа жүгіру сынды сайыстардың жеңімпазы атанған. Қызылорда облысының аудандары арасында өтетін «Алтын күз» спартакиадасынан жеңіл атлетика бойынша 15 жылдан бері жеңімпаз атанып келеді. Ол тек жеңіл атлетикамен ғана емес, дзюдо спортымен де айналысады. Бұл спорт түрінен ҚР спорт шеберіне үміткер. Әкесінің қолдауымен бастапқыда каратэ, таеквандо, одан кейін дзюдоға келген. Қазіргі таңда Мәдениет ауылындағы №14 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 15 жылдан бері шәкірт шыңдауда. Ол 22 ауыл баласын жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөліп, аталған спорт түрі бойынша дайындайды. Оның шәкірттері бүгінде үздіктер қатарынан көрініп, чемпионаттарда бақ сынауда. Биыл 2 шәкірті спорт шеберіне үміткер атағын орындаған. Сондай-ақ олар чемпионаттармен қатар халықаралық турнирде де топ жаруда. Аядай ғана ауылдан дзюдо спорты бойынша ҚР чемпиондары мен Азия чемпиондарын шығарған білікті бапкердің еңбегі зор.
Мұнан бөлек оның шәкірттері қашыққа жүгіру сайысына да тұрақты түрде қатысып, «Ең үздік жүгіруші» номинациясын иеленген. Әрине, жеңістің үлкен еңбекпен келетіні айтпаса да белгілі. Мойынға тағылған медальдың артында қаншама тынымсыз еңбек, үздіксіз жаттығу мен сенім артқан жақындарының қолдауы тұр. Ол өзін осы спортқа баулып, жарысқа дайындаған жаттықтырушыларына, қолдаған жақындары мен демеушілерге алғысын жеткізді.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!