Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 02:37

Таңдау жасау – азаматтық парыз

08.11.2022

594

0

Кезектен тыс өткізілгелі жатқан Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы да жақындап қалды. Нақтысын айтсақ, 12 күн қалды. Орталық сайлау комиссиясынан бөлек, барлық өңірлерден аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары құрылып, жалпыхалықтық дауыс беруді дайындау және өткізу мәселелері пысықталып жатыр. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы өңірлерді аралап жүр. Мақсаты – сайлаушылардың тізімдерін нақтылау, ұйымдастыру, материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі жандарға сайлауға қатысуға жан-жақты жағдай жасау, сайлау бюллетеньдерін қадағалау сияқты әзірлік жұмыстарымен танысу.

Президент сайлауына үміткер ретінде ұсынылып, тіркелген 7 үміткер де халыққа өз бағдарламаларын таныстырды. Қоғам­ның әр саласында, әсіресе әлеуметтік желілердің бүгінгі басты тақырыбы – сайлау. Сайлауға қатысты сан түрлі пікір білдіріп жатыр. Пікір қайшылықтары да бар. Бірақ солардың көбі айналып келгенде бір арнаға тоғысады. Яғни ел тұрғындарының дені Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдап дауыс беретінін айтады. Әрине бұл алдағы сайлауда кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев басым дауыс жинап, Президент болады деген сөз емес. Бәрін алдағы сайлаудың қорытындысы көрсетеді. Тек бұл біздің әлеуметтік желіні бір шолып шыққанда байқаған сайлау алдындағы халықтың жеке пікірлері ғана.

Жаңа Қазақстанды құруды мұрат тұтқан Президенттікке үміткерлер сайлаудың барынша демократиялық жолмен әділ әрі белсенді түрде өтетініне сенімді. Елімізде сайлау барысын байқау­шы комиссиялар да құрылды және демо­кратиялық мемлекеттердің заңына сәйкес, шет мемлекеттерден де байқау­шылар келеді. Әрине жергілікті және халықаралық байқаушылар заңнамада көрсетілгендей, сайлаудың еркін және ашық сипатын, демократиялық сайлау саласындағы халықаралық қағидаттар мен міндеттемелерге сәйкес болуын қадағалап, сайлау үдерісінің ашық әрі әділ өтуіне үлес қосады.


– Қазірде еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Мемлекет басшысы сын сағатта маңызды шешімдер қабылдап, батыл қадамдар жасады. Соның нәтижесінде ел дамуын жеделдететін бағдарламалар қабылданды. Енді соларды жүзеге асыру мақсатында жұмыстар жасалып жатқанын естіп, көріп қуанудамыз. Жуырда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына жаппай қатысуға халықтың белсенділігі жоғары деп ойлаймын. Қазір ешкім елдік істерге бейжай қарамайды және саяси науқандардың кезінде де бейтарап қалмайды. Халықтың саяси санасы қалыптасқан. Оған куә болып жүрміз. Қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде тұрғындарды алдағы сайлау толғандыратынын өзара әңгімелерінен байқауға болады. Ал біз 20 қараша күні отбасымызбен сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымызды жасаймыз және бұны Қазақстан азаматы ретіндегі міндетіміз деп білеміз, – дейді аудан тұрғыны Мира Қираева.


Әрине алдағы сайлауға қатысу немесе қатыспау және таңдау жасау еліміздің әрбір азаматының өз еркінде. Әйтсе де, біз үміткерлерді таңдау арқылы еліміздің болашағын қалыптастыратынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан алдағы саяси науқан барысында барынша саяси ахуалды сараптап, болашақты бағамдап, белсенділік таныту әрбірімізге жүктелген жауапкершілік екенін естен шығармайық. Өйткені біз осы сайлауда құқығымызды пайдалана отырып, жасаған таңдауымыз арқылы бір адамның емес, бір елдің келешегіне жол ашамыз. Ол біз үшін ғана емес, ертеңгі ұрпағымыз үшін керек. Әділетті, жаңа Қазақстанда барлығы халық таңдауымен ғана шешілетініне сенеміз. Әрбіріміздің дауысымыз маңызды және бұл – біздің азаматтық парызымыз.

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: