Жасөспірімдер арасында қылмыс көбейді. Талғардағы 16 жастағы оқушының адам қолынан қаза болуы қоғамдағы бүгінгі жағдайдың күрделеніп кеткенін анық көрсеткендей. Әрине, мұндайда «Заң осал ма, әлде қоғам осындай деңгейге жетті ме?» деген заңды сұрақ туады. Бұған не себеп болуы мүмкін? Жасөспірімдердің теріс жолға түсуіне кім кінәлі, ата-ана ма, мұғалім бе, әл де өскен ортасы ма? Тарқатайық…
4919 бала
түрмеге тоғытылған
Соңғы үш жылда кәмелеттік жасқа толмаған 5 мыңға жуық бала ауыр қылмыстар жасаған. Жалпы балалар арасында күн сайын 5 қылмыс жасалады екен. Ал Бас прокуратураның мәліметінше, биыл 9 айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 4,1 пайызға артқан. Соның ішінде Ұлытауда 77,8, Астанада 54,3, Павлодарда 50, Атырауда 38,9, Солтүстік Қазақстанда 16,7, Алматыда 14,6, Маңғыстауда 14,3, Шымкентте 13,6 пайызға артқан. Сорақысы, кәмелетке толмаған мектеп оқушылары арасында жасалған қылмыс саны 93,8 пайызға көбейген. Яғни жасөспірімдердің қатысуымен 512 ұрлық, 121 тонау, 94 бұзақылық, 66 алаяқтық қылмыс орын алып, 60 қылмыс бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірілген.
Соңғы 3 жылда қылмыстық жауапкершілікке 4919 кәмелетке толмаған жасөспірім тартылған. Жасөспірімдер жасаған қылмыстардың негізгі түрлері – ұрлық, тонау, бұзақылық, алаяқтық, есірткі және жыныстық қатынасқа қатысты. Алаяқтық пен есірткі қылмыстарын жасауда ұсталған жасөспірімдер саны да айтарлықтай өскен. Ел тұрғындарының үштен бірін жастар құрайтынын ескерсек, бұл – дабыл қағарлықтай көрсеткіш.
Балалар қылмысының былай өсу себептерінің бірі – «тәуекел тобындағы» кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуы және олардың сабақтан тыс бос уақытының көп болуы. Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың жалпы санының 48 пайызы немесе жартысы оқымағандар мен жұмыссыздарға тиесілі. Яғни 9 сыныптан кейін оқуын жалғастырмаған балалар арасында қылмыс жиілеген.
345 азамат ата-ана
құқығынан айырылған
Биыл бала тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 84 мың заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 345 адам ата-ана құқығынан айырылған. 125 кәмелетке толмаған жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мектептерге жіберілген. Еліміздің Жамбыл, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласында осындай 4 арнайы мектеп болса, оларда 161 бала бар. Ал Абай облысындағы ерекше режимдегі арнайы мектепте 13 бала білім алуда.
Отбасы – тәрбие институты. Бала балалық шағында отбасынан не алса, оны кейін өмір бойы есінде сақтайды. Өйткені үйде бала ең алдымен өзінің мінез-құлық нормаларын қалыптастырып, ортамен қарым-қатынасты игереді. Жасөспірімдер кезеңінде ата-аналар қандай қателіктер жібереді? Баланың психологиялық дамуына ата-ананың мінез-құлқы қаншалықты ықпал етеді? Жуырда осы және өзге де сұрақтардың «Бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі» тақырыбында сала мамандарының қатысуымен өткен баспасөз алаңында түйіні тарқатылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің жанынан құрылған сарапшылар тобының, психологтардың, мұғалімдердің пікірінше, бала тәрбиесіне отбасындағы жағдай ерекше әсер етеді екен.
– Әрбір ата-ана бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті естен шығармауы керек. Бала үшін алғашқы ұстаз – ата-ана, одан кейін білім беру ұйымдарындағы мұғалімдері. Кез келген бала жасаған тәртіпсіздігі мен басына түскен қиындығын ата-анасына қорықпай жеткізе білуі керек. Ата-анасы баланың мінсіз болғанын қалап, дауыс көтеріп ұрыса беретін болса, бала ешқашан ата-анаға ашылып әңгімесін айтпайды. Өйткені олар жазаланудан қорқады. Сондықтан жасөспірім кезінде баламен дұрыс қарым-қатынас орнату маңызды, – дейді облыстық «Орда» жоғары колледжінің әдіскері, сарапшы Айнұр Бекенова.
Билік бұған не дейді?
Түркістан облысы Келес ауданында жаппай төбелес салдарынан 9 сынып оқушысы қайтыс болды. Ақтөбеде топ бала 16 жастағы оқушыны тепкілеп өлтірді. Талғарда 1 құты сыра үшін ересек адамдар жасөспірімді қаза қылды. Зайсанда қыздар аяусыз төбелесіп жүрсе, Қызылордада 1000 адам оқушы қызды жылдар бойы зорлаған. Мұндайда жазаны бір адамның мойнына ілмей, оқиғаға қатысы бар қаныпезердің бәрі жазалануы тиіс. Ол үшін әрине, заң да осал болмауы керек.
Осы орайда халық қалаулысы Магеррам Магеррамов кәмелет жасқа толмағандар арасында қылмысты азайту мақсатында кейбір істер бойынша қылмыстық жауапкершілік жасын төмендетуді ұсынған. Өйткені кей агрессор балалар жасына байланысты жасаған қылмысы үшін жазасыз қалып жатыр.
– Мектеп баланы қоғамға бейімдеудің алғашқы баспалдағы екенін ескерсек, өскелең ұрпақтың деструктивті мінез-құлқының алдын алып, оны уақытылы түзеу ұстаздар қауымының ғана қолынан келмек. Мектептегі зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жою керек. Бірақ бүгінде кішкентай қылмыскерлер жасының жетпеуіне байланысты жазасыз қалып отыр. Бәлкім кейбір қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық басталатын жастың шекті мәнін қайта қарап, жауапкершілікті 14 жастан емес, 12 жастан белгілегеніміз жөн болар, – дейді ол.
Алайда Үкімет басшысы Мәжіліс депутатының бұл ұсынысын қабылдамады. Олжас Бектеновтің пікірінше, бұл жаста балалар өз әрекетінің қоғамға қауіп төндіретінін толық түсінбейді. Яғни бұл балаларды қорғау мен тәрбиелеуге қатысты құқықтық және гуманистік көзқарастарға қайшы келеді. Сондай-ақ әлемдік тәжірибе бойынша Германия, Жапония, Ресей, Финляндия және Ұлыбританияда қылмыстық жауапкершілік 14-15 жастан басталады екен. Мысалы, Жапонияда Білім министрлігі балалар үшін қауіпсіз ортаны құру үшін ересектердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған арнайы «қорқытуға қарсы кеңес» құрған. Педагогтерден қорлаудың әрбір жағдайына барынша қатысу және мұқият қарау, психологтар балалардың психоэмоционалдық жағдайына кәсіби қолдау көрсету, ал ата-аналар мен қамқоршылар қорлаудың алдын алу үшін мемлекеттік жүйемен белсенді түрде әрекеттесу талап етіледі.
10 мектепке 1 инспектор
Жақында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі де Үкімет отырысында аталған мәселеге үн қатты. Оның айтуынша, оқушылардың теріс қылыққа жиі баруына әлеуметтік желі, фильмдер, телевизиялық контенттер, сондай-ақ мектептегі жағдай да әсер етеді. Яғни мектептегі тәлімгерлер айлығының төмендігінен жасөспірімнің тәрбие ісіне селқос қарайтындары жеткілікті екен.
Оның айтуынша, масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессияның насихатталуы қатыгездікті өршіте түсуде. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралатын ойындар жастардың танымы мен талғамын ғана емес, таңдауы мен тағдырын да қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейірін сезінбеу, отбасындағы түрлі кикілжің мен «травма», білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социализация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз. Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз, сондықтан тәрбие ісіне жіті көңіл бөліне бермейді. Орташа 10 мектепке бір инспектордан келеді екен. Өз сауалында осыларды тілге тиек еткен сенатор ел болашағына алаңдаушылық білдіретінін айтып, Үкімет басшысына ұсыныс білдірді.
– Ойымызды сабақтай келе мынадай ұсыныстар береміз. Алдымен тәрбие жұмысын жандандыру, мектеп инспекторларын көбейту, «Жас ұлан» сияқты ұйымдардың жұмысын трансформациялау қажет. Одан соң балалар және жастар контентіне баса мән беру керек екені жіті айтылып келеді. Сонымен қатар Жастар ресурстық орталықтарының қаржылық жағдайын жақсарту, аймақтарда Комьюнити орталықтарын ашуымыз керек әрі жастар саясаты бойынша басқармаларды барлық өңірлерде қайта құруды ұсынамын. Мұнан өзге орталық және аймақтық атқарушы органдардың жұмысын жүйелеу үшін Жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін күшейту керек. Отбасы, демография және жастар ісімен арнайы Агенттік айналысатын Германия, Финляндия, Малайзия сияқты көптеген озық елдердің тәжірибесін де ескеру қажет, – деді сенатор.
600 мың жасқа
3 қызметкер жауапты
Шыны керек, жастар мәселесі түрлі министрліктің құзыретіне бөлініп кеткен. Салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымдары жоқ. Бес облыста ғана арнайы Жастар саясаты басқармасы бар, қалған облыстарда қысқарып кеткен. Мәселен, кей аймақтарда 600 мыңнан астам жаспен 3 қызметкер ғана айналысады. Жалақысы небәрі 70 мың теңге болғандықтан Жастар ресурстық орталықтарында білікті кадрлар ұзақ тұрақтамайтын көрінеді. Көптеген өңірде жеке ғимараты жоқ бұл орталықтарда 318 орын бос тұр. Жасыратыны жоқ, орталықтағы мамандар жастармен емес, әкімдіктегі лауазымды адамдардың құжатын тасып, жиналысқа масса болып, ересектердің көңілінен шығумен әлек. Оған қоса жастарды біріктіретін республикалық деңгейдегі ұйымдар да жоқтың қасы.
Иә, барлығын жоққа шығаруға да болмайды. Жақында аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық жастар ресурстық орталығы және «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ақтерек» сауықтыру лагерінде «Ауылға барамын» жобасы өткізілген. Жобаның мақсаты жастарға ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық ойындарымызды дәріптеу, аудан жастарының ауызбіршілігін нығайтып, жаңа орта қалыптастыру болып табылады. Шара барысында жастар шаруашылық жұмыстарымен, оның ішінде ер балалар қой сойып, жіліктесе, қыздар жағы табаға нан пісіріп, ошаққа ас әзірлеп, қамыр жайып, күбіге айран піскен. Мұнан кейін жастар гір тасын көтеру, арқан тарту сынды спорттық сайыстарға қатысып, өзара бақ сынасқан. Міне, осындай форматтағы шаралар тек жылына 1-2 рет емес, жиі ұйымдастырылып тұрса, жастардың ойы жақсы жаққа бет алатын еді.
Жалағаштық 4 жасөспірім
бейімдеу орталығында
Қуантарлығы, аудандағы ахуал тұрақты. АПБ ЖПҚБ ЮПТ полиция қызметкерінің айтуынша, ауданда соңғы 9 айда жасөспірімдер арасында 222 тәртіп бұзушылық орын алған. Облыс орталығындағы бейімдеу орталығына 4 жасөспірім орналастырылған.
Жауапты мамандардың айтуынша, ауданда профилактикалық жұмыстар аясында аудан әкімдігі, аудандық прокуратура, аудандық қоғамдық даму бөлімі, жастар ресурстық орталығы, полиция бөлімі, аудандық білім бөлімі, ерікті жастардың қатысуымен түнгі рейд жұмыстары ұйымдастырылады. Кенттегі халық көп шоғырланатын орындар мен ойын-сауық орталықтарында нысан иесі мен тұрғындарға заң талаптарын түсіндіру және алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Өйткені жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар және жастар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында рейдтік жұмыстардың маңызы зор.
– Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуіне әлеуметтік те, психологиялық та факторлар әсер етеді. Бұл жерде ең бірінші отбасындағы тәрбиеден бастау керек. Ата-аналар қазір көбісі жұмысбасты, отбасының жағдайын, балаларының болашағын жасаймын деп, тіпті балаларымен дұрыс қарым-қатынас жасауға, оларды қадағалауға уақыты болмай жатады. Жалпы жаза қолданғаннан алдын алған абзалырақ. Осы орайда мектеп ұжымы оқушыларға түзу жолды көрсету мақсатында түрлі танымдық, рухани, тәрбиелік шараларды жиі ұйымдастырамыз. Мәселен, «Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев», «Бауыржан Момышұлының ерліктері» секілді тақырыптарда тәрбие сағатын өткіземіз. Мақсатымыз – ірі тұлғалардың өмір жолынан мәлімет беру, ерліктерін насихаттау, оқушыларды шығармашылыққа, баулу, елін, қорғауға, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, – дейді аудандағы №31 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бахтияр Мұратбек.
Түйін: Білім алып, бәсекеге қабілетті болар шағында жауыздықпен жан бағып, болашағына балта шапқан жасөспірімнің көбейгені – әрине, қоғамның қасіреті. Бір-біріне қол жұмсамақ түгілі, қатты дауыс көтермеген қазақ елі бүгінде мұндай халге қалай душар болды? Әрине, «ештен кеш жақсы», жастардың тәрбиесін әуелі ата-ана, кейін құзырлы органдар дереу қолға алмаса, «қолымызды мезгілінен кеш сермейтініміз» анық.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!